"ТАРАТЫП БЕРЕМІН": 10 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ИЕЛЕНГЕН ХАНЫМ ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТҰРАДЫ

Уақыты: 04.11.2019
Оқылды: 1551
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Қазақ ханымы» халықаралық байқауына қатысуға Қазақстаннан бөлек, Қытай, Қырғызстан елдерінен 4 мыңнан астам қатысушы өтініш білдірген. Оның 25-і ақтық сынға өтті. Солардың ішінен бәйгеге тігілген тәж бен ақшалай сыйлықты 31 жастағы үш баланың анасы, Алакөл ауданының Қамысқала ауылында туған, қазіргі таңда Талдықорған қаласында тұратын Маржан Алтыбаева иеленді.

Финалда бақ сынаған аналар халық әндерін нақышына келтіріп орындап, би билеп, музыкалық аспаптарда ойнап, театрландырылған көрініс қойды. Үміткерлердің барлығы байқауға тиянақты дайындалып келгендігі көрініп тұрды. Олар бойындағы өнерлерін барынша көрсетуге тырысып бақты. Шараны ұйымдастырушылар қатысушыларға шектеу қоймады.

Халықаралық дәрежедегі байқау финалының екінші кезеңіне 25 қатысушының 10-ы өтті. Әділқазы алқасы алдымен олардың қазақтың салт-дәстүрлері туралы білімдерін тексергеннен кейін жеңімпазды анықтады.

Жарыс болғаннан кейін жеңіс те, жеңіліс те болатыны белгілі. Қарсыластарынан озып, бас жүлдеге тігілген 10 миллион теңге мен тәжге лайық екендігін Талдықорған қаласының ханымы дәлелдеді. Өзінің жеңісіне әлі де сенбей, қуаныштан көзіне жас үйірілген Маржан Алтыбаева:

– Бұл бір түс сияқты. Шынымды айтсам, мен мұны күтпеген едім. Жеңіс оңай келмеді. Байқауға ұзақ дайындалдым. Өте қуаныштымын. Ұйымдастырушыларға және маған қолдау көрсеткен жандарға рақмет. Бұл – жалғыз менің емес, отбасымның жеңісі. Үлкен жауапкершілік артылған мәртебені абыроймен орындаймын. Мен жеңіп алған қомақты қаражаттың барлығын қайырымдылыққа жұмсаймын. Аз қамтылған отбасыларға таратып беремін, – деді.

Айта кетерлігі, қазылар алқасының құрамында Зейнеп Ахметова, Ырза Тұрсынзада, Секен Тұрысбеков, Клара Қабылғазина, Алма Аманжолова, Дариға Тұранқұлова, Ержан Айтқали, Бақытбек Смағұлов, Ләззат Сүлеймен сынды танымал тұлғалар болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл сайыстың басты мақсаты – қазақ ханымы атына лайық, барлық жағынан үлгі әйелді анықтау. Елінің де, ерінің де абыройы үшін барын салып жүрген қазақтың қарапайым, көпбалалы аналарын насихаттау үшін бірінші рет қолға алынған сайыс дәстүрлі түрде өткізіліп тұрмақ.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Алматы қаласы