"ҚИЫП ТАСТАДЫ": ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНДА КӨМЕККЕ МҰҚТАЖ АНАЛАР ШУ ШЫҒАРДЫ

Уақыты: 09.01.2020
Оқылды: 1407
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының Ескелді ауданында жағдайы төмен отбасылар атаулы әлеуметтік көмекке құжаттарын өткізе алмай жатыр. Себебі, Ескелді ауданындағы жұмыспен қамту орталығында отырған қызметкерлер зейнетақы қорынан берілетін анықтаманы сұрап, тұрғындарды әлекке салып қойыпты. Ал тұрақты жұмысы жоқ, жалданып күн көріп отырғандар ондай анықтаманы қайдан аларларын білмей дал.

Ескелді ауданында шешімін таппаған осы мәселеге "31 арнаның" Алматы облысындағы тілшісі Самал Қабышева үңіліп көрді.

Аталмыш ауданның көмекке мұқтаж жандары атаулы әлеуметтік көмектен қағылып, Президенттен көмек сұрап отыр. "Ақшамызды қиып тастады. "Пенсионка" жоқ дейді. Мынандай қыс мезгілінде қайдан тауып беремін?" - дейді 25 жастағы Наргиз Қалиева көзіне жас алып. Ол бес баласымен, мүгедек анасымен қуықтай бөлмені пана етіп өмір сүруде. Жолдасы бала-шаға қамымен әр жерде жалданып жұмыс істейді. Дәл осы жалданып жұмыс істеуі олардың атаулы әлеуметтік көмектен қағылуына себеп болыпты.

Бұл мәселеге түсініктеме берген Қарабұлақ ауылдық округіндегі жұмыспен қамту орталығының маманы Бағлан Алтынбеков: "Ай сайын жұмыс орнынан зейнетақы қорына қаржы бөлінбесе, көмек те берілмейді. Жұмысқа қабілетті болса, жолдасы жұмыс істеуі керек. Если жұмысы жоқ болса, жұмыспен қамту орталығы ұсынған сол жұмысқа бару керек. Ал онсыз "АСП" төленбейді", - дейді.

Бұған дейін атаулы әлеуметтік көмекті 7 жасқа дейінгі баласы бар, бала күтімімен отырған жандар алып келген. Енді ол да өзгертілді. Атаулы әлеуметтік көмек тек 3 жасқа дейінгі балаларымен отыратын аналарға ғана беріледі. Шырылдаған аналар жұмыс сұрап барғанның өзінде айтарлықтай жақсы, табысты жұмыс та жоқ көрінеді. Бұл жайында Ескелді аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Гүлмира Бақтиярова түсініктеме берді.

- Біз enbek.kz арқылы жұмыс істейміз. Организацы туда выставляет вакансий. Согласно этим вакансий я предлагаю. Вот "Жетісу энерготрейд" оператор с потребителями, - деді бос жұмыс орындары қалай ұсынылатынын көрсеткен ол.

Маманның айтуынша, мәселен, аула сыпыратын қоғамдық жұмыстарға 42 мың теңге төленеді. Ол жұмыс алты ай мерзімге ұсынылады. Бірақ сегіз сағат жұмыс істеуі қажет.

"Төрт баласы барларға шығарды. Неге үш бала, екі баласы барларға шығармаған ондайды?! Келіспейміз біз, келіспейміз", - дейді шағымданған аналар.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Ескелді ауданы

Алматы облысы