Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"КӨШЕ ТАЗАЛАЙТЫН РОБОТ ҚҰРАСТЫРҒАНБЫЗ": ӨНЕРТАПҚЫШ МҰҒАЛІМ

Уақыты: 05.10.2019
Оқылды: 582
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Облыс әкімінің қолдауымен жыл сайын мұғалімдер арасында «Жылдың үздік мұғалімі» байқауы өткізіліп келе жатқаны белгілі. Биылғы облыстық сынға 24 ұстаз қатысып, Алакөл ауданы, Үшарал қаласындағы №1 орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Алмас Тұрсынбаев 1-орынды жеңіп алды. Оған жас ұстаздың жаңартылған білім бағдарламасы мен робототехника, ІТ саласын жетік білуі негіз болған.

Облыстық бәйгеде топ  жарып шыққан Алмас Саматұлының жеті жылдан астам ғана ұстаздық тәжірибесі болса да жеткен жетістіктері баршылық. Жас ұрпақтың жан-жақты білімді, бәсекеге қабілетті болуын, еліміздің дамыған отыз мемлекеттің қатарынан көрінуін армандайтын ұстаз бірден-ақ үштілді білім беруді қолдап, осы бағытта өзін шыңдай түскен. Үш тілде білім беруге қатысты семинар-курстарға өзі сұрана жүріп қатысып, Назарбаев университетінде тестілеуден өтіп, Гонконг қаласында тәжірибе алмасып қайтқан. Соның нәтижесінде халықаралық академияның сертификатына ие болды. 2017 жылы информатика пәні мұғалімдері арасында өткен облыстық «Алтын диск» байқауында да топ жарып, екінші орынды иеленген. Ал, ұстаздың баптаған оқушылары бес жыл қатарынан халықаралық, республикалық, облыстық ғылыми жоба жарыстарының, пән олимпиадасының жүлдегері атанып  келеді.

Алмас бала кезінен жаңашылдыққа құмар болды. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде информатика мамандығы бойынша білім алуы да соның дәлелі. Еңбек жолын 2012 жылы Үшарал қаласындағы М.Мыңбайұлы атындағы орта мектептен бастады. Ал 2015 жылдан №1 орта мектебінде ұстаздық қызмет атқаруда.

– Ұстаздық жолға анам мен ағамның айтуымен бардым. Негізінен ІТ саласының маманы болсам деп армандадым. Жоғары оқу орнын бітірген соң Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі жұмысқа шақырды. Бірақ өзімнің туған жерім Үшаралға қайтуды жөн көрдім. Мектепке орналасқан соң сабақ беру, оқушылармен жұмыс істеу ұнай бастады. Бірігіп түрлі жоба жасаймыз. Ол оқушыларды ғана емес, ұстаз ретінде мені де қызықтырды. Компьютерлік бағдарламаларды жақсы білетін болған соң басқа саладан да ұсыныстар түсті. Бірақ мен ұстаздық жолды жалғаймын деп шештім, – деді бүгінде шәкірт тәрбиелеп, оларды белгілі бір жетістікке жеткізіп жүрген жас ұстаз бізбен әңгімесінде.

Алмасты жетістікке жетелеген «Жылдың үздік мұғалімі» байқауының талабы бойынша 15 минуттық ашық сабақта өз шеберлігін көрсетуі тиіс болды. Сабақты жаңартылған білім мазмұнына сай жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып «Вирусқа қарсы қауіпсіздік» тақырыбында өткізді. Ал импровизациялық тапсырма кезеңінде «Таза қала акциясын қалай өткізер едіңіз?» деген сұраққа жауап берген ол: «Мен бірінші кезекте мектептер арасында экочелленж өткізіп, белсенді ұстаздарды Алакөл жағалауын тазалауға шақырар едім. 2017 жылы робототехника сабағында көше тазалайтын роботтар құрастырғанбыз, сол роботтар арқылы көше тазалығын қамтамасыз етер едім, – деген болатын.

Ұстаздың болашақтағы арманы – оқушыларымен халық-аралық деңгейде робототехника, ІТ саласы бойынша жетістікке жету. Осы орайда қолға алған үлкен жобасын Қазақстанға, әлемге таныту.

«Жылдың үздік мұғалімі» атанып, облыс көлемінде өткізілетін мұғалімдер мерекесінде облыс әкімінің арнайы сыйлығына қол жеткізген Алмас Самат-ұлының қуанышында шек жоқ.

– Бұл менің мұғалімдік мамандыққа деген құрметімді, қызығушылығымды бұрынғыдан бетер тереңдете түсті. Байқауға қатысуыма мүмкіндік ашқан Алакөл аудандық білім бөлімінің басшысы Мәулен Төлеужановқа, мектеп директоры Салтанат Құнанбаеваға, тәлімгерлерім –директордың орынбасарлары Қарлығаш Тілектесқызы, Сәуле Сайынқызына айтар алғысым шексіз.  Менің жеңіске жетуім білмегенімді үйретіп, қате жерімді түзетіп, мұғалімдік мамандықтың қыр-сырына баулыған осы кісілердің арқасы, – деді Алмас Саматұлы.

Біз де «Жылдың үздік мұғалімі» атанған, арманы асқақ, бағыты айқын жас ұстаздың әлі талай биіктен көріне береріне кәміл сенеміз.

Алма ТОПАНТАЙҚЫЗЫ