"БҰЛ ӘДІЛЕТТІЛІК ПЕ?" КЕГЕН АУДАНЫНДАҒЫ ЖЕР ДАУЫ ЖЕЛІНІ ШАРЛАП КЕТТІ

Уақыты: 07.02.2020
Оқылды: 1683
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Кеген ауданның тұрғындары "шенеуніктер ауылшаруашылық мақсатындағы жерді өзара бөліске салды" деп әділеттілік іздеп әлек. "Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры" дегендей, бос жатқан телімдерді шаруаларға байқау арқылы үлестіру барысында дау тұтанған. Аудан әкімдігі былтыр ауылшаруашылық жерлерін түгендеп, қабылдайды. Ревизия кезінде анықталған 238 гектар шабындықты жалға беру үшін арнайы комиссия құрылған. Ол туралы өткен жылдың 7 желтоқсанда Кеген аудандық әкімшілігінің ресми сайты мен аудандық «Қарқара» газетінде жарияланған байқауға сәйкес, құжаттарын жинай бастаған. Ал конкурстың өтетін күні 2020 жылдың 20 қаңтары деп белгіленеді.

Даудың мән-жайын анықтаған "Azattyq Rýhy" порталының тілшісі Ришат Асқарбекұлы осы жөнінде тексеріс басталғанын жазды.

Ауылшаруашылығы үшін жалға берілетін жерлердің заңдылығына күмәнданған бірнеше тұрғын әкімдік алдына жиналып, қалыптасқан жағдай туралы Алматыдан барған БАҚ өкілеріне айтып берді. Қарқара ауылынан келген шаруалар әрқайсысында 50-60-тан ірі-қара мал барын, бірақ шабындық үшін ұлтарақтай жерге зар болып жүргендерін айтады. Ауылдың айналасындағы жерлерге мал өткізбейді, үлкен-үлкен фирмалар қоршап алып, тіпті айналасын қазып тастағандары да бар. Шұңқырға малдар түсіп өлген жағдайлар халықты ашындырып отыр.

Жерді бөлу комиссиясының төрағалығы Кеген ауданы әкімі орынбасарларының біріне жүктеліп, оның құрамы шенеуніктерден тыс қоғам белсенділері  және депутаттардан жасақталған. Комиссия шешіміне сәйкес тұрғындар тамыр-таныстық пен заңсыздыққа жол берген деп есептейді. Шабындық жерлерге қолы жетпеген олар жер бөлу комиссиясын таратуды талап етіп жатыр.

- Комиссия мүшесінің өзі жерді алдын ала қоршап, дайындап, пайдаланып, конкурсқа түсуге қамданды. Бұл әділеттілік пе? Сондай-сондай мысал көп, жері барларға, 90 гектар бір адамға неге беріледі, соны он адамға 9 гектардан бөліп берсе, болмай ма?! - дейді Қарқара ауылының тұрғыны Азамат Нұрсапаев.

Ал Марат Қыдырбай есімді тұрғын:

- Біздің ауылдан үш лот түсті, 52,53 54 номерлі лоттар. Соның 53-54 лоттарына қатысып, ала алмадық. Біреуін әкімшілік қызметкерлігіндегі ауылдағы бас маман алды, екіншісін осы Кеген аудан әкімдігі аппарат басшысының әкесі алды, - деп наразылығын білдірді.

Аудан әкімі Талғат Байеділов ниетінің түзулігін былайша баяндады:

- 2020 жылы көктемде шаруалар жұмыс жасасыншы деп осы конкурсты өткізуді өзім басшылыққа алдым. Комиссияға айтып едім, халыққа жағдай жасайық, қай жер болса да бос жатпасын дедім. Негізі менің ниетім түзу, осы азаматтарға таратып берсінші дедім. Ары қарай жұмыс жасау комиссияға жүктелген болатын. Оның құрамында мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері бар. Солар ақылдаса отырып, кімнің құжаты дұрыс, келешекте шаруа жүргізуге кімнің мүмкіндігі бар, соған қарай шешім қабылдауы керек болған, - деді.

Аудан орталығына іргелес орналасқан Қарқара ауылдық округі мен Тұйық ауылының шаруалары 29 қаңтарда конкурс қортындысы жария болғанда, өздерін тізімнен таппаған. Байқаудың қорытынды хаттамасында 58 лот бойынша жеңімпаздардың есімдері көрсетілген. Ауыл тұрғындары жарияланған құжатты сараптай келе, аудандағы ондаған лауазымды тұлғаның туыстарының лоттар бойынша жеңімпаздар сапына кіргенін анықтайды. Аудандық прокуратураға дереу жазылған хатта жерді комиссия қорытындысына сәйкес жалға алғандар сапынан аудан әкімі орынбасарының ұлы, аудандық полиция басшысының әкесі, ауылдық округ әкімдерінің туыстары табылған.

Байқауға құжат өткізіп, бірақ жерді ала алмаған шаруалардың саны 50 адамнан асады. Олар енді аудандағы осы конкурсты ұйымдастыру жөніндегі комиссияны таратып, қайтадан әділ байқау өткізуді талап етеді. Даладағы халықты кеңсеге шақырған аудан басшылары шаруалардың сұрауы ескерусіз қалмайтынын айтты. Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов аталған комиссияның жұмысы уақытша тоқталығанын мәлімдеді.

Енді Алматы облысының орталығынан арнайы келген жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы мамандары құжаттарды тексермек.

- Комиссияға сенімсіздік танытсаңыздар, өзім өткен жұмада облыстық жер инспекциясына хат жолдадым. Құрылған комиссияға да хат жолдадым. Халықтың наразылығының туындауына байланысты комиссия жұмысы уақытша тоқтайды. Енді жер инспекциясы келеді. Осы комиссияның ақ-қарасын анықтайды. Соған сәйкес шешім қабылдаймыз. Мені дұрыс түсініңіздер, өз басым осы аудандағы жер сіздерге тисін деп ойлаймын, - дейді аудан әкімі.

Облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықта жатқан Кегендегі жағдайдан облыс әкімінің де хабары бар. Амандық Баталов жауапты басқармаларға тапсырма беріп, шаруалардың арызын жіті тексеруді сұрады. Бір аптадан соң, тиісті қорытынды жарияланады.

- Ауданда лоттар бойынша тексеру жүргізіледі. Заңдылыққа сәйкестігін тексеру үшін прокуратура да тартылды. Егер заңсыздық анықталса, бұл комиссияның шешімдері толығымен жойылып, арнайы қайтадан комиссия құрылады. Сонымен қатар комиссия жұмысында ағаттықтар анықталатын болса, тәртіптік немесе қылмыстық жауапкершішліктер қарастырылады, - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"