ТӘРБИЕ ДІҢГЕГІ

Уақыты: 05.10.2019
Оқылды: 1089
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ұстаздар күні Ескелді ауданы, Қаратал ауылы, Қаратал орта мектебінде ерекше аталып өтті. Кешті қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі және педегог-ұйымдастырушы Манаргүл Хуантхан ұйымдастырды.

«Ұстаз аты – биік, әрі мәңгілік» атты мерекелік шарада тағылымды әңгіме айтылып, ұстаздардың мерейі артты. 
Мұғалімдер мен оқушылардың бірлесіп орындаған «Ұстазым» әнінен кейін ардагер ұстаз, талай жыл осы мектепте басшылық қызмет атқарған Валентина Белимова құттықтауын жеткізді. Жиында Қаратал ауылдық округі әкімшілігінен келген Меруерт Өтельбаева құттықтау сөзін арнап, бірқатар ұстаздарға Алғыс хат табыстады.
– Сіздерді мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, бәріміз де мұғалім алдынан өттік. Сіздер болашағымыздың жарқын болуы үшін ұрпақ тәрбилеп жатырсыздар. Ол еңбектеріңіз өлшеусіз, қашанда бағалаймыз. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді ол. Әрмен қарай мектеп директоры Ғалия Макипбекова жылы лебізін арнап, ардагер ұстаздарға ерекше құрмет көрсетті. 
Мерекелік кеш жас мамандар мен оқушылар ұйымдастырған әсем ән, өлең, би, көңіл аулар көріністермен өрнектелді.

М. ДАНИЯРҰЛЫ