"ҚАНДАЙ КӨМЕК БЕРЕСІЗДЕР?" ТҰРҒЫНДАР ОБЛЫС ӘКІМІНЕ СҰРАҚ ҚОЙДЫ

Уақыты: 11.12.2019
Оқылды: 809
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ «Нұр Отан» партиясы Ескелді аудандық филиалы ғимаратында жергілікті халықты қабылдап, тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты қойған сұрақтарына жауап берді. Аймақ жетекшісіне өз басындағы жағдайды айтушылардың басым бөлігі тұрғын үй мәселесін көтерді.

Одан бөлек, Ескелді ауданындағы суландыру жүйелерін жаңарту, Қарабұлақ кентіндегі кәріздік жүйенің ескіріп, тозығы жетуіне байланысты жөндеу жұмыстарын жүргізу, Қарабұлақ – Қайнарлы, Талдықорған – Үшарал бағыттарындағы автокөлік жолдарының тозғандығы, аудан орталығындағы «Березка» балабақшасын күрделі жөндеуден өткізу керектігі, ауызсу сапасы, қант қызылшасын өңдейтін зауыт қажеттігі, Қоржынбай елді мекеніне медициналық бекет салу сынды жергілікті халық үшін маңызды мәселелерді көтерушілер де болды. Атап айтқанда, Алдабергенов ауылының тұрғыны Болат Дайыров Ескелді ауданындағы ұзындығы 381 километрлік суландыру жүйесін жөндеу жұмыстарына қатысты өз ойын ортаға салды.

– Мен Шұбар ауылы тұрғындарының сәлемін ала келіп отырмын. Ауыл тұрғындары сізге рахмет айтып, жүрекжарды тілектерін жаудыруда, – деген  ол ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді тыңайту, игеру үшін жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігіне тоқталды. – Сіздің Жетісу жерінің өркендеуіне, ауқымды жетістіктерге қол жеткізуге қосқан үлесіңіз орасан зор. Әсіресе, облыс орталығының күннен-күнге жаңаруына, жаңадан салынған ғимараттар қатарының өсуіне тікелей қатысыңыз бар екендігін айтуымыз керек. Талдықорғанда жаңа ашылған ықшамаудандардағы жаңа театрдың, Неке сарайының, Салтанат сарайының көркі көрген жанның көңілін қуанышқа бөлейді. Енді сұрағыма көшейін, ауданымыздағы суландыру жүйесін жаңарту жұмыстары біз үшін маңызды. Сондықтан кезінде су жүрген бетон арықтар бүгінгі күні қорыс басып, қараусыз қалды. Көзі ашылып, жолы тазарған судың бұрынғыдай сарқырап ағып жатқанын қалаймыз. Осыған қандай көмек бересіздер?

Ел мен жердің игілігі үшін қойылған аса маңызды сауалға жауап берген Амандық Ғаббасұлы:

– Рахмет! Сіз айтқан жетістіктердің бәрі орынбасарларымның, басқармалар мен департамент басшыларының, мамандар мен қызметкерлердің, сіз секілді қарапайым еңбек адамдарының бірлесе қадам басқан еңбегінің нәтижесі, – деп көтерілген мәселенің мәнісін түсіндіріп өтті. – Облыс әкімі болып тағайындалғанымда, ең алдымен, суландыру жүйелерін қалпына келтіру мәселесін көтерген болатынмын. Өйткені, тікұшақпен облыс аумағын аралап ұшқанда танап-танапқа бөлінген жерлерді жағалай ағаш отырғызылғанын байқау қиын емес. Әлгі жолақтың ішінде жатқан бетон арықтарды қорыс басып жатыр. Тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдардан бері оны ешкім тазалаған емес. Қазір біздің облыста Ислам банкінің қолдауымен бөлініп, суландыру жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл қаржының 19 миллиард теңгесі алғашқы кезеңге қарастырылған 7 ауданға жұмсалады. Оның ішінде Ескелді ауданы алғашқылардың бірі болып отыр. Өйткені, Ескелді ауданындағы егістік жердің 99 пайызы суармалы алқап болып есептеледі. Сондықтан аудандағы егістік, барлық су жүретін арықтарды тазартып, суландыру жүйелерін жасап береміз. Қазірдің өзінде нәтижесі көрініп қалды. Енді бүкіл облыстың аумағындағы суландыру жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Түс ауа басталған қоғамдық қабылдауға жазылған 22 адам өздерін толғандырған сауалдардың жауабын алып, көңілдері марқайған күйде қайтты. Себебі, олардың көпшілігі тұрғын үй кезегінің жақындап, жақын арада баспаналы болатынын естіген еді.

***

Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ Текелі қаласының тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Онда шаһардың 21 тұрғыны облыс әкіміне түрлі мәселе бойынша жүгініп, көкейкесті проблемаларын айтты.

Облыс әкімімен бірге Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев пен түрлі салаға жауапты басқарма басшылары болды. Амандық Ғаббасұлы мен лауазымды тұлғалар қабылдауға келген халықтың мұң-мұқтаждары мен талап-тілектеріне құлақ асып, олардың тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берді және оң шешімін табу жолдарын қарастырды.

Байқағанымыздай, облыс әкімінің қабылдауына келген тұрғындар жеке басының ғана күйін күйттемей көбіне әлеуметтік мәселелерді шешуге ден қойыпты. Өзінің емес, өзгенің де жайын ойлаған текеліліктер негізінен көпбалалы аналарды баспанамен қамту, көшелерді ретке келтіру, жолдарды жөндеу, көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру, газбен жабдықтау, арық жүйелерін қалпына келтіру сияқты мәселелерді қозғады. Сондай-ақ, ауызсу мәселесін шешу, ескірген ғимараттар мен тозығы жеткен кәріз жүйелерін, сумен жабдықтау желілерін күрделі жөндеуден өткізу немесе жаңасын салу, қыс кезінде жолдарды қардан тазалау, жастардың бос уақытын тиімді өткізу, экология, атаулы әлеуметтік көмек, тағы басқа да проблемалар көтерілді.

Қабылдауға алғаш кірген «Жалғызбасты аналар Ассоцияциясы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мира Бочарникова алдымен халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, көмек қолын созу үшін келген Амандық Ғаббас-ұлына алғысын білдіре отырып, көкейінде жүрген ойын көлденең тартты. Мысалы, ол қалалық емхананы күрделі жөндеуден өткізу, дәрігерлердің тапшылығын жою, оны болдырмау үшін оларды баспанамен қамту, тозығы жеткен үйлерді жаңалау сияқты проблемаларды қозғап, оң шешімін табуына қол ұшын созуын сұрады. Облыс әкімі мәселені бүге-шігесіне дейін қарап, түйінді мәселені шешуге атсалысуды лауазымды тұлғаларға тапсырды.

Ал Александр Савельев Қаратал көшесіндегі арықты ретке келтіру мәселесін көтерді. Атқамінерлердің сөзінше, бұл проблема да көп ұзамай оң шешімін таппақ. Қазіргі таңда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімімен «Достық» шағын- ауданындағы арық жүйелерін жөндеуге бюджеттік қаражат қарастыру мақсатында тиісті жұмыстар қолға алыныпты.

Қалалық футбол федерациясының директоры Ертай Дүйсебаев қалалық бассейнді қайта жаңғыртудан өткізудің көпшілік үшін маңызды екенін айтты. Себебі, бұл орын талай жылдан бері жөндеу көрмепті. «Жол жоқ, электр энергиясы да тартылмаған. Осыны ретке келтіріп, елдің алаңсыз демалуына мүмкіндік туғызсаңыз», – деді директор.

Қалалық жүзу бассейніне инженерлік желілерді жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқармасына құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім берілген. Сондай-ақ, балалар үшін шағын футбол алаңының қажет екені айтылды. Облыс әкімі тарапынан аталған ұсыныстар қабыл алынып, мәселелерді шешу бойынша салаға жауапты басшыларға міндеттер жүктелді.

Шаһардың енді бір топ тұрғыны саяжай қоғамы бойынша туындаған проблемалы сұрақтарына жауап алды. Көпбалалы және жалғызбасты аналар, өз мектебіне жаны ашыған ұстаздар, зейнеткерлер, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, кәсіпкерлер, тағы басқалары өздерінің ойындағы талап-тілегі мен өтініш-ұсыныстарын облыс әкіміне жеткізді.

Соңында: «Ұсақ-түйек мәселелер жергілікті жерлерде шешілуі тиіс. Осылар бойынша, өңір басшылары, Сіздер жұмыс істеңіздер! Ал бүгін қаралған мәселенің бәрі алдағы уақытта қадағаланады. Оң шешімін тауып, жүзеге асқан халықтың өтініш-тілегі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияланып отыратын болады»,– деді Амандық Ғаббасұлы. Бұдан соң сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеліп, халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс  істеу міндеттелді.

Мәди АЛЖАНБАЙ,

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы