"ТЕГІН ТАМАҚТАНДЫРАДЫ": БАЛАЛАРДЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕЙТІН БАЛАБАҚША

Уақыты: 01.10.2019
Оқылды: 1976
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазір еліміздің барлық өңірлерінде бүлдіршіндерді балабақшамен қамтамасыз ету ісі жүйелі қолға алынып, мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде мектепке дейінгі мекемелер жұмыс істеп жатыр. Орта мектептердің жанынан да шағын балабақшалар мен яслилер ашылуда. Бұл, ең алдымен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жергілікті биліктің екіжақты әріптестікке баса назар аударуы ке­рек­тігін айтқан тапсырмасынан туындағаны белгілі. Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылында жұмыс істеп жатқан «Аби-Алихан» балабақшасы осы міндет үдесінен шығып отырған мекеме.

2014 жылдың желтоқсан айында Тұңғыш Президент күніне орай ашылған балабақшаның жұмысын жеке кәсіпкер Наурызбаевтар отбасы жүргізіп отыр. Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізетін балабақша ең алдымен ҚР Конституциясын, «Білім туралы», «Тіл туралы» Заңдарын және ҚР Үкіметінің мектепке дейінгі мекемелерге арналған актілерін, балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау нұсқауларын, жалпы білім беру стандартын, «Балбөбек» бағдарламасын негізге алып, 4-6 жас аралығындағы сәбилерге әріп танытып, біліммен сусындату жұмыстарын жүргізуде.

«Аби-Алихан» балабақшасында жыл сайын 70-ке жуық бала тәрбиеленіп, үш тілде білім алуда. Қазақ-орыс топтарының ересек балаларына ментальді арифметика курсы оқытылатын балабақша заманауи құрал-жабдықпен жабдықталған. Сонымен қатар, тәрбиешілер жоспарға сай сабақтар мен ертеңгіліктерді интерактивті тақта секілді көрнекіліктерді пайдалана отырып, ұйымдастырады. Ал балалардың жатын бөлмелеріндегі ауа сағат сайын ауыстырылып, кварцпен тазарту тұрақты өткізіліп тұрады. Балалардың серуендеуіне және дене тәрбиесімен айналысуына арналған алаңдар қажетті жабдықпен жабдықталған. Аулаға тігілген ұлттық нақыштағы киіз үй балалардың демалуына, ертеңгіліктер және мерекелік іс-шаралар өткізуге пайдаланылады. Осының өзі әрбір баланың бойындағы патриоттық сезімнің оянуына септігін тигізері анық.

Одан бөлек, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларын тегін тамақтандыру қолға алынуда. Осыған байланысты балабақша меңгерушісі Роза Наурызбаева:

– Мұқтаж отбасылардың балаларын тегін тамақтандыру ісі әрқайсымызды айналаға мейіріммен қарап, қайырымдылық жасауға жетелей түседі. Оны балабақша тәрбиешілері мен балалардың өзінен анық байқап жүрміз. Өйткені, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына көрсетілген ықылас-пейіл әрбір тәрбиешінің жүрегін жұмсартып, балаларға жанашырлықпен қарауды үйретіп жатыр, – деп адами қарым-қатынастың бастауында қайырымдылық жатқанын ұғындырды. – Тіпті, балалар арасындағы байланысты, достықты нығайтып, әр бүлдіршін өзінің қасындағы балаға басқаша қарай бастады. Соған орай балаларды тасымалдау ісін тұрақты жүргізуді қолға алып жатырмыз. Бұл, ең алдымен, сәбилердің қауіпсіздігін ойлаудан туындап отыр. Әйтпесе, мемлекеттік қызмет атқаратын ата-аналар мен балаларын жеткізуге мүмкіндігі жоқ отбасылар өз баласын әкетуге уақыт таба алмай жатады, – дейді.

Мемлекет-жекеменшік әріптестігіне сай балабақшаға ай сайын әр балаға бюджеттен 30150 теңге бөлініп, оқыту-тәрбиелеу қызметіне жұмсалып тұрады. Осындай адал әрі шынайы қызметтің арқасында «Аби-Алихан» балабақшасының ұжымы аудандық, облыстық «Үздік балабақша» байқауынан 2017 жылы жүлделі 3-ші орынды жеңіп алған болатын. Балабақша меңгерушісі Роза Наурызбаева, тәрбиешілер Әсел Қырықбаева, Айнұр Саркеева, Гүлмира Молотова былтыр ұстаздар мерекесіне орай Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен марапатталды.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Ұйғыр ауданы