ТАЛҚЫЛАУ: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БІРҚАТАР АУЫЛ АТТАРЫ ӨЗГЕРЕДІ

Уақыты: 20.12.2019
Оқылды: 1239
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Облыстық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында Жетісу жерінің өркендеуі мен қарқынды дамуына қатысты мәселелер қаралды. Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған кеңес төрағасы Әлихан ТОЙБАЕВ отырыста 4 мәселе – облыстық мәслихаттың «Алматы облысының 2020-2022  жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» шешімінің жобасы, облыс әкімдігі мен облыстық мәслихатының «Алматы облысының кейбір әкімшілік-аумақтық бірліктерін қайта атау туралы» қаулысы мен шешімінің жобасы, облыс әкімдігінің «Алматы облысы әкімдігінің 2016 жылғы 16 наурыздағы «Сәулет, қалақұрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды басқару жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламентін бекіту туралы» №131 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» қаулысының жобасы, облыс әкімдігінің «Алматы облысы әкімдігінің 2015 жылғы 21 тамыздағы «Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер регламенттерін бекіту туралы» № 376 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» қаулысының жобасы қаралып, жария талқыланатынын жеткізді.

Алғашқы тақырыпқа байланысты баяндама жасау үшін мінберге шыққан облыстық Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Рауан Дәуталинов облыстың 2020-2022 жылдарға арналған бюджетінің жобасында қарастырылған қаржының қай салада қанша көлемде жұмсалатындығымен таныстырып, алдағы уақытта педагогтардың, ішкі істер органдары қызметкерлерінің, ұстаздардың жалақысы мен студенттердің стипендиясы өсетінін жеткізді.

Оның айтуынша, ауылдық жерлерде жұмыс істейтін орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы көтеріліп, «Бизнес жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау жүргізіледі. Одан бөлек, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсетіліп, «Дипломмен ауылға!» жобасымен берілетін жәрдемақы мөлшері өседі. Өйткені, облыстың меншікті кірістері ұлғайып, салықтан 244,7 миллиард теңге түсім түскен.

Осыған байланысты келер жылға арналған бюджеттен облыстың басқару органдарына 20,2 миллиард теңге жұмсау көзделсе, басқару органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2,1 миллиард теңге, мемлекеттік органдардың  әкімшілік ғимараттарын күрделі жөндеуге 1,0 миллиард теңге қарастырылған. Сонымен қатар, төтенше жағдайдың алдын алу және салдарын жоюға, облыстық және аудандық әскерге шақырту пункттерін ұстауға және әскерге шақырылғандарды тасымалдауға, аумақтық қорғаныс жөніндегі іс-шараларға, аудандық (қалалық) масштабтағы өрттердің алдын алу және сөндіру шараларына қаражат көзделген.

Қысқасы, білім, денсаулық, әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік, ауылшаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, сәулет және құрылыс, көлік және коммуникация сынды салалардың жұмысын жандандыруға қомақты қаржы бөлініп отыр. Ол қаржы тұрғын үйлер салуға, ғимараттарды күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізуге, коммуналдық шығындарды өтеуге, қызметкерлердің айлық жалақысына жұмсалады.

Баяндамада келтірілген мәліметтер мен деректерге орай Қоғамдық кеңестің мүшелері Бениямин Файзуллин, Ринат Ғазалиев, Алмасбек Сабырбаев, Саржан Ержұманов кезекпен сұрақ қойып, өзекті мәселелерді шешудің жолдарын қарастыру керектігін ұғындырды. Қойылған сауалға жауап берген баяндамашы өңірдің өркенді істеріне арналған қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалуы керектігін жеткізіп, мәселенің мәнісін түсіндірді.

Одан соң облыс әкімдігі мен облыстық мәслихатының «Алматы облысының кейбір әкімшілік-аумақтық бірліктерін қайта атау туралы» қаулысы мен шешімінің жобасы бойынша Қаратал ауданының Қаңбақты ауылдық округін «Бәйшегір ауылдық округі», Қаратал ауданы Үштөбе қалалық округінің Фрунзе ауылын «Достық ауылы», Еңбекшіқазақ ауданы Қаратұрық ауылдық округінің Мелиоратор ауылын  «Арна ауылы» деп атау туралы ұсыныстар қаралып, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шілдедегі Заңының 25-1 бабы 2-тармағы 2) тармақшасына сәйкес оң қорытынды берілді.

Сондай-ақ, Іле ауданының Энергетический ауылдық округі «Өтеген батыр ауылдық округі», Іле ауданының Чапаев ауылдық округі мен Чапаев ауылы «Байкент ауылдық округі» және «Байкент ауылы», Іле ауданының Междуреченск ауылдық округі мен Междуреченск ауылы «Ақсай ауылдық округі» және «Ақсай ауылы», Іле ауданы Энергетический ауылдық округінің Покровка ауылы «Кенен Әзірбаев ауылы», Іле ауданы КазЦИК ауылдық округінің Комсомол ауылы «Жайнақ ауылы», Ақсу ауданы Ақсу ауылдық округінің Казсельхозтехника ауылы «Бәйтерек ауылы», Ақсу ауданы Есеболатов ауылдық округінің Энергетик ауылы «Таусамалы ауылы», Талғар ауданы Панфилов ауылдық округі Қызыл Ту-4 ауылы «Жібек жолы ауылы» болып қайта аталуына байланысты берілген ұсынысты қолдаған Қоғамдық кеңес мүшелері облыс әкімдігінің 2016 жылғы 16 наурыздағы «Сәулет, қалақұрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды басқару жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламентін бекіту туралы» №131 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» қаулысының жобасын, облыс әкімдігінің 2015 жылғы 21 тамыздағы «Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер регламенттерін бекіту туралы» №376 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» қаулысының жобасын жария талқылауға да қатысты. Талқылауға қатысқандар барлық аталған өзгерістерге бірауыздан қолдау көрсетті.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды