БАРЛЫҒЫ ТЕЛЕФОНДА: ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУДІҢ ЕҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ

Уақыты: 17.10.2019
Оқылды: 756
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Енді мемлекеттік қызметті алу тіпті оңай және ыңғайлы бола түсті. Қазан айының басынан электрондық үкіметтің жаңартылған e-Govmobile мобильдік қосымшасы іске қосылды. Қосымша мемлекеттік қызметтерді алу процесін айтарлықтай жеңілдетті, деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкімет».

Жетілдірілген e-Govmobile қолданыстағы электронды-цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) 4 таңбалы PIN-кодқа немесе биометрия құрылғыларына (FaceID, TouchID) тіркеп қоюға мүмкіндік береді.

Бір рет электронды-цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) PIN-кодқа немесе биометрия құрылғыларына тіркеп алған қолданушы жүйеге кіру және мемлекеттік қызмет алу кезінде ЭЦҚ таңдап немесе пароль енгізіп әуре болмайды.

Енді азаматтарға ЭЦҚ-ның қажеттілігі жоқ. Біз ұялы телефонымыздың бұғатын саусақ ізімен немесе Face ID-мен шешуді үйреніп алдық. Дәл осылай бұл қосымшада да ЭЦҚ-ңызды өзіңіздің биометрияңызға тіркеп алып, мемлекеттік қызмет алу барысында сұрауды өзіңіздің Touch ID немесе Face ID-іңізбен растауға болады.

Оның үстіне, ЭЦҚ-ны мобильді құрылғыларда пайдалану үдерісі жеңілдетілді. Бұған дейін ЭЦҚ смартфонға компьютер арқылы жүктелетін болса, қазір сертификатты қолданушының электронды поштасындағы хаттан бірден ұялы телефонға жүктеп алуға болады. Сондай-ақ, қосымшаның өзінде ЭЦҚ-ны қалай жүктеуге болатыны туралы, авторизациядан өту және тағы басқа кеңестер бар. Әр жаңа қызметке қадамдық нұсқаулық берілген. Осылайша әзірлеушілер – «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ қосымшаны қолданыста барынша қолайлы етуге тырысты.

Айта кету керек, қазіргі уақытта қосымшада 28 қызметке қолжетімді. Олар: базалық зейнетақы төлемін есептеу мөлшері туралы анықтама, бала тууына байланысты төлемдер және бір жасқа толғанға дейін төленетін жәрдемақы, соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама, жылжымайтын мүліктің жоғы (бары) туралы анықтама және басқалар.

Қосымшаны AppStore және PlayMarket-тен жүктеп алуға болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"