"ТАҒЫ ДА САЛЫНЫП ЖАТЫР": КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРҒА ПӘТЕР КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

Уақыты: 12.01.2020
Оқылды: 1068
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қаскелең қаласындағы «Қарлығаш» тұрғын үй кешенінде бірнеше көпбалалы ананың арманы орындалып, көптен күткен пәтер кілтіне ие болды. Аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың қатысуымен өткен салтанатты шарада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева аналарға пәтер кілтін табыстады.

Қуаныш иелері Аян Тәженова мен Әмина Көкеева «Алтын алқа», ал Қарлығаш Тоқтарбай «Күміс алқа» иелері болса, Ақзайда Бекбосынова мен Алтынгүл Күлшікова бірнеше бала тәрбиелеп отырған ардақты ана. Олардың барлығы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Қарлығаш» мөлтекауданында жаңадан салынған үйден сатып алу құқығынсыз арендалық пәтерлерге ие болды. Баспаналы болған отбасыларды пәтер кілтімен бірге аудан әкімі атынан табыс етілген теледидар қуантты.

Жаңа қонысқа кіріп отырған аналарды құттықтап, ізгі тілектерін айтқан Жандарбек Ермекұлы бұл тұрғын үй кешенінде көпқабатты 31 үйдің салынатынын жеткізді. Мемлекеттің қолдауымен 40 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталса, 50 пәтерлі тағы бір үй таяу уақыттары пайдалануға беріледі.

Биыл Қарасай ауданында бұдан басқа тағы 64 пәтерлі бір үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жеке инвестордың қаржысына салынып жатқан бұл нысандардың инженерлік құрылымдары мемлекет есебінен жүргізіледі. Сонымен қатар, тұрғын үй кешенінің ауласын абаттандырып, Әйтей ауылына қарай шығатын жолды толығымен күрделі жөндеуден өткізу мәселесі де ойластырылған.

Қарасай ауданында былтыр 104 пәтерде қоныстойы тойланып, оның біразы «7–20–25» бағдарламасы аясында жүзеге асқанын айта кету керек. Ал, көпбалалы отбасыларға бөлінуі жоспарланған 53 пәтердің онына бүгінгі күні 10 отбасы қоныстанып үлгерді.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы