БІР ЖЕРДЕ 85, БІР ЖЕРДЕ 95 ТЕҢГЕ: ТАЛДЫҚОРҒАНДА НАН БАҒАСЫ ТҰРАҚТЫ МА?

Уақыты: 08.11.2019
Оқылды: 927
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Президентіміз Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ нан бағасының өсуіне байланысты Үкімет пен әкімдерге арнайы тапсырма берген болатын. Осыған орай Талдықорған қаласы әкімдігінің қызметкерлері дүкендерді аралап, ас атасының қымбаттауына жол бермес үшін тексеріс жұмыстарын жүргізді.

Тексеруші топ алдымен «Жерұйық өрлеу» ЖШС-на барып, атқарылып жатқан жұмыстың жай-жапсарымен танысты. Нан бағасын сұрап, мамандардың пікірін тыңдады. Шарада «Жерұйық өрлеу» ЖШС технологі Роза Асылбаева: «Біздің наубайханада нанның 17 түрі дайындалады. Күніне 2 мыңға жуық нан пісіріп, 70 дүкенге таратамыз. Осыдан екі ай бұрын нан 72 теңгеден болатын. Бірақ ұнның қымбаттауына байланысты қазір бір нанды 85 теңгеге сатып отырмыз. Елу келілік бір қап ұн 6500 теңге тұрады. Бұрын 5800 теңгеге алатынбыз», – деді.

Осыдан кейін мамандар «SMALL» сауда орталығына барып, нан бағасын тексерді. Аталмыш дүкенде нан 85 теңгеден сатылуда. Ал әскери қалашықтағы «Ардагер» дүкенінде бір бөлке нанның құны - 95 теңге. Дүкен иелері бағаны өз еріктері бойынша қоятын көрінеді. Мамандар оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, негізгі бағаның үстіне 5-10 теңге қосқаннан пайда таппайтындарын айтты. Алдағы уақытта көптеген дүкен иелері бұл бағаны тұрақты түрде 85 теңгеден сатуға келісіп отыр.

Шарада қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрбол Қалиахметов:

– Қазір әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы қаламыздағы 6 наубайханамен келісімшарт жұмыстарын жүргізуде. Елімізде нан бағасының қымбаттауына байланысты Алматы облысының әкімдігі мен Талдықорған қаласы әкімдігі бірнеше жұмыстар атқаруда, – деді. Сондай-ақ, алдағы аптадан бастап қаламыздағы наубайханалар ай сайын 200 тонна ұнмен қамтамасыз етілетінін және нан бағасы тұрақталатынын тілге тиек етті.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы