ҚАЗАҚСТАНДА ТЕГІН ҮЙ ЖӨНДЕП ЖҮР: КОРЕЯЛЫҚ ҚОРДЫҢ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҒЫ

Уақыты: 29.10.2019
Оқылды: 929
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Friend Asia» атты кореялық қайырымдылық қорының өкілдері Үштөбе қаласының тұрғыны, 1-топ мүгедегі Болат Әбілдиновтің үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізді. Баспана төбесі толықтай ауыстырылып, жаңа шатыр жабылды. Заманауи үлгідегі есік-терезе салынды.

«Frіend Asia» қайырымдылық қоры басшысының көмекшісі Фариза Батталдың айтуынша, Оңтүстік Кореяның мейірбан жандары негізінен мүгедектерге көмек көрсетеді. Қор өкілдері 2 жылда 72 үйді жөндеуден өткізген.

Биыл 15 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы, барлығы 87 баспананы жөндеу жоспарланып, алға қойылған мақсат толық орындалған. Жөнделетін үйдің көлеміне қарай Оңтүстік Кореядан құрылысшы мамандар да тартылды. Үш жылға арналған жоба саяси-қуғын сүргінге ұшыраған кәрістердің Қазақстанға қоныс аударғанына 80 жыл толуына орай басталған.

– Алматы облысының әкімдігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы және «Frіend Asia» қайырымдылық қоры арасында үшжақты меморандумға қол қойылған. Талдықорған политехникалық колледжімен тағы бір меморандум бар. Білім беру бағдарламасы ретінде колледж студенттеріне көмектесеміз. Олар да өз үлестерін қосып, қайырымдылық шараларына қатысып, кореялық құрылыс технологияларымен танысады, – дейді Фариза Баттал.

Иә, қайырымдылық қашанда игі іс саналған. Шын ниетпен жасалған көмектің сауабы да мол.

Асхат ӨМІРБАЕВ

Қаратал ауданы