ӘКІМ ЕСЕБІ: АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ТҰРҒЫНДАР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕГЕ ЖАУАП БЕРДІ

Уақыты: 03.02.2020
Оқылды: 1330
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қаскелең қаласындағы Мәдениет үйінде Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаевтың есеп беру жиыны болып өтті. Алқалы басқосуға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қуаныш АСЫЛОВ, Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ арнайы қатысты.

Аудан тұрғындары, облыстық басқарма басшылары, облыстық және аудандық мәслихаттың депутаттары, еңбек ұжымдары мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысқан жиында баяндама жасаған Жандарбек Ермекұлы атқарылған ауқымды шараларға жан-жақты тоқталып өтті.

Былтыр есеп беру науқаны кезінде өткізілген 50 кездесуге 7321 адам қатысып, 182 азамат сөз алғанын тілге тиек еткен аудан басшысыосы жиындарда әлеуметтік сипаттағы 42 ұсыныс пен ескерту түскенін, олардың 14-і жол құрылысы мен күрделі жөндеуге, 6-ы денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет саласына, 6-ы абаттандыру мәселесі, санитарлық жағдай мен экология мәселелеріне, 8-і елді мекендерді электрлендіру, көгілдір отынмен қамтамасыз ету, телефон байланысы, 3-і ауыз сумен жер мәселесі және өзге да жайларға қатысты болғанын жеткізген. Тұрғындар тілегі бойынша жасалынған жоспар негізінен жүзеге асырылып, ел игілігіне жаратылғаны қуантады.

Қарасай ауданы Алматы қаласының іргесінде орналасқан ірі индустриалды және аграрлы аймақ ретінде соңғы жылдары жедел жаму жолына түскен өлкелердің бірі. Осыған байланысты бірер көрсеткіштерге тоқтала кеткеннің артықтығы бола қоймас. Атап айтқанда, өткен жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 292,0 млрд.теңгені құрап, нақты көлем индексі 112,7 пайызға жеткен. Облыстық өнеркәсіп өндірісіндегі ауданның үлесі 30,8 пайыз болып отыр. Ауданда 18 ірі өндірістік кәсіпорындар, және 6 жүйе құраушы кәсіпорындар жұмыс істеуде.

Жалпы ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі 57,5 млрд.теңгеге жетіп, облыстағы үлесі 6,8 пайызды құрады. Ауданда шағын және орта бизнеспен айналысатын 14 мың 629 субьект тіркелген. Шағын кәсіпорындар саны 2,585, жеке кәсіпкерлер қатары 10 мыңнан асып жығылады. Аталған ұжымдар 65 мың 730 адамды жұмыспен қамтып отырғанын атап айту керек. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар 124,0 млрд.теңгені құрап, облыстағы ауданның үлесі 19,3 пайызын беріп отыр. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру, құрылыс жұмыстары, бөлшек сауда айналымы, бюджетке түсетін салықтар көрсеикіші де көңіл көншітерліктей. Жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 3008 адам өтініш білдірсе, бүгінгі күнге дейін олардың 2818-і жұмысқа орналастырылған. «Атаулы әлеуметтік көмек», «Нәтижелі жұмыспен қамту», «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Бастау бизнес» сияқты бағдарламалар ауданда қарқынды жүзеге асырылып жатқаны да баяндамадан анық аңғарылды.

Ауданда орта білім беру саласында 55 мектеп өз қызметін жалғастыруда. Мұнда 2019-2020 оқу жылында 62 мың 299 оқушы білім алып жатса, 8060 бүлдіршін бірінші сыныптың табалдырығынан аттаған. Ауданда үш ауысымды мектептердің мәселесі кезең-кезеңмен шешіліп келеді. Бұқаралық спорт пен дене шынықтыру саласында Шамалған ауылында пайдалануға берілген дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен Райымбек ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында салынып жатқан спорт кешенін айтса да жеткілікті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жасалынып жатқан шаруалар да ауыз толтырып айтуға тұрарлық.

Аудан әкімі өз баяндамасында денсаулық сақтау, автомобиль жолдары, құрылыс саласы, коммуналдық шаруашылық, құқықтық тәртіп бағытындағы игі істер мен жекелеген кемшіліктерге тоқталып, жұмысты жандандырудың жолдары жайында өз пайымын жұртшылық назарына ұсынды.

Биылғы есеп беру жиынының өзгешелігі – жаппай сөзге жазылып, жабыла мақтау, әкім жұмысына жоғары баға беру етек алған жоқ. Тұрғындар өздерін алаңдатып жүрген жайлар бойынша сұрақтарын қойып, нақтылы жауап алып жатты.

Мәселен, Қаскелең қаласының тұрғыны Надежда Кравчук көп қабатты үйлерді жылумен қамтамасыз ететін бу қазандықтарын салу мәселесін білгісі келген. Аудан орталығында 28 көп қабатты үйлерге 7 бу қазандығын орнату жоспары бар екенін айтқан Жандарбек Ермекұлы оны жүзеге асырудың жолдары мен уақытын да бүкпесіз айтып берді.

Наталия есімді Қаскелең қаласының тұрғыны кәріз сулары жиналатын жерлердегі мүкіген иістен тұрғындар жайсыздық көріп отырғанын айтып, көмек сұраған.Аудан басшысы бұл мәселені жақсы білетінін, таяу болашақта кәріз жүйесі қала сыртына шығарылып, су қоймаларындағы жағымсыз иісті кетіруге арналған қондырғылар орнатылатынын жеткізді.

Долан ауылы тұрғындары атынан сөз алған азаматша елді мекеннің тұрғындары жыл санап артып келе жатқандықтан балаларды мектеппен қамтамасыз ету үлкен қиындық туғызып келе жатқанын айтып, жаңа мектеп ғимаратын тұрғызу мәселесін көтерді. Қарасай машина жасау зауытының өкілі өнеркәсіптік аймақта электр қуатының тапшылығына байланысты Көкөзек қосалқы стансысының салынуы жайлы сұрақ қойып, өңір басшылығы тарапынан бұл мәселе қолға алынғандығы туралы нақтылы жауабын естіген.

Осыдан кейін мінберге көтерілген Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы өлкедегі 20 аудан мен қалаларда есепті жиындар өткізіліп жатқанын, олардың қайсыбіріне өзінің қатысқанын баяндап берді. Іле мен Қаратал аудандарынан кейін жол Қарасай ауданына түскенін тілге тиек еткен облыс басшысы жер жаннаты – Жетісудағы іргелі істер жайында қысқа әрі нұсқа айтып өтті.

- Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жері – Қарасай ауданы біз үшін ерекше өлке. Біз ауданға үнемі көңіл бөліп, жақсы бастамаларына қолдау көрсетіп келеміз. Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедициясы Елбасының кіндік кескен жері – Үшқоңырдан бастау алғалы отыр. Бұл біз үшін зор мақтаныш, - деді ол сөзінің басында. – 24 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық даму барысына жақсы баға берілді. Аталған жиында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Негізгі міндет – ел экономикасын дамыту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және ішкі тұрақтылықты сақтау болып табылады. Сондықтан, барлығымыз мемлекет мүддесіне еңбек етуге тиістіміз», - деген болатын. Облыста осы мақсаттарды кезең-кезеңмен жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Облыс әкімі өткен жылы өңірлік өнім 4,5 пайызға артып, үш триллион теңгеге жеткенін мәлімдеді. Жаңадан 48 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, бюджетке түсімдер 509 млрд.теңгеден асқан. Шет елдерден инвестиция тартып, өңдеу өнеркәсібін дамыту қарқын алуда. «Қазақстанда жасалған» деген маркамен шетелдерге тауар экспорттау жүзеге асатын болады.Өзімізге қажетті электр қуатымен молынан қамтамасыз ету де таяу жылдардың үлесіндегі шаруалар. Алматы облысын газдандыру жоспары бойынша Үштөбе, Текелі қалалары мен Сарыөзек, Бақанас ауылдарына газ құбырлары жеткізілген. Соның нәтижесінде 257 елді мекен көгілдір отынмен қамтамасыз етілетін болады.«Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» бағдарламалары бойынша баспаналы болғандар қатары көбеюде. Соңғы бес жылдың ішінде облысымызда 55 орта мектеп салынып, пайдалануға берілуі еш өңірде болмаған құбылыс. Ал, алдағы уақыттары мұндай жобалардың саны да, сапасы да арта бермек.

Қарасай ауданы да облыс көлеміндегі ілкімді істрден қалыспай, көшбасшылар қатарынан көрініп келеді. Қаскелең қаласымен бірге 24 елді мекенді таза ауызсумен қамтамасыз ететін Қаскелең топтама су жүйесі жобасының өзі ауыз толтырып айтарлықтай. Сонымен қатар, Амандық Ғаббасұлы жекелеген кемшіліктерге тоқталды.

Атап айтқанда,«Алматы-Бішкек» автокөлік жолының «Алтын Орда» сауда кешені арқылы өтетін бөлігіндегі құрылыс кешеуілдеп жатқанына пікір білдірді. Үш жылдан бері шешімін таппай, «сақалды құрылысқа» айналған нысанның жұмысын жеделдету қажет. Аудандағы 307 көпқабатты тұрғын үйдің 91-і күрделі жөндеуді қажет ететіні де назар аударарлық жағдай. Тұрмыстық қалдықтарды шығару, оралды қайта өңдеу - кезекте тұрған өзекті мәселелердің бірі. Алматы қаласының маңайында орналасқан аудан өзге өңірлерден көшіп келушілердің қызығушылығын тудыруда. Табиғи өсім есебінен де халықтың саны еселеп артып келеді. Солардың барлығын балабақшамен, мектеппен, спорттық кешендермен қамтамасыз ету қажет. Мектеп құрылысына жер телімін табу – қиынның қиыны. Мұның бәрі бір кездері жердің бей-берекет сатылып кетуінің салдары. Халыққа медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыру қажет. Бұл салада өз ісіне берілген, мамандығының шынайы шеберлері жұмыс жасағаны жөн. Көп қабатты тұрғын үйлерді жылыту мәселесіне де бейжай қарауға болмайды. Газ құбырларын жүргізуде жіберілген кемшіліктер мен салғырттықтың салдарынан апатты жағдай орын алды. Қария мен сәбидің қайғылы қазасына алып келген мұндай жайларға жол мерілмеу керек. Шамалған стансысы арқылы өтетін теміржол көпірін салу кезек күттірмейтін жұмыстардың бірі. Амандық Ғаббасұлы осы және өзге де мәселерге көңіл аударып, басшылардан жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жасауды талап етті.

Шамалған стансасы ауылындағы ақсақалдар алқасының төрағасы Базаркелді Әлесов теміржол арқылы өтетін көпірдің құрылысы үшін тұрғындар атынан Амандық Ғаббасұнына алғысын жеткізіп, 40 мыңнан аса тұрғыны бар елді мекенге стационарлы аурухана салуға ықпал етуін сұрады.

Қаскелең қаласындағы «Қарлығаш» ықшамауданының тұрғыны Гүлзира Бақышева қалаға қатынап істейтін тұрғындар үшін Алматыға баратын жол қиындығын, сол үшін ықшам ауданнан шығатын жолды кеңейту мәселесін көтеріп, облыс басшысы тарапынан бірден қолдау тапқан.

Қаскелеңдік Галина Акимова тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мәселесін көтерсе, Сәуле Сапарғалиева Қаскелең қаласында студенттер поликлиникасын салу қажеттігін тілге тиек етті. Келесі болып мінберге көтерілген Қарасай аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Едіге Жүнісбеков өлке басшысына атқарылып жатқан іргелі істері үшін алғыс айтып, алдағы уақытта да ел игілігі үшін еңбек ете беруіне тілектестігін білдірді.

Осыдан кейін Амандық Баталов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бұл жерде Жармұханбет ауылының тұрғыны, жалғызбасты ана Айгүл Меттібаева үйіне көгілдір отын кіргізуге жәрдем сұраса, Қайнар ауылынан келген Фая Мұсанова кәріз жүйесі мәселесін қозғады. Береке Абайділданов Райымбек ауылындағы Әзірбаев атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажеттігіне тоқталып, Жандосов ауылының тұрғыны Ғалия Құшқанова көшелерді жарықтандыру жайын, Қошмамбет ауылынан келген Гүлбану Бердібаева орта мектепке күрделі жөндеу қажеттігін мәселе етіп көтерді. Пак Нелли бастаған Жаңатұрмыс ауылының бір топ тұрғыны елді мекенді ауызсумен қамтамасыз етудегі олқылықтарды айтып, мәселені шешуге облыс басшысының араласуын сұрады.

Көтерілген мәселелерді мұқият тыңдаған Амандық Ғаббасұлы жауапты адамдарға тікелей тапсырма беріп, орын алған олқылықтардың түзетілуін жеке бақылауына алатынын жеткізді.

Бұл күні Амандық Баталов Қаскелең қаласындағы жарылыс болған көпқабатты тұрғын үйге арнайы ат басын тіреп, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Газ құбырларын талапқа сау жасамай, қайғылы оқиғаға соқтырған жауапты мекемелердің жұмысын сынға алған ол болашақта мұндай жағдай қайталанбауы керектігін айтты. Сонымен қатар, көпбалалы 10 отбасына Қаскелең қаласы Бейбітшілік көшесінде бой көтерген 50 пәтерлі тұрғын үйдің кілтін тапсырды. Қуаныш иелеріне түрлі-түсті теледидар сыйлыққа тартып, қуаныштарымен құттықтады. Өз кезегінде сөз алған көпбалалы ана Марина Шайхидова облыс және аудан басшысына көпшіліктің ақжарма алғысын жеткізді. Осыдан кейін Қаскелең топтама су жүйесінің жұмысымен танысқан Амандық Ғаббасұлы күрделі құрылыстың бүгіні мен болашағы, алда жасалынатын жұмыстар жайлы мәліметтер алып, бір ауданның елді мекендерін таза ауыз сумен толықтай қамтамасыз ететін жүйе жұмысына сәттілік тіледі.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы