"ЕТ ЖҮРЕГІМ ЕЗІЛДІ": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ "EGEMEN QAZAQSTAN" ГАЗЕТІНЕ СҰХБАТ БЕРДІ

Уақыты: 06.12.2019
Оқылды: 1238
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ "Egemen Qazaqstan" республикалық газетіне сұхбат берді. Әкіммен жүзжылдық жылнаманың Жетісу аймағындағы меншікті тілшісі Қалмаханбет Мұқаметқали әңгімелесті. Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін таразылаған екеуара сұхбат көпбалалы аналар, мектеп, өндіріс орындары, инвестиция, жер телімдерін тиімді пайдалану сияқты өзекті мәселелер бойынша өрбіді. Толық мәтіні төмендегідей:

– Амандық Ғаббасұлы, әңгімемізді әлеу­мет­тік салада атқарылған істер жайын­да бастауға рұқсат етіңіз. Өйт­кені, жұрт әкімдердің жұмысын әлеу­мет­тің әл-ауқатының деңгейіне қарап баға­лай­тыны шындық. Әрі биылғы жыл қоғамның назарын көпбалалы отбасылардың мәселесіне аударған кезең болды. Ендеше...

– Бірден айтайын, бізде әлеу­меттік салаға қатысты мәселе жоқ деп кесіп-пішуге болмайды. «Жұмыс жүр­ген жерде қателік болатыны» сияқты, тірші­лік ағымында проблеманың кездесуі заң­ды. Бірақ сол проблеманың шешу жолдарын табу, дер кезінде шара қолдану бас­қа әңгіме. Жетісу өңірінің тұрғындар саны 2 миллион адамнан асты. Мен өзімді әкім ретінде адамдардың әлеуметтік жағ­дайы­на ғана емес, адами болмысына, ұр­пақ тәрбиесіне, қоғамдық қауіпсіздігіне жауап­ты сезінемін.

Көпбалалы отбасылардың жайын орын­ды айттыңыз. Облыста 46 мыңнан ас­там отбасы атаулы әлеуметтік көмек ала­ды, олардың 20 мыңы – көпбалалы отбасы. Әлеуметтік қолдау туралы айтатын болсақ, тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларды қолдауға жергілікті бюджеттен 3,4 миллиард теңге қарастырылды. Бұл жұмысты жүйелі жүргізу үшін Әлеу­меттік карта әзірленді. Осы карта шең­берінде балабақшалар мен мектептерде аз қамтылған отбасылардың 58 мың баласын түгелдей тегін ыстық тамақпен қамтамасыз еттік.

Талдықорғанда және де үш қалада 8 мың көп балалы ана үшін қоғамдық көлікте тегін жол жүруді енгіз­дік. Облыс орталығында 42 мың оқушы мен студенттің қоғамдық көлікте тегін жүруіне де жағдай жасадық. Биыл аз қам­тылған отбасынан шыққан балаларға жо­ғары оқу орындарына түсу үшін 100 грант бөлінді. Қазір өңірге табиғи газ же­лісі келіп, тұрғындар көгілдір отынға қо­сы­лып жатқанын білесіз, біз өз тарапымыз­дан көп балалы және мұқтаж отбасы сана­тын­дағы 2 277 үйді газ құбырына те­гін қосып жатырмыз. Тағы да 22,6 мың­нан астам отбасының үйіне иіс тиюден сақ­тан­дыратын құрылғыны тегін орнаттық.

– Сөзіңізді бөлейін, көпбалалы отбасылар үшін ерекше қуанышты жаңа­лық, баспанамен қамту жайына да тоқталып өтсеңіз екен...

– Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жол­дауын­да тұрғын үйге қолжетімділікті, әсіресе ха­лық­тың әлеуметтік аз қамтылған топтары­ның қолжетімділігін арттыру қа­жет­тігін атап өткен болатын. Қазір облыста тұр­ғын үй алу кезегінде 51 мың адам тұр, оның ішінде көпбалалы отбасылар саны – 6039. Биыл барлық бағыттар бойын­ша 1447 көпбалалы отбасын тұрғын үймен қам­тамасыз ету жоспарланған еді, қазір­ге дейін 1 093 отбасы үйлі болды.

Бұл орайда «Нұрлы жер» бағдарламасының да үлесі бар. Осы бағдарлама бойынша 151 отбасы баспаналы болса, сатып алу есебінен – 346 отбасы, меценаттар есе­бінен – 169 отбасы және «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 427 отбасы тұрғын үймен қамтылды. Осы жерде облыстың кәсіпкерлеріне алғыс айтуды парызым деп білемін.

Есіңізде болса, меценаттардың мұқтаж отбасына бас­пана сатып алып беруін бірінші болып біз бастадық. Талғар ауданына барған сапарымда көпбалалы отбасының ескі моншаны паналап отырғанын естіп, ет жүрегім езілді. Бізде тұрғын үйді кезексіз алуға мүмкіндік жоқ қой, бірақ мына отбасының мәселесін қалайда шешу керек болды.

Содан ауданның іскер азаматтарына «Қазақтың баласымыз ғой, бір мұқ­таж отбасына көмек бере алмасақ, несі­не ат үстінде жүрміз?» деп қолқа сал­дым. Әл­гі жерде қайырымды азамат табы­ла ке­тіп, отбасына үй сатып алып бере­тінін, тіп­ті, отағасын жұмысқа алып, көмек көр­се­­тетінін айтты. Бұл жақсы үр­діс­ті елге тара­­тып, басқа да жомарт жігіт­­терді ұйым­дас­­тыру керек деген ойға кел­­дім. Нәти­же­сін­де облыстың барлық ауда­нын­да қайыр­ым­­ды­лық акциясы жал­ға­­сып, көпбалалы отбасыларға өз қар­жы­сына үй алып беру­шілер қатары көбейді.

– Әрине. Осы жерде аймақтағы 3 ауы­сым­ды, апатты жағдайдағы мектеп­тер­дің жағдайына қатысты сұрақ туады. Бұл да бір проблема ғой...

– Бұл мәселенің бары рас. Бірақ ай­мақтағы мектеп жетіспеушілігін жақсы ма­ғы­нада қабылдауды ұсынар едім. Әри­не, апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін алдымен шешуге кірістік. Ал бала санының көптігінен 3 ауысымда білім берудің екі қыры бар. Біріншіден, облыс­тағы демографиялық өсімнің көр­сеткіші жоғары екендігінің айғағы. Екіншіден, ішкі көші-қон үдерісі тоқ­тамай тұр. Бұл екі жағдай да Алматы облысындағы дамудың қалыпты екенін, өңірде адамның тіршілік етуіне қолайлы жағдай жасалғанын біл­діреді. Сенсеңіз, жыл сайын мектеп табал­дырығын бір ауданның тұрғын санына пара-пар бал­дыр­ған аттайды екен. Мысалы, биылғы оқу жылында 50 мыңға жуық оқушы бірінші сыныпқа қа­был­данды.

Бұл – рекордтық көрсеткіш. Нәти­жесінде оқу сыныптары тарлық етіп, 3 ауысымда оқыту басталды. Біз бұл мәселені шешеміз, бір кездері жылына 20 мектепке дейін салдық. Қазір жыл сайын 7-8 жаңа нысанды іске қосудамыз. Сосын мек­тептегі орын тапшылығы Алма­ты қала­сына жақын орналасқан аудан­дар­да қатты сезіліп отыр. Жалпы, облыс тұр­ғын­дарының 60 пайызы Алматы қала­сы­ның маңын мекендейді. Яғни, мегапо­лиспен шектесетін аудандарда 1 млн 200 мың адам тіршілік етуде. Қазіргі кезде 3 ауысымды мектептердің мәселесімен ай­на­лысып жатырмыз, олардың саны – 33. Қуаныштысы, бұл аумақта апатты мек­тептер жоқ. Жаңадан 10 мектеп салы­ну­да, дәл қазіргі қарқында 3 ауысым­ды мектептерді жою үшін 21 мектеп салуымыз қажет. Бұған 52 млрд теңге қар­жы кетеді. Мақсатқа 2021 жылы қол жет­кіземіз деген сенімдемін.

– Әкім мырза, енді сұхбат барысын бас­қа арнаға бұрсақ. Жетісу өңірі ел эко­но­микасына елеулі үлес қосып отыр­­ған аграрлы аймақ. Өндіріс оша­ғы көптеп саналады. Шағын және орта биз­нес гүл­денген өңірдің бірі. Ен­деше, адам­дардың табыс пен тұрмыс жағ­дайына қатысты көп нәрсе айтуға болатын шығар?

– Өзіңіз айтқандай, Жетісу жерінде еңбек көрігі қызып тұр. Жыл басынан бергі жетістікті жіпке тізіп есептесек, облыстағы еңбек өнімділігі өткен жылға қарағанда 4 па­йызға өсті. Яғни, ақталған тердің ақшаға шаққандағы мөлшері 2 млн 150 мың теңгеге жетіп отыр. Ал өңделген өнім экспортының көлемі – 5,5 пайызға артып, 85 миллион АҚШ доллары шамасында. Осы жерде аймақтағы негізгі өндіріс көзі агроөнеркәсіп кешені екенін айтқан жөн. Бұл бағыттағы жұмыс қарқынды. Атап айтқанда, республика көлемінде өнді­рілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі бойынша Алматы облысының үлесі 17 пайызды құрап, өңірлер арасында бірінші орыннан көрінді. Ал өнеркәсіптің өсу қарқыны жеделдеп, 10 айда 104,5 па­йыз­ды құрады, осы жылы өндіріс көлемі 1 триллион теңгеге жетеді деп күтілуде.

Қазір облыс үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өте өзекті. Аталған бағдарлама өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін толықтай ашуға мүмкіндік береді. Бүгінде жалпы сомасы 89 млрд теңге болатын 111 жобаның ішінен банктер 10,3 млрд теңгеге 20 жобаны мақұлдады. Ша­ғын және орта бизнес­те 252 мың адам жұмыс істейді, олар шы­ғаратын өнімдер мен көрсететін қыз­мет­тердің көлемі биыл 1,4 трлн тең­ге­ге дейін өседі. Биылдың өзінде ғана «Биз­нестің жол картасы-2020» бағ­дар­ламасы шеңберінде сомасы 4,4 млрд теңгеге 232 кәсіпкер көмек алды. Ал нәтижелі жұмыспен қамту бағ­дар­ламасы бойынша 5,5 млрд теңгеден ас­там қаржыға 1300 микрокредит берілді. Осылайша шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 2050 жылға қарай екі есе арттыру міндетіне қол жет­кізуге мүмкіндік мол.

– Сіз облыстағы ауылшаруашылы­ғының дамуына тоқталған кезде қант қызыл­шасын өсіру жайына баса маңыз бересіз. Тіпті, Жеті­судағы тәтті түбір егіс­­тігінің көле­мін арттырып, қант зауыт­­тарын іске қосқаны­ңыз­ды мақ­та­ныш­пен айтасыз...

– Шынында, облыста қант қызылша­сын өсіруге қатысты ерлікке пара-пар жұмыс істелді. Бұл менің әкім ретіндегі жұ­мысымның ең қиын әрі құрметті кезеңі болды. Рас, бізге дейін де аймақта тәтті түбір егілді, қант өндірілді. Бірақ, дәл мынандай ауқымда болған емес.

Мен Елбасының алдында өңірдегі қант қы­­зыл­шасын өсіру жайында есеп бер­генде, Нұрсұлтан Әбішұлы «Облыс­тың мүм­кіндігі қазіргіден де жоғары. Тоқтап қалған өндірісті іске қосу үшін шикізаттың көлемін көбейтуі керек. Елге жұмыс, ең­бектің өтеуі болуы тиіс. Жетісудың даң­қы қызылша өсірумен шыққан. Осы дәс­түрді жаңғырту керек» деп тапсырма берді. Жұмыстың нәтижесін көзбен көріп отырсыздар. Елбасының сенімін ақтап, елдің маңдайтерін өтеуге жұмылдық. Ойлап қарасаңыз, Қазақстан тұрғындары жыл сайын 480 мың тоннадан астам қант тұтынады екен. Алайда ішкі нарықта отандық тәтті шекер­дің үлесі аз.

Агроөнеркәсіп кеше­ні дамыған ел үшін бұл ойланатын-ақ жағ­дай. Сол себептен де Жетісу жеріндегі қызыл­ша өсіру ісі стратегиялық маңызға ие болып отыр. Бүгінде облыс диқан­дары қант қызылшасының егістігін 14 мың гек­тарға жеткізді. Одан алынатын өнім көлемін 500-520 тоннаға дейін көтеруге мүмкіндік бар. Ал жиналған қызылшадан 50-52 тонна таза қант алудың қамы жасалып жатыр. Осы мақсатта облыста қант өңдеумен екі зауыт айналысып отыр. Бірі Көксу ауданында орналасқан өндіріс, екіншісі Ақсу ауданындағы қант зауыты. Екі зауыт та мемлекеттік қолдаудың аясында технологиялық жаңғырудан өтіп, аз шығынмен мол өнім шығаруға негіздел­ді. Қант зауыттары негізінде тек маусым­дық кезеңде ғана 3-4 ай жұмыс істейді. Ал біз маусымаралық кезеңде де бос тұрмас үшін Бразилиядан шикізат әкеліп, қамыс қантын шығаруына мүмкіндік жасамақпыз. Қызылша өсірушілерге жыл сайын субсидия беріледі, жанар-жағар­май жеңілдікпен беріледі, соңғы жыл­дары тек қана қант қызылшасын өсіруге бағытталған 120 заманауи техника сатып алынды, Франция, Германия, Дания­дан тұқым сатып алып бердік. Қант қызыл­шасы тынбай еңбектенуді, үздіксіз баптау­ды қажет ететін еңбек.

– Бірер жыл бұрын Қапшағай қа­ла­сы­ның маңында «Маревен Фуд» кәсіпорны­ның ашылуында сіз «Бұл инвес­тор­ларды Өзбекстанға қаржысын сал­ғалы тұрған жерінен ертіп әкелдік» деген едіңіз. Сұрайын дегенім, облыс­тың инвес­тиция портфелінде онға жуық қо­мақ­ты жоба бар екен, оның алғаш­қы­ла­ры өнім өндіріп, экономикаға үлес қоса бас­тапты. Жалпы, инвесторлар үшін Алматы облысы қаншалықты қолайлы?

– Жалғыз «Маревен Фуд» емес, аймақ­тағы инвесторлар қаржысына ашыл­ған кәсіпорындар табысты жұмыс істеп, өңірдің дамуына үлес қосып отыр. Мың­даған адамға жұмыс табылды. Экономи­каға қаржы құйды. Өткен жылы немістің «Willo» компаниясы сорғы құрылғыларын жасайтын зауыт ашты, құны 2,1 миллиард теңге инвестиция салды. 40 адамды жұмысқа алды. Жоғарыда айтқан «Маревен Фуд» компаниясы 15,4 млрд теңге инвестиция құйып, 523 адамды жұмыс орнымен қамтыды. Ал жақында Жамбыл ауданында ашылған «Империя Фуд» ет өңдеу кешенін биылғы жылдың ең үздік инвестициялық жобасы деп атауға әбден болады. Жаңа зауыт жылына 8 мың тонна ет дайындауға қауқарлы. Қазірдің өзінде сыртқы нарыққа өнім жөнелтуге кірісті. Кәсіпорынның іске қосылуына 2,9 млрд теңге инвес­ти­ция тартылған. 80 адамға жұмыс табыл­ды. Жаңа өндіріс сойылған мал етін қал­дық­­сыз тұтынады. Яғни, бір мезетте 12 мың ыдысты консервілейтін желі мен 14 тон­наға дейінгі қан сұйықтығын кәдеге жа­ра­татын қондырғы жұмыс істеп тұр. Мұн­да қалған сүйекті ұнтақтап, ұн жасап шығаратын цех және бар. 

Біз өз тарапымыздан қолайлы инвес­ти­циялық жағдай туғызып, іскерлік бел­сен­ділікке ынталандыруға мүмкіндік жасап отырмыз. Осындай жұмыстардың нəтижесінің бірі – биылғы қазанда өткен кеңейтілген инвестициялық форум. Осы форумда біз өңірдің мүмкіндіктерін таныстырдық. Форум нəтижесінде құны 860 млн АҚШ доллары болатын 13 мемо­рандумға қол қойылды.

– Жетісудың табиғи ерекшелігінің өзі инвесторлардан бөлек, турист тартуға да қолайлы ғой. Бұл саланың дамуына қатысты қандай тың ойларыңыз бар?

– Қазақ туризмінің болашағы дегеннен шығады, мен жақында Кеген ауданына барған сапарымда қызық оқиғаның куәсі болдым. Бұл ауданда Көлсай бар, Қа­йыңды көлі бар. Табиғаттың інжу-мар­жаны ғой. Сол Көлсайға баратын жолдағы ауылдың адамдары қонақ күтуге бейім­деліп қалыпты. Тұрғындардың қолында – ағылшынша сөздік. Шетелдік қонақпен тілдесуге, түсінісуге төселіп алған. Үйлерін де қонақ күтуге лайықтап жөндеп, етек-жеңін жинаған. Демек, елі­міз­дегі туризмнің дамуы елдің мента­ли­тетін өзгертуге әсер ете бастады. Бұған тек қана қуану керек. Туризм – табыс көзі ғана емес, қазақ мәдениетін әлем­ге та­­ны­тудың да бір жолы. Біз өз тара­пы­мыз­­дан туристік аймақтардың инфра­құры­лы­мын жасақтауға көңіл бөліп отырмыз. Алакөл жағалауы бұрын қандай еді, қазір қандай? Демалушылар саны жыл са­йын көбеюде. Биыл туристер саны 2 млн адамға жетті. Жалпы, 2025 жылы Алматы өңіріне келетін болжамды туристер легі 4 млн адамға жетеді, оның ішінде Алматы облысының нысандарына ғана 3,5 миллион адам келеді деп күтілуде. Мұнан бөлек Алматы өңірінің тау кластерін дамытуға аса мән берілуде. Инвестициясының жалпы көлемі 111 млрд теңгені құрайтын Түр­ген шатқалындағы «Долина-3» тау-шаңғы курорты және «Апорт Ақ-Тас» көпсалалы тау-шаңғы кешені жобаларын іске асыру жоспарланған. Тау кластері аумағында жылына 1,5 млн туристке қызмет көрсету жоспары тұр.

– Сіз журналистерге берген сұхбат­тарыңызда аймақтағы жер телімдерін мақсатты пайдалануға, жайылымдық, егістік алқаптарды жүйелеуге, ирригациялық жүйелерді қалыпқа келтіруге қатысты жұмыстарды аяқтау үшін қандай да болсын тәуекелге дайын еке­ніңізді жиі айтасыз. Облыстың аумағы ұлан-ғайыр, жер жағдайын жіті қадағалап отырасыз ба?

– Біз өңірде жасалып жатқан ауыл шаруа­­шылығы алқаптарына аудит жүргізу және цифрландыру ісін сапалы және өз уақы­­тында аяқтауға жақын қалдық. Сол сияқ­­ты су ресурстарына, сумен қамту инф­­ра­­құрылымдарына, ирригациялық жүйе­­лерге түгендеу жасау оларды жөн­деуге, қайта жаңғырту­ға, құрылысын жүргізуге, суармалы жерлерді айналымға ен­гізуге нақты жос­парлар жасап, іске кірі­суге мүмкіндік береді. Бізде бұл жұ­мыстар жүріп жатыр, құжаттандыруды аяқтадық. Қазіргі кезде Ескелді, Алакөл, Ақсу, Көксу аудандарында Ислам Даму банкі­нің қаржысы есебінен қалпына кел­тіру жұмыстары жасалуда. 2023 жыл­ға дейін 138 мың гектар суармалы жер­ді қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз, соның 40 мыңы іске қосылды.

Жер – өндірістің ең басты факторы. Бұл мәсе­леде тиімді жұмыс істемей ауылды да, ауыл шаруашылы­ғын да дамыта алмаймыз. Тұрғын үй құрылысы үшін де жер маңызды мәнге ие. Ол – бабамыздан қалған құнды мұра. Сондықтан жерге қатысты қандай да бір заңсыздық орын алмауы керек. Бүгінге дейін Алматы қаласының іргесіндегі облысқа тиесілі алқаптарға жасалған түгендеу жұмыстарынан кейін жер телімдерін жекеменшікке беруге шығарылған 1,5 мың шешімнің күші жойылды. Нәтижесінде, 121 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқап мемлекет меншігіне қайтарылды.

Сұхбаттасқан - Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ

"Egemen Qazaqstan"