"ҚЫСҚАРТЫЛДЫ": БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ КӘСІПОРЫНДАРДАҒЫ СОРАҚЫЛЫҚ ТУРАЛЫ АЙТТЫ

Уақыты: 16.01.2020
Оқылды: 1396
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен селекторлық кеңес өтті. Онда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес сыртқы еңбек көші-қонын реттеу мәселесі талқыланды.

Кеңес барысында Бердібек Машбекұлы:

– Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Бас прокуратура жергілікті билікпен бірге арнайы 95 кәсіпорынды аралап, тексеру жүргізді. Онда мыңнан астам заңбұзушылық анықталды. Осыған орай шетелден шақырылатын жұмысшылардың квотасы 49 мыңнан 29 мыңға қысқартылды. Тексеру кезінде мамандығын ауыстырып қызмет істеп жүргендер анықталды. Мәселен, елімізге инженер болып жұмыс істеуге рұқсат алып, шын мәнісінде аспаз болып жүргендер бар. Ең сорақысы, жалақысын инженер ретінде алады. Мұндай кәсіпорындардың басшыларына қатаң шаралар қабылдау қажет. Қазақстандық және шетелдік жұмыскерлер үшін жалақы мөлшері, еңбек шарттары да бірдей болу керек,  – деді.

Вице-Премьер өзге елден келетін мигранттардың басым бөлігі қарапайым жұмысшы екенін айтып, мұндай мамандықтарды жергілікті адамдар да істей алатындығын жеткізді.

Бұл жайында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов баяндап, 397 әкімшілік іс қозғалып, 507 шетелдік жұмысшы елден шығарылғанын айтты.

Осыдан кейін ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров: «ТМД елдері азаматтарының заңсыз еңбекпен айналысуына көбіне Қазақстанға келіп-кетудің жеңілдетілген тәртібі ықпал етті. Оларға уақыт жағынан ешқандай талап қойылмаған. Осыған орай заңнамаға өзгерістер енгізілді. Енді визасыз режимде келетін шетелдік азаматтар Қазақстанда 90 күннен артық бола алмайды», – деді.

Жиын соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов көтерілген мәселе бойынша кемшіліктерге жол бермеу жайында ескертіп, бұл мәселені күнделікті бақылауға алу керектігін айтты.

Айдар ҚАЛИЕВ