ЖАНУАРЛАРҒА ҰЯ САЛАДЫ: ЖОБА АВТОРЫ 3 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ҰТЫП АЛДЫ

Уақыты: 12.11.2019
Оқылды: 884
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Social center» әлеуметтік инкубаторында облыс бойынша үздік деп танылған 10 жобаның презентациясы өтті. Оған аталмыш ұйыммен серіктес болып, жаңа қырынан көрініп жүрген жеке кәсіпкерлер қатысты.

Инкубатор өз жұмысын бастаған жарты жыл ішінде көптеген бастамалардың грант ұтып алуына қол ұшын созды. Солардың ішінде бес жоба «Самұрық Қазына» акционерлік қоғамы бойынша 3 млн. теңгеден қаржы ұтып алды. 

Соның бірі – иесіз қалған жануарларға пана салу. Жоба авторы Александра Анатольевнаның айтуынша, аталмыш нысан әкімдік назарын да өзіне аударған. Оның басты мақсаты –  иесіз қалған жануарларды асырау және жас ұрпақты қайырымдылыққа баулу.

Ұсынылған жобалардың басым көпшілігі жұмыссыздар санын азайтуға, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мен зейнет жасына жеткен жанның қоғамнан алыстамауына бағытталып отыр. Зейнеткерлерге арналған «Достар» фитнес клубы айына 20-ға жуық қартқа қызмет көрсететін болады. Дәл осындай жоба Ескелді ауданында да қолға алынған.

Талдықорған жоғары медициналық колледжінде есту қабілеті нашар студенттерге арналған стоматологиялық ортопедия кабинеті ашылды. Бастаманы «Болашақ» қайырымдылық қоры мен «Қазақ саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігі қолға алған. Жоба негізін қалаушылардың бірі Раушан Құдайбергенованың сөзіне сүйенсек, кабинет алты білімгерді жұмыспен қамтып, бизнес саласында бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Одан бөлек, мүмкіндігі шектеулі және зейнет жасындағыларға жеңілдіктер қарастырылған.

Үздік жобалар қатарына енген бастамалардың ішінде өз дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтіндері де бар. Солардың бірі – «Ескелді аудандық әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің «Біздің мұрамыз – біздің байлығымыз» атты бастамасы. Жоба қазақ халқының жылдар бойы жалғасын тауып, үзілмей келе жатқан ұлттық қолөнерімізді дәріптей отырып жұмыссыз көпбалалы аналарды жұмыспен қамтуға бағытталған. Ашылғанына аз уақыт болса да бірнеше тапсырыстар қабылдап үлгерді.

Көрме соңында облыстық талдау және болжау орталығының басшысы Әлия Құдайбергенова сөз алып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы аналарға көмектесіп отырған қоғамдық ұйымдар жұмысының маңыздылығына тоқталды.

Шара соңынан «Social center» әлеуметтік инкубаторы атынан қоғамдық ұйымдарға арнайы сыйлықтар табысталды. 

Аймарал ОМАР

Алматы облысы