"МЕЙІРІМ ЖҮРЕКТЕН ШЫҒАДЫ": ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 12.11.2019
Оқылды: 1217
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Оқушылар сарайында облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановтың қатысуымен әлеуметтік сала қызметкерлерінің мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұйымдастырған «Жаныңда жүр жақсы адам» атты шарада білікті мамандар марапатталып, ақшалай сыйлық табысталды.

Шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауы, аймақта іске асқан әлеуметтік жұмыс қорытындысы және атаулы әлеуметтік көмекке байланысты бейнеүзік көрсетілді. Әрмен қарай құттықтау сөз алған облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов:

– Құрметті әлеуметтік сала қызметкерлері! Сіздерді мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Жан жылуын таратып, қарттар мен мүгедектерге, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жұмыссыз азаматтарға көрсеткен көмектеріңізді ерекше атап өтуге болады. Әлеуметтік сала қызметкерлері Мемлекет басшысының әлеуметтік жаңғырту саясатын жүзеге асыру бағытында елеулі еңбек етуде. Халықты жұмыспен қамту бағытында оң көрсеткіштерге қол жеткізудеміз. «Мейірім жүректен шығады, пейіл тілектен туады» дейді халық даналығы. Бұл жетістіктердің барлығы қамқорлық пен қайырымдылықты ту еткен еңселі еңбектеріңіздің жемісі, – деді.

Батыржан Құлаймергенұлы бірқатар маманға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады. Мерекеде мерейі тасыған бірнеше қызметкер «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталса, «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері» облыстық байқауының жеңімпаздары ақшалай сыйлыққа ие болды.

Сахна төріне шыққан "Ең үздік әлеуметтік жоба" республикалық байқауының жеңімпазы, «Рахым» қайырымдылық қоры кеңесінің төрайымы, құрылтайшы Райхан Байтанова ыстық ықыласын ақтарып, қор жанынан құрылған «Рахым» мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын қолдау орталығының қызметімен таныстырды.

Салтанатты шара Сүйінбай атындағы облыстық филармония дайындаған концерттік бағдарламамен түйінделді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ