500 МЫҢ ТЕҢГЕ: КӘСІПОДАҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚАРЖЫЛАЙ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛДІ

Уақыты: 01.11.2019
Оқылды: 975
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Кәсіподақ қызметкерлері күні «Күшіміз – бірлікте» тақырыбымен аталып өтті. Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында өткен салтанатты жиында әр түрлі сала мамандары басқосты. Олардың ішінде білім, денсаулық, мемлекеттік сала қызметкерлері болса да, барлығын кәсіподақ біріктіреді.

Кәсіби мерекені атап өту қыркүйек айынан бастау алған. Шара аясында түрлі акциялар, еңбек ұжымымен, жастармен кездесу ұйымдастырылып, семинар, Ашық есік күні және спорттық жарыстар өтті. Ал қорытынды ретіндегі салтанатты жиында облысымызда еңбегі сіңген кәсіподақ ұйымының қызметкерлеріне Алғыс хат пен Құрмет грамоталары табысталды. Одан бөлек, ұйымның дамуына өз үлесін қосқан бірнеше жетісулықтар арнайы төсбелгімен марапатталды.

Әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтаған «Алматы облысы» кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әсет Қыдырманов:

– Аймақта 1054 бастауыш ұйымның басын қосқан 12 салалық кәсіподақ бар. Тікелей кәсіподақтың араласуымен 2017 жылдан бастап архив қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетудің арқасында 25 пайыздық үстемақы төлене бастады. Келесі жылдан бастап мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысы көбейтілмек. 2018 жылы кәсіподақтардың ұсынысымен және әлеуметтік әріптес - облыстық әкімдіктің қолдауымен мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілеріне, техникалық қызметкерлерге жыл сайын медициналық тексерістен тегін өтуге қол жеткізілді. Бұл мақсатқа бюджеттен арнайы 130 миллион теңге бөлінді. Қаражат көлемі биыл 180 миллион теңгені құрады. Баршаңызды кәсіподақтар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Табысты еңбек пен мықты денсаулық тілеймін, – деді Әсет Серікқалиұлы.

«SENIM» денсаулық сақтау жүйесі кәсіптік одағы облыстық филиалының төрағасы А.Исаев қызметкерлерге тұрғын үй сертификатын және де өзге марапаттарды тапсырды. Одан бөлек, 250 және 500 мыңның сертификаттары табыс етілді. Ал тұрғын-жайын жақсарту мақсатында Талдықорған қалалық аурухананың педиатр-дәрігері Жанар Дарменбекова мен облыстық балалар ауруханасының хирургі Артем Решетов 1,6 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болды.

Соңынан Сүйінбай атындағы облыстық филармония өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды.

 Еңлік ҚАБДЕШ