"ОСЫ КҮНГЕ ДЕ ЖЕТТІК": КӨКСУ АУДАНЫНДА 50 ПӘТЕР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Уақыты: 27.12.2019
Оқылды: 974
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Көксу ауданының орталығында 50 пәтерлі жалгерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Аудан әкімі Алмас Әділ салтанатты шараға қатысып, қуаныш иелеріне пәтер кілтін өз қолымен тапсырды.

«Береке» шағынауданында өткен салтанатты шарада аудан басшысы көпшілікті жаңа қонысымен құттықтап:

– Тәуелсіз еліміздің бүгініне қарап көпшілік қызығатыны анық. Біз қолымызда барды қадірлеп, қастерлей білетін халықтың ұрпағымыз. Аз ғана уақыт ішінде еліміз, оның ішінде ауданымыз жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жыл басынан бері 41 отбасы баспаналы болды. Жомарт жандар 7 отбасыға баспана сыйлады. Ол – бәріміздің еселі еңбегіміздің жемісі. Жасалып жатқан жақсылықтың барлығы да сіздер үшін, ардақты ағайын. Әрбір отбасының, әсіресе, балалардың қуанышын көру – үлкен бақыт, – деді.

Айта кетейік, 50 пәтердің 10-ы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тапсырылды. Көпбалалы аналарға 12 үй берілсе, «Алтын алқа» иегерлеріне 5, дәрігерлерге 2, мүгедек баласы бар отбасыларға 5, I, II топ мүгедектеріне 5, зейнеткерлер мен жалғыз басты аналарға 11 үйдің кілті табысталды.

Жалгерлік тұрғын үй құрылысы 2019 жылдың сәуір айында басталған.Бас мердігер «Стройтель» ЖШС 456,9 млн.теңге қаражатқа салған көпқабатты тұрғын үйдің іші кең, жарық әрі жылы.

Баспаналы болғандар қатарында «Алтын алқа» иегері Аңсаған Жаңылхан да бар. «Мен он балалы ана ретінде пәтер кілтін иеленіп отырмын. 2007 жылы кезекке тұрғанмын. Енді міне, бала-шағам, немерелеріммен осы қуанышты күнге де жеттік. Бізді осындай бақытқа бөлеген Елбасына, Мемлекет басшысына, облыс, аудан азаматтарына рахмет айтамын. Ел-жұртыма амандық, дендеріне саулық тілеймін. Еліміз аман, заманымыз тыныш болсын», – деді көпбалалы ана.

Бүгінде ауданда баспана кезегінде 828 адам тұр. Қаңтар айында 20 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысы да жүргізілетін болады.

Еңлік КЕНЕБАЕВА

Көксу адуаны

Алматы облысы