"КЕПІЛДЕНДІРІЛГЕН ПАКЕТ": ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТІҢ ЖАҢА ТҮРІ ТҮСІНДІРІЛДІ

Уақыты: 10.01.2020
Оқылды: 1308
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылға арнаған әлеуметтік бастамаларын облыста жүзеге асыру мақсатында «Jetisu media»  алаңында баспасөз мәслихаты өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Зайда Ілімжанова, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Зиядин Ағыбаев қатысты.

Батыржан Құлаймергенұлы баяндамасында қазақстандықтардың жағдайын жақсартуға, халықтың аз қамтылған топтарының табысын молайтуға, білім беру мен денсаулық сақтау саласының әлеуетін арттыруға баса мән беру керектігіне тоқталды.

– Ел Президенті Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атаулы әлеуметтік көмек төлемі ашық, әділ өтіп, тұрғындарды жұмыс істеуге жұмылдыру қажеттігін ерекше атады. Сондықтан да, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек расымен де мұқтаж отбасыларға берілуі тиіс. Қазіргі таңда облыста 4 баладан көп баласы бар 43 мың отбасы бар. Көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджет есебінен төленеді. Бүгінде мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған 43 441 отбасыға 1 937 млн.теңге төленді. Ал кепілді әлеуметтік пакетпен 18 жасқа дейінгі 83 мың бала қамтылатын болады. Алдағы уақытта да облыстық әлеуметтік карта жұмысын жалғастырып, халықтың әлеуметтік осал тобын анықтап, көпбалалы аналарға тегін жол жүру билетін, мектепке дейінгі балалардың төлемақысын, білім гранттары мен тегін газ жүйесіне қосу ісіне қосуды жіті қадағалайтын боламыз. Талдықорғанда «Жанұя» орталығы ашылды. Бұл жерде құқықтық, психологиялық консультациялар және мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмек жайында тұрғындарға толық мәлімет беріледі. Орталықты ашу үшін жергілікті бюджеттен 35 млн.теңге бөлінді, – деді Батыржан Құлаймергенұлы.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылғаны бәрімізге белгілі. Ол медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталады. Баяндамашының айтуынша, бүгінге дейін қорға түскен жарналар мен аударымдар құны 11, 2 млрд.теңгені құраған. Медициналық ақпараттық жүйе облыстағы 47 мемлекеттік және 34 жекеменшік медициналық ұйымдарға орнатылған.

Облыс әкімінің орынбасары «Мұғалім мәртебесі» туралы заңға сүйеніп, білім сапасын арттыру жайында әңгіме өрбітті. 1-10 сыныптардың бәрі де жаңартылған білім мазмұнына ауыстырылып, 100 пайыз оқулықпен қамтылғанын, облыстағы 38 үшауысымды мектепті жою мақсатында құрылысы жоспарланған 6 мектеп салынатынын тілге тиек етті.

Баспасөз жиынында сөз алған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Зайда Ілімжанова көпшілікті мазалаған атаулы әлеуметтік көмек жайлы ақпартпен бөлісті. Оның айтуынша, 2019 жылы АӘК-ті 50,7 мың отбасы алған. Бұл көмек түрін алу үшін еңбекке жарамды отбасы мүшелері жұмыс істеуі тиіс.

– Әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа түрі үш ай сайын мекенжай бойынша көмек көрсетуді тағайындау, межелі критерийді сақтау арқылы күнкөріс көзінің көлемі бойынша әр отбасы мүшесінің жан басына шаққандағы кірісі 70 пайыздан кем болмауы керек. Бұл көмек көлемі жан басына шаққандағы кіріс пен кедейлік шегі бойынша анықталады. Еңбекке жарамды азаматтар жұмысқа орналаспаған жағдайда әлеуметтік көмек беру тоқтатылады. Биылдан бастап барлық АӘК алушыларға кепілдендірілген пакет беріледі. Мұнда 1-6 жас аралығында балалары бар отбасына азық-түлік пен гигиеналық заттар, ал 6-18 жас аралығындағы балаларға мектепте ыстық тамақ, оқу құралдары мен мектеп формасы және тегін жол жүру билеті қарастырылған, – деді басқарма басшысы.

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Зиядин Ағыбаев әлеуметтік көмек 4 балаға – 42 496 теңге, 5 балаға – 53 127 теңге, 6 балаға – 63757 теңге, 7 балаға – 74 388 теңге төленетінін айтты.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы