ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 05.10.2019
Оқылды: 1680
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Еліміз бойынша қазан айының алғашқы жексенбісі – мұғалімдердің кәсіби мерекесі, ал 10 қазан – Қазақстан кәсіптік одақтарының күні деп белгіленіп отыр. Осыған орай Салтанат сарайында облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы «Ұстазым – ұлағатым, үлгі-өнегем» атты шара өткізді. Оған облыстық, аудандық, қалалық деңгейдегі мекеме басшылары, ұстаздар мен сала ардагерлері қатысты.

Мұғалімдер мен Кәсіподақтар күні мерекесі қарсаңында өткен салтанатты қабылдауда мерекелік бейнеролик көрсетіліп, кәсіподақ ұйымының атқарған жұмысы көпшілік назарына ұсынылды. Шарада алғашқы болып сөз алған облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров ұстаздарға ізгі тілегін білдірді. 
– Баршаңызды Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл орны бөлек, дәрежесі биік, ең ұлық мереке. Білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де – ұстаз. Халқымызда «Ұстаң көштен қалса, көп болса тостақсыз қаларсың. Ұстазың көштен қалса, білімді ұрпақсыз қаласың» деген даналық бар. Осыдан болар, заман талабына сай жылда білім беру саласына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, күнделікті жұмыс барысында қолданылып келеді. Сондықтан, сапалы білім мен саналы тәрбие беру үшін барлық үміт ұстаздар қауымына артылып отыр. Ал, ұстаз ұғымы мен ұлағатын ұлықтап, қадірі мен қасиетін құрметтеу бізге парыз, – деді ол. 
Сонымен қатар, мереке қарсаңында «Ұстазыңды ұлықта, сыйлауды әркез ұмытпа!» акциясы ұйымдастырылғанын, оған белсенді азаматтар қатысып, ұстаздарға сый-құрмет көрсетіп жатқанын жеткізді. 
Шара барысында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Сүлейменова, «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, Алматы облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Әсет Қыдырманов мұғалімдерді мерекемен құттықтады.
Ұстаздар мен кәсіподақ белсенділерін марапаттау шарасы да ұмыт қалмады. Еңбегімен еленген жандар ҚР Кәсіподақтар федерациясының, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының, Білім және ғылым министрлігінің, облыс әкімі, облыстық білім басқармасы және кәсіподақ ұйымының төсбелгілері және Құрмет грамоталарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды. 
Шарада Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының әншілері өнер көрсетіп, ұстаздарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Алма Есенбаева