ӨНДІРІСІ ӨРКЕНДЕГЕН ӨЛКЕ

Уақыты: 06.10.2019
Оқылды: 1674
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазақ жерінің қай пұшпағы да қасиет пен киеге толы екені даусыз. Десек те елінің еркіндігі мен жерінің тұтастығы үшін жан аямай күрескен батырларды, ауызымен құс тістеген ақындар мен ұлттық өнеріміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан дарынды тұлғаларды бесігінде тербеген Қарасай жерінің алар орны бір бөлек. Міне, осы қасиетті Қарасай ауданы бүгінде тоқсанның шыңына шығып отыр! 

Өлкенің тарихына көз жүгітер болсақ, Қарасай ауданы 1929 жылғы 31 қаңтарда құрылып, алғашқы атауы Ленин, кейіннен Калинин болған екен. Ал, 1935 жылы Қаскелең ауданы болып өзгертіледі. Еліміз тәуелсіздікке  қол жеткізген тұста, 1998 жылдың 3 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Қаскелең ауданы елінің еркіндігі мен жерінің тұтастығы жолында Жоңғар басқыншыларына қарсы күрес жүргізген қолбасшы Қарасай батырдың құрметіне Қарасай ауданы болып өзгертілді. Бүгіндері аудан аумағында 1 қала, 10 ауылдық округ бар.   Мұндағы  47 елді мекенде 272,400  адам өмір сүріп,  30 ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті тірлік кешуде. 
Бұл өлкенің тағдыр-тарихы да айта қаларлық. Ежелгі Қытайдың, парсының және гректің тарихи жазба деректеріне қарағанда біздің заманымызға дейінгі VII-IV ғасырларда Орта Азия өңірін Сақ тайпалары мекендеген. «Бұл сақтардың «Шошақ төбелі тымақ киетін сақтар» (тиграхауда сақтары) деп аталатын тайпаларының орналасқан жерінің орталығы Іле алқабы мен Жетісу өңірі болған. Біздің жыл санауымыздан бұрынғы ІV-ІІІ ғасырдың шегінде бұрынғы сақ тайпаларының одағы ыдырап, оның орнына үш тайпалық одақ –Үйсін, Қаңлы және Аландар одағы құрылды», – дейді ғылыми деректер. 
Өзіміз өмір сүріп отырған Қаскелең және Шамалған өңірі бір кездегі Орта Азиядағы іргелі мемлекет болып дәуірлеген Үйсін мемлекетінің ортасында тұр. Қазіргі кезде айтып жүргендей, негізгі тұрғындары Ұлы жүз немесе Үйсін тайпасынан тұратыны бәрімізге белгілі. 
Үйсіндер б.з.д. ІІ ғасырдан бастап халықтардың Ұлы қоныс аударуы нәтижесінде Іле өзені алқабы мен Жетісу өңірінде ірге теуіп, бұдан бұрын осы өңірде өмір сүрген сақ тайпалары және ұлы жүз (ұлы иозы) тайпаларымен тоғысып, қазақ халқының  арғы  тегін  қалыптастырды. Үйсіндер б.з.д. 170-160 ж.  Іле өзені алқабында құдіретті мемлекет құрып, оңтүстігінде қытаймен, батысында қаңлылармен өте тығыз саяси-экономикалық және мәдени байланыстар орнатқан. 
Кемеліне келіп дәуірлеген кезінде үйсін елінде 120 мың түтін, 630 мың адам, 188 800 атты әскер болған, осы себепті қытай тарихшылары «Үйсіндер батыс өңірдегі мейлінше құдіретті мемлекет» деп жазған.
Археологиялық қазбалардан табылған заттық деректерге қарағанда ежелгі заманда Жетісу жерін мекендеген үйсіндер жартылай көшпелі, жартылай отырықшы ел (егінші) болған. Олардың отырықшы – егінші аудандары Іле, Шу, Талас өзендерінің бойында болған. Бұл туралы дәлел-деректерді ғалым А.Н. Бернштам Алматы облысынан табылған заттай деректер арқылы растайды. Ол Алатау бөктерінде ірі-ірі ежелгі үйсін заманының молалары болғандығын, соның ішінде Ұзынағаш, Қарғалы, Шамалған, Қаскелең және Кіші Алматы бойындағы ежелгі молалардың көптігі осы өлкеде халықтың сол кезде тығыз қоныстанғандығын білдіреді дейді.
Осынау жұмақ мекенді ұрпақтарына аманаттау үшін кешегі бабаларымыз нелер зұлматты басынан кешірмеді десеңізші?! Ауданға аты беріліп отырған Қарасай батыр, Наурызбай ноян бастаған баһадүрлер ат үстінде тірлік кеше жүріп, осы жердің азаттығы үшін жан аямай күрескені белгілі.
Аманатқа адалдық танытқан алғыр ұрпағы ғасырлар бойы туған жерлерін көзінің қарашығындай сақтап, тәуелсіздік таңына да жеткен болатын. Бүгіндері Қарасай жері –  өндірісі дамыған, тұрмысы түзелген, мәдениеті мәйекті іргелі аудандардың бірінен саналады.  Осы өлкеде жүйе құраушы  ірі заманауи өндіріс орындары бой көтеріп, шағын және орта бизнеске тиесілі кәсіпорындар индустриалды-инновациялық жобаларды жүзеге асыруда. Бұл өз кезегінде өндірісіміздің өрге тартып, халықтың әлеуметтік ахуалының артуына септігін тигізіп келеді.
Ғылым атаулының атасы  философия «Болмысты тұрмыс билейді!»  дегенді айтады. Осы жағынан келгенде Қарасай ауданының экономикасы облыстағы жетекші орынға шығып, жыл өткен сайын халықтың тұрмыс-ахуалы арта түсуде. 2017 жылы мұнда бюджетке 32 млрд. теңге түскен болса, былтыр бұл көрсеткіш 49 млрд-қа жетіп отыр. Ал биыл 55 млрд. теңгеге жетеді деп күтілуде. 
Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 195,0 млрд. теңгені құрап, облыстағы өнеркәсіп саласының  33 пайызын қамтамасыз етті. Бұл жерде аудандағы 18 ірі кәсіпорынның 16-сы сапа менеджменті және халықаралық стандарт ИСО жүйесі сертификаттарына ие болды. Ауданда 7 жүйе құраушы кәсіпорын жұмыс істеуде.
Бәсекеге қабілетті агро- өнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында ауылшаруашылығы саласында атқарылған тиімді жұмыстардың нәтижесінде бұл салада өндірілген өнімнің көлемі 25 млрд. теңге болып, облыстағы үлес салмағы 7,5 пайызды құрады.Үстіміздегі жылдың қаңтар – тамыз айларында 13,2 тонна ет, 50,4 мың  тонна сүт, 191 млн. дана жұмыртқа тұтынушыларға жол тартты. Соңғы үлгідегі заманауи технологиямен жабдықталған жылыжайлар бой көтеріп, Алматы қаласының сенімді азық-түлік белдеуіне айналуда.
Бүгіндері Қарасай ауданында шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын 14 400 нысан тіркелген. Сондай-ақ, 2526  шағын кәсіпорын, 9918 жеке кәсіпкер, 1956 ауылшаруашылығы құрылымдары ауданның экономикалық өркендеуіне өз үлесін қосуда. Бүгінгі күні шағын кәсіпкерлікте 67 мыңға жуық адам еңбек етіп, бюджет қоржынына 11,5 млрд, теңге қаржы құйып келеді. Жүйе құраушы ірі өнеркәсіп орындары жеке әңгімеге өзек боларлықтай. Бір ғана Елтай ауылдық округінде «Эфес Казахстан»  сыра өндіретін зауыты, «Кока Кола» Алматы Ботлерз ЖШС, «Азия Газ NG» ЖШС, «Эйкос» ЖШС, «Пласт-Инжиринг» ЖШС, «Алматы Стекло», «Cristal Pure Glass»  ЖШС, «Q-Recycling» ЖШС, «Жаркент Газ Сервис» ЖШС, «RG BRANDS» ЖШС, «SUNAGRO» ЖШС, «Unimaster Agro» ЖШС, «ECOFILDS» ЖШС, «ECOFILDS» ЖШС6, «ECOCULTUR» ЖШС, «Ал-матинский продукт» ЖШС, «AURORA AGRO» ЖШС, «Terra Nova» ЖШС, Полимерлі технологиялық жүйелер» ЖШС, «Алматы тері өңдеу зауыты» ЖШС,  «Kaz Eco Food» ЖШС, «Holland Green Tech»  ЖШС, «Clever Medical» ЖШС, «Kelun-Kazpharm» (Келун-Казфарм) ЖШС, «Қарасай машина жасау зауыты» ЖШС, «ОУСА Альянс» ЖШС жұмыс жасайды. Ал, биыл жылына 1200 тонна дайын өнім өңдейтін, 81 жұмыс орнына арналған «Қалқан – 7» металл өңдеу зауыты мен профнастил, металл жабынды өнімдерін өндіретін  «Болашақ Қаз Металл» кәсіпорны іске қосылды. Сол сияқты, Қаскелең қаласында 900 адамға жұмыс беріп отырған «Хамле» фабрикасы, 700 жұмысшы еңбек ететін «Алматы қағазы» кәсіпорны бүгіндері өз өнімдерін елімізбен қатар алыс-жақын шетелдерге шығара бастады.
Инвестиция саласы бойынша негізгі капиталға 57,2 млрд. теңге тартылып, облыс бойынша 18,7 пайызды құрап отыр.  Аудандағы тұрғын үйлерді пайдалануға беру, құрылыс жұмыстарын жүргізу, бөлшек тауар айналымы  көрсеткіштері де ауыз толтырып айтуға тұрарлық.
Халықты жұмыспен қамту  Қарасай ауданында басым бағыттардың бірі болып қала бермек. Осылайша, жыл басынан 2514 адам өтініш білдірсе, бүгінгі күнге 1027 адам жұмысқа орналастырылған.  Жыл ішінде 2345 жаңа жұмыс орнының ашылуы бұл мәселені оңды шешуге мүмкіндік береді.
Соңғы уақыттары көпбалалы, аз қамтылған отбасыларына және мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек беру үрдісі бастау алуда. Бұл игілікті шарадан Қарасай ауданының меценаттары да шет қала қойған жоқ. Осылайша Қаскелең қаласындағы «Қарлығаш» ықшамауданында қайырымды жандардың көмегі есебінен әлеуметтік осал топтарға екі пәтердің кілті табыс етілді. Баспананың бірін «Еламан» ЖШС-і құрылыс компаниясының басшысы Ерғали Миразов үшем босанған көпбалалы отбасына тарту етсе,  аудандық мәслихаттың депутаты, «Таусамалы Қызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Бауыржан Айнабеков өз атынан мүгедек балаға бір бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Мұның сыртында «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша Қаскелең қаласынан аз қамтылған, көп балалы отбасыларына 5 пәтер берілсе, тағы да 8 үйді ауылдардан қамтамасыз ету жоспарлануда.
«Еліміздің болашағы – жастар!» деген ұранды жиі қолданып жүргеніміз рас. Ал сол жастарға лайықты білім мен тәрбие беру үрдісі көңіл көншітеді ме?! Бұл бағытта Қарасай ауданындағы  54 орта мектепте 57 мың 388 оқушы  білім алуда.  Ішкі миграция мен демографиялық өсімге байланысты балалардың саны да артып келеді. Бұл өз кезегінде оқушылар санын көбейтіп, үшауысымды мектептердің пайда болуына ықпал етуде. Бүгіндері ауданда 11 үшауысымды мектеп жұмыс жасайды. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында биыл Керімбеков және Мәметова атындағы орта мектепке 300 орынды, Абай ауылындағы орта мектепке 600 орынды жапсаржай салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, екі мектептің жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Қалған 4 мектептің мәселесі де таяу жылдары шешілмек. 
Бұл жерде осындай әлеуметтік құрылыстарға жер дайындау күрделі мәселе екенін айта кеткен орынды. Себебі, елді мекендер бір-біріне өте жақын орналасқан, жердің барлығы жекеменшіктің үлесіне  өтіп  кеткен ауданда мектепке арналған  жерді айқындау қиынға соғады. 20 мың тұрғынға арналған «Асыл арман» тұрғын үй кешенін жобалау кезінде мектеп пен балабақша және аурухана нысандарын назардан тыс қалдырудың нәтижесінде бүгіндері  1,5 мың баланы тасымалдап оқытуға мәжбүр болуда. Алайда, бұл жерде мектеп құрылысына қажетті жер табылып, бүгіндері мердігерлері анықталуда.
Ауданда денсаулық сақтау саласы бойынша 1 аудандық,      2 ауылдық аурухана, 8 медициналық бөлімше, жұқпалы аурулар  ауруханасы және жекеменшік денсаулық сақтау мекемелері халыққа қызмет көрсетіп келеді. Бұл саланы алдағы уақыттары дамытуға ауқымды шаралар жоспарланған. Сол сияқты, Мәдениет саласы, автокөлік  жолдары,құрылыс саласы бойынша айта қаларлық игілікті істер жетерлік.
Қарасай ауданындағы өзекті мәселенің бірі –  елді мекендерді  ауызсумен қамтамасыз ету болып келгені белгілі.  Осы орайда Қаскелең және Казачка өзендерінен су алатын жалпы сметалық құны 9,4 млрд. теңгелік «Қаскелең су топтамасы» жобасының бірінші кезеңі аяқталуға жақын. 23+1» деп аталатын бұл ірі жоба жүзеге асырылғаннан кейін Қаскелең қаласы мен Қырғауылды, Жаңатұрмыс, Абай, Долан, Шамалған, Жандосов және  1-ші Май ауылдық округтеріне қарасты ауылдардың бәрінде ауызсу мәселесі толығымен шешімін табады деп күтілуде.
Қарасай жері еліміздің мәдени үрдісіне де елеулі үлесін қосуда. Ауданнан шыққан айтулы ақындар мен жазушылар, күміскөмей әншілер мен ғалымдар барша жұртшылықтың  мақтанышына айналған. Ал, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бой көтерген «Анаға құрмет» мұражайы, «Батыр бабалар» мемориалдық музейі, еліміздің тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Атамекен»  тарихи-мәдени орталығы еліміз бойынша қайталанбайтын бірегей мәдени ошақтар болып саналады.
Тәуелсіздік туы астында бейбіт  өмір сүріп  жатқан қарасайлықтар ортақ Отанымыз – Қазақстанның дамуына сүбелі үлесін қосуда. Ауданның 90 жылдық мерейтойына да толағай табыстармен келіп отырғаны аян. Алайда, мұндай айтулы шаралар  тек би билеп, ән салып, дастарқан басында тілек айтумен шектелмесе керек. Осы орайда ауданда «90 жылдыққа – 90 шара» бағдарламасы бекітіліп, біршама жұмыстар атқарылды. Солардың қатарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген «Іскер адам – ел тірегі» атты форум, «Өзгерісті өзіңнен баста» деп аталатын мемлекеттік қызметкерлер арасындағы спорт жарысы, «Анаға құрмет» мұражайының ұйымдастыруымен өткізілген «Даланың дана арулары» атты халықаралық форум,   оқушылар арасында Қарасай ауданының тарихынан шығарма жазу, республикалық жазба ақындардың мүшәйрасы, жаңадан ашылған Жастар театрының жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының «Қарасай» спектаклін сахналауы сияқты елеулі жұмыстарды атап өткен орынды. Мерейтойдың қорытынды күндері республикалық ақындар айтысы өткізіліп, ат спортынан түрлі жарыстар ұйымдастырылады деп күтілуде.
Мерейтой қарсаңында аудан орталығы – Қаскелең қаласының келбетін әсемдеу, тұрғындардың тұрмысына қолайлы ету мәселесі де назардан тыс қалмаған. Осы мақсатта орталық көшелердің жолдары жөнделіп, жаяу жүргіншілерге арналған  тротуарларға тас төселген болатын. Аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың тікелей бастамасымен мерекелік шараларды өткізу орны өзгертіліп, ол аудандық Мәдениет үйінің алдына көшірілді. Жай ғана көшіріле салмай, Мәдениет үйінің сыртына сапалы күрделі жөндеу жұмыстары жасалынып, алаңға Қорқыт атаның мүсіні, ұлттық қолөнер бұйымы – торсықтың кескіндемесі, өнерпаздарға арналған сахна қойылды. Бұл жер бүгін жұртшылықтың серуендеп демалатын, қонақтарына мақтана көрсететін көз қуанышына айналған.  
Осы орайда аудандық әкімдіктің жанындағы орталық алаңның өзгеше реңге ие болғанын ерекше атап өткен орынды. Мұнда да әкімдік ғимараты травертин тасымен қапталып, көркем кейіпке енсе, Қарасай батырдың гранит тасынан қойылған аласа ескерткішінің орнына биіктігі 11 метрге жететін, астындағы сәйгүлігі жер тарпыған еңселі ескерткіші бой көтерді. Сонымен бірге орталық алаңның тас төселімі қайтадан жаңартылып, әкімдік пен кітапхана арасындағы қасбет түгелдей таспен көмкерілді. Бұл жұмыстардың барлығын Болат Назарбаевтың өз қаражатына жасатқанын айтудың әбестігі жоқ шығар.
Әрине, ауданда барлығы тамаша деу шындықпен жанаса қоймас. Шешімін күткен мәселелер мұнда да жетерлік. Әлгінде айтқан үшауысымды мектептер, ауызсу және электр қуатымен қамтамасыз ету, көп- балалы отбасыларды қолдау және  жұмыспен қамту әлі де өз шешімін күтуде. Солардың қатарында жуырда Шамалған стансысында орын алған қайғылы оқиға да  жұртшылықты дүбірге салған еді. Аудан әкімі Жандарбек Далабаев  тиісті сала басшыларымен бірлесіп халықты сабырға шақырып, теміржол үстінен өтетін көпір салу мәселесін күн тәртібіне қойды. Көпір салатын жерде орналасқан жекеменшік үйлерді сүру, оларға басқа жерден құрылысқа жарамды телімдерді беру, жол салу, ауызсу мен электр желілерін тарту  өте қомақты қаржы мен уақытты талап ететін болғандықтан теміржолдың өзін өзге жермен жүргізу жөнінде шешім шығарылды. Мерейтой қарсаңында көңіл-күйге көлеңке түсірген жай жуық уақыттары қалыпқа келеді деген сенім бар.
Міне, Қарасай ауданының тұрғындары 90 жылдық мерейтойларын осындай жағдайда қарсы алуда.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ