"ОРТАҚ ПАЙДАЛАНАЙЫҚ": ӘКІМ ЕСЕБІНДЕ ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕР МӘСЕЛЕСІ ҚОЗҒАЛДЫ

Уақыты: 28.01.2020
Оқылды: 839
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жамбыл ауданының әкімі Бағдат ӘЛИЕВ есеп берді. Кездесуге тұрғындар, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының, аудандық қызмет көрсету мекемелерінің басшылары, ауыл әкімдері, қоғамдық ұйымдар өкілдері келді. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВ қатысты.

Бағдат Байшалұлы 2019 жылы атқарылған істерді баяндап, алдағы межелерді айқындады. Жылды табысты аяқтаған ауданда тұрғындар саны жылдан-жылға өсіп, 170 мыңға жеткенін айтты. Ауылшаруашылығындағы жетістіктер де сараланды. Аталған салада өңдеу ісі қолға алынып, «Империя Фуд» ЖШС жылына 8 мың тонна ет өндейтін заманауи ет комбинаты іске қосылған. Биыл «Атек Агро» ШҚ көкөніс өңдеу зауытын салмақ.

Есеп беру жиынында ауыл төңірегіндегі жайылым жерлерді ортақ пайдалануға беру туралы сөз қозғалды. Осыған дейін 24 селолық округ орталығында халықпен жүздескен аудан әкімі тұрғындардан жиі қойылған сұрақтың осы болғанын айтты. Әкім алдағы уақытта жайылымды орталықтандыру мәселесінің оң шешім табуы үшін жұмыс жүргізетінін жеткізді.

Өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 18 млрд.теңгені құрады. Ауданда «Виратек» ЖШС сұйық травертин шығаратын цехы, «ТрансГранит» ЖШС-нің гранит өндіретін цехы ашылды. Үлкен ауылында «Әбілхайыр» ЖШС балық өндірісін кеңейтті. Бұл кәсіп-орындарда 640 млн.теңгеге 380 тонна өнім өндіріліп, 190 адам жұмыс орындарымен қамтылды. Сондай-ақ, жеке инвестиция есебінен биыл іскер азаматтар өзіндік құны 6,8 млрд.теңге 4 мың тонна көкөніс өндіретін жылыжай кешенін салмақ. Онда 60-70 жұмыс орны ашылады.

Биыл Үлкен ауылында «ҚазНұрХолдинг» ЖШС Біріккен Араб Әмірліктерімен бірлескен жобалық құны 195 млрд.теңге, қуаттылығы 100-ден 500 мВт-қа дейінгі электр стансысының құрылысы жоспарлануда. Күннен қуат алуға негізделіп, кезең-кезеңмен салынатын стансы жобасы жүзеге асса 250 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Бюджетке 9,7 млрд.теңге салық пен басқа да міндетті төлемдер түсіп, алдыңғы жылдан 2 млрд. теңгеге асты.

Аз қамтылған көпбалалы отбасыларын тұрғын үймен қамту мақсатына 82 млн.884 мың теңге бөлініп, 10 тұрғын үй сатып алынды. Үңгіртас ауылының Мәдениет үйі күрделі жөнделді. Тарғап ауылында дәрігерлік амбулатория салынды. Ұзынағаш ауылында республикалық бюджеттен бөлінген 5,4 млрд. теңгеге жаңа үлгідегі, заманауи жабдықталған 100 орынды перзентхана құрылысы аяқталуға жаңа үлгідегі, заманауи жабдықталған 100 орынды перзентхана құрылысы аяқталуға жақын. Жобалық-сметалық құны 3 млрд.теңгені құрайтын, бір ауысымда 250 адам қабылдай алатын аудандық емхана құрылысы жүріп жатыр.

Одан кейін тұрғындар Төлегетай Ақбауов, Бештай Сейдалиев ой-пікірлері мен ұсыныс-тілектерін білдірді.

Лаззат Махатұлы көпшілікті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасына сәйкес Жетісу аймағында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Ауданда орын алған кемшіліктер мен жұмысты күшейтуге қажет бірқатар мәселеге аудан әкімі мен жергілікті атқарушы органдардың назарын аударды.

Атап айтқанда, бірнеше медициналық пункт ғимаратының апатты жағдайда тұрғанын, ана өліміне жол берілгенін, сөз етіп, елді мекенде халықтың, әсіресе, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, көшедегі қылмысты азайтып, жол-көлік оқиғалары жиі болатын жерлерде бақылауды күшейтуді тапсырды.

Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында жаңа инвестициялық жобалар ұсыну, ірі қара мал етін экспорттау және тауарлы-сүт фермаларын құру жұмысын жандандыру, бюджетке салық түсімдері мен басқа да міндетті төлемдердің толық көлемде түсуін қамтамасыз ету, әлеуметтік мәні бар азық-түлік бағасының көтерілуіне жол бермеу, «7-20-25» бағдарламасы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемін арттыру, қысқы жылыту маусымын, елді мекендерді көркейту, абаттандыру, санитарлық тазалық айларын өз деңгейінде өткізу, көктемгі су тасқынының алдын алу, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуды міндеттеді.

Жиында аудан әкімінің жұмысы қанағаттанарлық деп бағаланды. Одан кейін аудан әкімі азаматтарды жеке қабылдады.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы