ТАЛАЙ МІНДЕТ ТҰР: АУДАН ӘКІМІ ЖУРНАЛИСТЕРМЕН БРИФИНГ ӨТКІЗДІ

Уақыты: 29.10.2019
Оқылды: 1212
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Журналистер үйінде «Jetisy media» мекемесінің ұйымдастыруымен Кербұлақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштеріне арналған брифинг өтті.

Онда Кербұлақ ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев хабарлама жасап, өңірдің бүгінгі өркендеуі мен әр сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды сөз етті. Әкім алдымен Күреңбел өңірі жайлы қысқаша мағлұмат берді. Белгілі болғанындай, тоғыз айдың қорытындысына сәйкес ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін байқалған. Осы жылдың үшінші тоқсанында ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, тағы басқа салаларда өсім сақталған.

Аудан негізінен ауылшаруашылығы саласымен айналысады. Бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік өндірісті дамыту мақсатында аталған салада тиімді шаралар қабылданған. Жалпы, ауылшаруашылығы өнімдері 35 миллиард теңгеден асып, болжамдағы көрсеткіш асыра орындалған. Оның ішінде, өсімдік және мал өнімдері бар. Мемлекеттік ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы үш шаруа қожалығы мен он екі жеке кәсіпкер 65 миллион теңге көлеміндегі несиеге қол жеткізіпті.

Өткен жылмен салыстырғанда егістік алқабының көлемі ұлғайып, түсім артқан. Мал шаруашылығы дамып, төрт түлік көбеюде. Өнеркәсіп өндірісі де өркендеп келеді. Барлығы 10 қайта өңдеу кәсіпорнында 17 мың тонна шикізат өңделіп, 9 мың 690 тонна дайын өнім шығарылған. Сондай-ақ, биыл суармалы алқапты қалпына келтіруге бағытталған іс-шаралар қолға алынуда. Ауданның қазіргі тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, алда әлі талай міндеттің тұрғанын және оны орындап, іске асыруда барынша күш жұмсалатынын айтқан Махаббат Сәдуақасұлы соңында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. 

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ