"СЕГІЗ ЖЫЛ КҮТТІК": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БІРНЕШЕ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Уақыты: 02.12.2019
Оқылды: 1272
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні Кербұлақ ауданының орталығы - Сарыөзек ауылында мерекелік шара өтті. Онда кезекте тұрған бірнеше отбасы үйлі болып, үлкен бақытқа кенелді. Мұндай қуанышқа олар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында қол жеткізді.

Осыған орай мерекелік шара өтіп, жаңа қоныс иелеріне үй кілті табысталды. Салтанатты рәсімде Кербұлақ ауданының әкімі Махаббат БИГЕЛДИЕВ сөз сөйлеп, үйлі болғандарды құттықтады. Шаңырақтарына құт-береке тілеп, жиналғандардың қуанышымен бөліскен әкім жаңа шағынауданда он сегіз жалгерлік тұрғын үй бой көтеріп, олар аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, Ауған соғысының ардагерлеріне, мұғалімдер мен дәрігерлерге, мемлекеттік қызметкерлерге беріліп отырғанын, халықты баспанамен қамтамасыз ету жұмысының алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.

Айшықты сәтте ауданның Құрметті азаматы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Төленді Оспанбайұлы да ізгі ниетін білдіріп, ақ батасын берді. Аналар да тәттілермен шашу шашып, көпшіліктің қуанышымен ортақтасты. Шара аясында үйлі болғандардың бірқатарына бағалы сыйлықтар тарту етілді. Соңында әкім жаңа үйлерге бас сұғып, дәмнен ауыз тиді. «Бақыт балалы үйге қонады» демекші, баспаналы болу бақытына кенелгендердің қатарында көпбалалы отбасы Ермекбаевтар әулеті де бар.

Гүлжан БАЙСҰЛТАНОВА,

көпбалалы ана:

– Баспанаға қол жеткізу көптен бергі арманымыз еді. Үй кезегін сегіз жыл күттік. Бүгінде сол ойымыз орындалып, үлкен қуанышқа кенеліп отырмыз. Басшыларға, үй салып берген азаматтарға деген алғысымыз шексіз. Бұған дейін теміржол бойындағы Тары бекетінде тұрдық. Балаларым Сарыөзекке сол жақтан келіп оқитын. Енді өз үйіміз бар. Бұл - өсіп келе жатқан балапандарымның нәсібі.

Жаңа үйлердің құрылысына жергілікті бюджеттен 285 миллион 500 мың теңге, инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылыс істеріне 106 миллион 756 мың теңге қаражат бөлініп, толық игерілген. Айта кетейік, аталған ауданда тұрғын үйге деген сұраныс күн санап артып келеді. Бүгінде өңірде 800-ден аса адам үй кезегінде тұр, оның 148-і көпбалалы аналар.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы