ВИЦЕ-ПРЕМЬЕР ГҮЛ СЫЙЛАДЫ: КОТТЕДЖДЕ ТҰРАТЫН КӨПБАЛАЛЫ АНА

Уақыты: 18.11.2019
Оқылды: 1064
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысына арнайы іссапармен келіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын түсіндіруді мақсат еткен Үкімет басшысының орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ пайдалануға берілгеніне көп уақыт өте қоймаған «Береке» тұрғын үй алабына барып, сонда тұрып жатқан көпбалалы отбасының жай-күйімен танысты.

Талдықорған қаласында үйдің кезегінде тұрғандарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған тұрғын үй алабының жобасына 8,3 миллиард теңге жұмсалған. Биыл қыркүйек айында берілген қос қабатты 100 коттеджде көпбалалы және аз қамтылған отбасылар тұрып жатыр. Енді тағы 506 коттедж салынып жатыр. Бір шетінде құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатқан тұрғын үй алабындағы Райхан Мұлқаманованың үйіне бас сұққан Бердібек Машбекұлы үй иесіне тарту ретінде гүл шоғын беріп, жаңа қонысқа құтты болсын айтты.

Астаналық мейман сырты аппақ шарбақпен қоршалған еңселі үй ауласындағы шағын бақша орнымен танысып, жағалай орналасқан тұрғын үйлердің түзу қатарына сүйсінді. Содан соң алыстан күмбезі жарқыраған мешітті нұсқап, журналистер қауымына мынадай керемет көріністі телеарналар арқылы көрсету керектігін айтты.

Сөз арасында облыс әкімі Амандық Баталов:

– Бұл жерге бірнеше жоба ұсынушылар болды. Солардың көпшілігі аса қымбат, құрылысының өзі үлкен шығынды талап ететін коттедж қалашығын салуды көздеді. Алайда жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын ойластыра келе, осы жобаның орындалуына мүмкіндік бердік, – деп жаңадан бой көтерген тұрғын үй алабының тарихын таныстырып өтті. – Өйткені, мұндай қос қабатты коттедждердің нарықтағы сатылуын да ескеру керек еді. Әйтпесе, құны өте қымбат үйлерді ары кетсе 20 шақты адам алуы мүмкін. Ондай жағдайда қалған жұртшылық баспанасыз қалатыны белгілі. Сондықтан, бұл коттедждер ең алдымен қолжетімділігімен ерекшеленеді. Қазір мұнда 100 отбасы тұрып жатыр. Олардың бәріне үйлер ұзақ мерзімге жалға берілген.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев жаңадан салынған үйлердің тиімділігін ұғынған соң 4 бала өсіріп отырған көпбалалы отбасының тіршілігімен танысып, аз-кем тілдесті.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы