ҚАЗАҚСТАНДА ЖӘРДЕМАҚЫНЫҢ БАРЛЫҚ ТҮРЛЕРІ ӨСТІ

Уақыты: 21.01.2020
Оқылды: 1835
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

2019 жылдың 4 желтоқсанындағы №276 Қазақстан Республикасының «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына сәйкес төлемақыларға байланысты өзгерістер орын алды.

Жасына байланысты зейнетақының ең төменгі мөлшері 2020 жылдың 1 қаңтарынан 38636 теңге мөлшерінде (2019 жылдың 1 қаңтарынан 36108 теңге болған), ең төменгі базалық зейнетақы 2020 жылдың 1 қаңтарынан 16037 теңгеден 16839 теңгеге дейін өсті. Яғни, 2020 жылдан жасына байланысты зейнетақының ең төменгі мөлшері базалық зейнетақыны қосып есептегенде 55475 теңгені кұрады (2019 жылы 52145 теңге болған). 2020 жылдың 1 қаңтарынан жасына байланысты және еңбек сіңіргені үшін зейнетақы мөлшерлері, алып жүрген зейнетақы мөлшері 7 пайызға, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 2020 жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері өсуіне байланысты көбейтілді.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі 2020 жылдың 1 қаңтарынан 31183 теңге, ең төмен жалақы 42500 теңге болды. ҚР 2013 жылдың 21 маусымындағы «ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңында 2020 жылдың 1 қаңтарынан тағайындалатын зейнетақы мөлшерін есептеу үшін қолданылатын орта айлық табысы 46 айлық есептік көрсеткішпен шектеледі. 2020 жылға айлық есептік көрсеткіш 2651 теңге мөлшерінде белгіленгендіктен, 2020 жылдың 1 қаңтарынан жасына байланысты зейнетақы тағайындалатын азаматтарға зейнетақы мөлшерін есептеуге алынатын табыс 121946 теңгемен (2651,00х46) шектелетін болады. Сонымен қатар, ҚР «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына сәйкес 2020 жылға арналған айлық есептік көрсеткіштің 2651 теңгеге дейін көбейтіліп белгіленуіне байланысты арнаулы мемлекеттік жәрдемақының, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақынының, №1, №2 тізімдер бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақылардың, бала туғанда бір рет төленетін және бала бір жасқа толғанға дейін күтімі үшін төленетін жәрдемақылардың, Семей ядролық сынақ полигонында зардап шеккен азаматтарға бір рет төленетін, жаппай саяси зардап шеккен азаматтарға төленетін өтемақының мөлшері де өсті.

1997 жылғы 16 маусымдағы №126 «ҚР мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» Заңның 12, 16 баптарына сәйкес мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің көтерілуіне байланысты жәрдемақылардың мөлшерлері өсірілді. 2020 жылдың 1 қаңтарынан I топтағы жалпы ауруы бойынша мүгедектің жәрдемақы мөлшері – 59872 теңгені құрады (2019 жылдың 1 қаңтарынан – 57021 теңгені құраған), II топтағы жалпы ауруы бойынша мүгедектің жәрдемақы мөлшері – 47710 теңгені құрады (2019 жылдың 1 қаңтарынан – 45438 теңгені құраған), III топтағы жалпы ауруы бойынша мүгедектің жәрдемақы мөлшері – 32431 теңгені құрады (2019 жылдың 1 қаңтарынан – 30886 теңгені құраған).

Мүгедек баланы (18 жасқа дейін) тәрбиелейтін ата-анаға (қорғаншысына, қамқоршысына) төленетін жәрдемақының мөлшері және бала жасынан бірінші топтағы мүгедекті күтім жасаудағы отбасыға ең төменгі күнкөріс деңгейі өсуіне байланысты өсірілді. Яғни, 2020 жылдың 1 қаңтарынан осы жәрдемақының мөлшері – 43657 теңгені құрады (31183 теңге (ең төменгі күнкөріс деңгейі) х1,4).

2020 жылдың 1 қаңтарынан мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек ету қабілетінен айырылған, асыраушысынан айырылған жағдайларда тағайындалған әлеуметтік төлемдердің мөлшері 5 пайызға өсті.

2020 жылдың 1 қаңтарынан барлық әлеуметтік төлем алушының зейнетақы, жәрдемақы және әлеуметтік төлемдердің мөлшері өсті. Жоғарыда аталған қаржы «Азаматтарға арналған үкімет «Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Алматы облысы бойынша филиалының аудандық, қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдерінде төленуде.

Ж.ДӘЛІБАЕВ,

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департамент басшысының орынбасары

Сурет ғаламтордан алынды