"САПАЛЫ ОРЫНДАЛСЫН": БАСҚАРМА БАСШЫСЫ ӨТКЕН ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Уақыты: 16.01.2020
Оқылды: 1055
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өткен жылдың қорытындысын жасап, алдағы жылда атқаратын жұмыстары туралы мәжіліс өткізді.

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов ашып, жүргізіп отырды. Әуелі сөз алған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Зайда Ілімжанова нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасымен 32,7 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылғанын, оның ішінде 8746 кәсіптік оқуға түсіп, 1840 шағын несие алып, 1317 әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқанын айтты. Сонымен қатар, басқарма басшысы биыл 14,4 мың адамды жұмыспен қамтуға 9,7 млрд.теңге бөлініп отырғанын да жеткізді. Айтуынша жоспарлы жұмыстар тұрақты жүргізіліп жатыр.

Елбасының тапсырмасына сәйкес табысы төмен отбасыларды, көпбалалы отбасыларды атаулы әлеуметтік көмекпен қамтуды кеңейту үшін 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап жаңа жүйелер қолданысқа енгізілді. Мәселен атаулы әлеуметтік көмек көрсету өлшемінің бір адам үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 пайыздан 70 пайызға өсіп, 257,7 мыңнан астам адамды (50 681 отбасы) қамтуға мүмкіндік беріпті. 2018 жылмен салыстырғанда 4,4 есеге артқан.

Облыста 13 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Оның оны стационарлық үлгіде. Орталықтар былтыр 2319 адамға қызмет көрсеткен. Ал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің 46 бөлімшесі арқылы 4446 адам арнаулы көмек алыпты.

Былтыр 2018 жылмен салыстырғанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыруға және көмек көрсету бойынша қаржы 30,6 пайызға өскен. Биыл мүгедектерді оңалтуға 4 млрд. 649 млн.теңге қарастырылып, 31 803 адамды қамту жоспарланған.

Іс-шара соңында облыс әкімінің орынбасары Батыржан Құлаймергенұлы жұмыс қорытындысын шығарып, жұмыспен қамту және әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша 2020 жылға жоспарланған көрсеткіштердің нәтижесін жақсартып және сапалы орындау бойынша нақты тапсырмалар берді.

Қали АСҚАР

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды