ВИЦЕ-МИНИСТР: "ХАЛЫҚТЫҢ ЕҢБЕК ЕТУГЕ ҚҰЛҚЫ ЖОҚ"

Уақыты: 15.01.2020
Оқылды: 1043
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан ӘУКЕНОВ жұмыс сапарымен Алматы облысының орталығына келді. Арнайы жұмыс тобын облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов қарсы алып, өңір тұрғындарына атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа тетіктерін, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасындағы жаңашылдықтарды түсіндірді.

Министр орынбасары жұмысын халыққа қызмет көрсету орталығынан бастады. Қажетті құжаттарын рәсімдеуге келген тұрғындарға бірнеше терезе қызмет көрсетеді. Мемлекеттен төленетін атаулы әлеуметтік көмектің құжаттарын рәсімдеу бойынша 6 терезе жұмысын жүйелі атқаруда. Бірақ электрондық цифрлық қолтаңба алуға келушілердің қарасы көп болғандықтан, қызмет сапасы төмен көрсетілгеніне тұрғындар наразы. Министрдің орынбасары алдағы уақытта халыққа сапалы әрі жылдам қызмет көрсету мақсатында қосымша жұмыс терезелерін ашып, тұрғындарға ғаламтор арқылы қызмет алуды үйретіп, кезекке келушілер санын азайтудың жолдарын қарастыру керек деген ұсыныс айтты.

Одан кейін елордалық қонақ Талдықорған қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде болып, онда атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін құжаттар қабылдау, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында атқарылған жұмыстармен танысты.

– Біз АӘК бойынша бұрын қолданыста болған шекті өлшемді сақтадық. Әлеуметтік көмек тағайындау үшін отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан кем болуы тиіс. Отбасының барлық мүшесі үшін АӘК мөлшері жан басына шаққандағы табыс пен кедейлік шегінің арасындағы айырмашылық ретінде айқындалатын болады. АӘК ашықтығын қамтамасыз ету үшін тоқсан сайын тағайындалады. Ал отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізу мерзімі 3 күннен 7 күнге дейін ұлғайтылады, – деді Ерлан Әукенов.

Министр орынбасары АӘК алатын табысы аз отбасылардың балаларына ұсынылатын кепілдендірілген әлеуметтік топтама турасында сөз қозғады. Ол арнайы кепілдендірілген азық-түлік пен тұрмыстық химия өнімдерінің, әсіресе, балаларға арналған тіс щеткасының сапасына қатты мән беру керектігін айтты. Пакет құрамындағы өнімдер ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша топтастырылғанын жеткізді.

– Жаңа реформаның мақсаты – жағдайы төмен отбасыларды тұрмыстық қиындықтан шығарып, халықты жаппай жұмысқа орналастыру. Жағдайы төмен, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға беріліп жатқан көмек – қиндықтан шығудың бір жолы. Мемлекет тарапынан қаржылай көмек берілсе, ол отбасының әкесі мен анасы қиындықтан шығудың жолын өздері қарастыруы керек. Бала үш жасқа толған сәттен балабақшаға беріп, анасы жұмысқа орналасуы тиіс. Осыған байланысты «Еңбек» бағдарламасы бойынша 4, 6, 8 сағаттық жұмысқа орналасуына да мүмкіндік бар. Тек жұмыс істеуге ниет болса болғаны. Біз жұмыстық тәжірибемізге сараптама жасай отырып, халықтың еңбек етуге құлқы жоқтығын анықтадық. Ащы болса да мұндай шындықты айтуға тиіспіз. Жұмысқа ниеті жоқ адам кез келген сылтау табады. «Қолы қимылдағанның аузы да қимылдайды» дегеннен нәтиже шығаратындар тым аз. Мемлекет бұл көмекті 3 немесе 5, ары кетсе, 10 жыл берер, алайда мемлекет көмек береді деп алақан жайып отырмай, еңбекке араласу керек. Халықты еңбек етуге тәрбиелеу - бәріміздің ортақ міндетіміз. Егер отбасындағы ата-ана жұмыс істемесе, шамамен 15-20 жылдан кейін осындай тәрбиені көріп өскен бала да дәл осы жолды таңдайтыны анық. Мәселен, ел басына қиын күн туған шақта азаматтарын соғысқа аттандырып, аналар ауыр жұмыс істей жүріп, 5-6 баланы адал еңбекпен жеткізді. Еңбек етудің жолын көріп, түсінген сол батыр аналарымыздың балалары бүгінде мықты кәсіпкер, мықты ғалым. Міне, біз қазіргі қоғамға баланы еңбекке тәрбиелеудің жолын көрсетуіміз керек, – деді Ерлан Мұратұлы.

Одан кейін вице-министр көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған әлеуметтік «Жанұя» орталығының жұмысымен танысты. Бұл орталықтағы қызметтің бәрі «бір терезе» принципімен жұмыс істейді. Орталықта балалардың ойын алаңы да қарастырылған. Ал аналарға құқықтық, психологиялық, медициналық, медиациялық, қаржылық сауаттылық тұрғыда көмек көрсетіледі. Кәсіп ашу, жұмысқа орналасу, АӘК тағайындау, баспана алу бойынша мамандардан нақты кеңес беріліп, құжат рәсімдеу бойынша көмек көрсетіледі.

– Мұндай орталық бүгінгі таңда өте қажет. Бұл орталықтың жұмысын үзіліссіз атқару керек. Мобильді қосымшаларды іске қосып, уатсап, мессенджер арқылы көмек көрсету тетіктерін іске қосыңыздар. Орталыққа келген аналарға әртүрлі тақырыптарда семинар-тренинг өткізуді қолға алыңыздар. Іскер әйелдер үйде бала тәрбиесімен отырған аналарды жігерлендіру керек. Облыс аумағында ғана шектелмей, республика көлемінде жетістікке жеткен нәзік жандармен кездесу өткізіп, солардың тәжірибесімен бөлісіп, аналарға қолдау жұмыстарын жүйелі атқарсаңыздар осының өзі үлкен жетістік, – деді Ерлан Мұратұлы.

Жұмыс сапарын қорытындылаған вице-министр облыстық әкімдікте өңірдің қалаларымен, аудандарымен жаңа форматтағы АӘК тағайындау және табысы аз отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік топтамалармен қамтамасыз ету мәселелері бойынша селекторлық семинар-кеңес өткізіп, атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға үміткер отбасылардың материалдық жағдайына тексеру жүргізу кезінде учаскелік комиссиялардың жұмысын қалай құру керектігін егжей-тегжейлі айтып берді.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы