"ОРЫНДАЙМЫЗ": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ХАЛЫҚ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ

Уақыты: 19.02.2020
Оқылды: 1127
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ халық алдында есеп беру жиыны төрт сағатқа созылып, түс ауа аяқталды. Облыстың әр саласындағы оң көрсеткіштер баяндалған жиын Б.Римова атындағы Алматы облыстық драма театрында өтті. Жиынға келгендер тарапынан ауызша сұрақ қоюшылар қатары көп болды. Екі сағатқа жуық оқылған баяндаманың қысқа да нұсқа мазмұны төмендегідей:

2019 жылдың қорытындысы бойынша облыстың жалпы өңірлік өнімі 4,5 пайызға өсіп, үш триллион теңгеден асты. 48 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, оның 31 мыңы тұрақты жұмыс орындары. Мемлекеттік бюджетке түсімдер 509 млрд. теңгеден асты, оның ішінде тек өзіндік кірістер - 226 млрд. теңге болған.

«Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында "Талдықорған-Өскемен", "Үшарал-Достық", "Күрті-Бурылбайтал", "Ұзынағаш-Отар" көлік жолдарын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл барлық стандарттарға сай келетін шамамен 1526 шақырым тамаша жолдар, осының есебінен облыстың транзиттік әлеуеті одан әрі ұлғая түседі. Жергілікті маңызы бар және ауыл ішілік жолдардың да сапасы төмен болмауы тиіс. Жергілікті маңызы бар жолдардың 81% жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. 2020 жылы бұл көрсеткіш 84 пайызға жетеді, облыстық және аудандық маңыздағы 492 шақырым жолдар, сондай-ақ 108 елді мекеннің ауыл іші жолдары жөнделеді.

Ауылды жерлерде қолайлы өмір сүру ортасын құруға "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы үлкен мүмкіндіктер береді. Бұл бағдарламаны халық өте жақсы қабылдады. Ол біздің облыс үшін аса маңызды, себебі халықтың 80 пайызы ауылдық жерлерде тұрады.

Былтыр жеті аудан орталығында ауруханаларды, мектептерді, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін және ауыл іші жолдарын күрделі жөндеуге 6,1 млрд.теңге сомасына 45 жоба іске асырылды. Алакөл, Балқаш, Ескелді, Көксу және Ұйғыр аудандарында бес дене шынықтыру -сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізілуде. 2020 жылы 21 ауылда жалпы құны 14,4 млрд. теңгеге 37 жоба іске асырылады.

- Ауыл - елдің алтын бесігі, ұлттың тамыры. Әр адам үшін ауыл – ыстық, қасиетті мекен. Елбасының Жарлығымен қайта құрылған Райымбек ауданының халқы ризашылығын білдіруде. Жақында іссапармен барып көрдім. Аудан қарқынды дами бастаған. Үш ғимарат қайта жаңартылып, аудандық, ауылдық әкімдіктер, қазынашылық пен салық қызметі орналастырылды. Жергілікті атқарушы органдар мен бюджеттік сала қызметкерлері үшін 37 тұрғын үй салынуда, барлығы 111 тұрғын үй салынатын болады. Аудан орталығының жолдары 100 пайыз жөнделіп, барлық орталық көшелерге жарық орнатылды. Қазіргі заманға сай дене-шынықтыру сауықтыру кешені биыл пайдалануға беріледі, ол үшін 1,1 млрд. теңге бөлдік, - деді Амандық Баталов. - Мен ауданға барған кезде, жастармен кездестім. Жұмыссыз жүрген екі жарым мыңнан астам адамның туған өлкесіне қайтып оралғаны көңіл қуантады.

Аймақ басшысы облыс экономикасында агроөнеркәсіп кешені маңызды рөл атқаратанын және осы салада жетекші позицияларды сақтау үшін барлық күш-жігерін жұмсайтындығын жеткізді. Мәселен, облыста ауылшаруашылығы өнімінің көлемі 852 млрд.теңгеге жеткен. Жыл сайын қант қызылшасы алқабын ұлғайып келеді. Жалпы көлемі 14 мың гектарға, ал қант өндіру 51 мың тоннаға дейін өскен.

Инвесторлармен бірлесіп, тростник шикізатын өңдеу үшін қант зауыттарын жаңғырту жүргізілуде. Бұл зауыттардың жыл бойы жүктелуін қамтамасыз етеді және 2023 жылға қарай елдің ақ қантқа деген сұранысының 70 пайызын жабуға мүмкіндік береді (өндіру - 350 мың тонна, қажеттілік - 480 мың тонна).

Райымбек ауданында өнеркәсіптік картоп өндірісін дамыту жалғасуда. 100 гектардан басталған картоп өсіру ісі өткен жылы 600 гектарға дейін ауқымы кеңейген. Биыл 5 мың гектарға картоп егілмек. Ерекше сортты картоптың өнімділігі әдеттегіден 1,6 есе жоғары және 300 центнерді құрайды. Сол сияқты, қарқынды бақтар туралы айтуға болады (2,6 мың гектар), олардың өнімділігі әдеттегіден 1,5 есе жоғары. 2018 жылғы бірінші өнімге қарағанда өткен жылы алма екі есе көп жиналған.

Облыс әкімі есепті кездесуде жастарға да ерекше тоқталды. Облыста, жалпы 18 спорт орталығы ашылған. Талдықорған қаласы мен Қаратал ауданында төрт студенттік жатақхана салынуда. Барлығы 1 968 орындық 10 жатақхана салу жоспарланған.

- Біздің мақсатымыз - жастардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету. Өткен жылы 20,3 мың жас адам қамтылды, оның ішінде «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 1663 адам оқытылды, - деген аймақ басшысы 2020 - Еріктілер жылына да тоқталып өтті. "Ағымдағы жыл Еріктілер жылы болып жарияланды және біз оны облыстық форум өткізуден бастадық. Облыста барлығы 19 еріктілер ұйымы бар, олардың ресурстары әлеуметтік мәселелерді шешуде кеңінен қолданылатын болады", - деді Амандық Ғаббасұлы.

Тағы бір айта кетер дүние - 2021-2025 жылдарға арналған Аумақтарды дамыту бағдарламалары жаңа форматта әзірленген. Онда әкімнің жеке қабылдауы барысында, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы азаматтар тарапынан көтерілетін барлық мәселелер ескерілген. Облыс әкімі сөзінің соңын:

- Құрметті жерлестер! Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру үшін алдымызға қойылған нақты міндеттерді орындаймыз, - деп аяқтады.

Әкім есебінің сұрақ-жауап бөлімінде тұрғындар ақын Жұматай Жақыпбаевтың 75 жылдығына орай көше атын беру, әлеуметтік көмек, "Бақытты отбасы" жобасы, жол құрылысы, су жүйесі, алқаптарды суару, туризм мәселелерін көтерді. Сұрақ қойғандардың ішінде облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшыларының жүре жауап беретіндігіне налып, реніш білдіргендер болды. Сондай-ақ, Арыс қаласының тұрғыны апат кезінде қолдау көрсетіп, үй құрылыстарына қол ұшын созғаны үшін Амандық Ғаббасұлына алғыс айтты. Сонымен...

СҰРАҚ-ЖАУАП

Ажар ҚЫДЫРАЛИНА,

«Жігер» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басшысы:

– 2016 жылы қайырымдылық мақсатында жұмыс істейтін «Бәрі де рахмет үшін» дүкенін аштық. Онда киім тігіп, жуып, жағдайы жоқ отбасына мейлінше көмектесеміз. Бізде негізінен мүгедек жандар жұмыс істейді. Жыл сайын грант ұту үшін байқауға қатысамыз. Бірақ, жылда ұтып алатын сол бір ұйымдар. Кезек-кезегімен берсе болмай ма?

Жалпы менің киім өңдейтін цех ашсам деген арманым бар. Мысалға, өтпей қалған, ескірген киіміміз ешбір нәрсеге жарамсыз болып қатталып қоймада тұрады. Тіпті, оны қоқысқа тастағанның өзінде зиянды заттарын бөледі екен. Сондықтан мұндай киімдерді өңдейтін орталықтың қажеттілігі артуда.  Соны ашу үшін грант алуға мүмкіндік жасасаңыздар.

Амандық ҒАББАСҰЛЫ:

– Бірінші мәселе бойынша міндетті түрде қолдау көрсетіп, грант қарастырамыз. Екінші мәселе, цех ашу жұмысын кәсіпкерлік палатасына тапсырамын. Олар шағын несие алуға көмектеседі. Жалпы, болашақта қоғамдық ұйымдардың еш қиындықсыз жұмыс істеуі үшін Үкіметтік емес ұйымдар үйін ашсам деймін. Сонда барлықтарыңыз бір орталықта отырасыздар, тұрған жерлеріңізге аренда төлемейсіздер. Бұл арқылы біраз мәселенің шешімі табылады деп ойлаймын.

Тимур ЕЛЕУСІЗОВ,

эколог:

- Көптен бері Балқаш мәселесімен айналысып келеміз. Сіз өзен-көлдерді  тазалау, туризмді дамыту бойынша үлкен жұмыс атқарудасыз. Біздің ісіміз осы арнада тоғысады. Былтыр Балқаш көліне қатысты «дөңгелек үстел», форум өткіздік. Биыл Балқаш регатасын ұйымдастырмақпыз. Оны Еріктілер жылына орайластырып, үлкен шара өткізбекпіз. Мұнымен қатар Талдықорған қаласында ескірген ағаштар көптеп кесілуде. Осы орайда ағашты қайта қалпына келтіру бойынша да айтар ұсынысьтарымыз бар. Осыны өзіңізге жолығып талқыласақ деп едік.

Амандық Ғаббасұлы:

– Экологиялық мәселелерді орынды көтеріп жүргеніңізден хабардармын. Бұл мәселеде сізге қолдау көрсетеміз. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаевпен бірлесе жұмыс істеңіздер. Регата өткізу бойынша толықтай көмек көрсетеді.

Айдос БҮРКІТБАЕВ,

мүсінші:

- Талдықорған қаласындағы Жастарға қызмет көрсету орталығының алдында жастар мүсінін жасаған автормын. Ол бірінші жұмысым болатын. Алматы қаласында Елбасының тапсырмасымен ашаршылыққа қатысты және Шәмші Қалдаяқов ағамыздың ескерткішін қойдық. Талдықорған қаласында екі жыл бұрын Мұхаметжан Тынышпаев ағамызға ескерткіш тұрғызу үшін конкурс болды. Ол кісі алғашқы теміржолшы. Осы тұлғаға ескерткіш қойыла ма? Мұхаметжан Тынышпаев атамыздың музейі ескі, іші де тар. Болашақта үлкен музей салына ма?

Амандық Ғаббасұлы:

– Мұхаметжан Тынышпаев - мақтанышымыз. Алғашқы теміржолшы ғана емес, тарихшы да. Ескерткіш міндетті түрде қойылады. Мұқағали ақынның да ескерткіші бой көтереді. Ал музей туралы ұсынысыңызды ойланып көреміз.

Батырхан АЛМАС,

жас кәсіпкер:

- Панфилов ауданында асыл тұқымды ешкілерді өсіріп жатырмын. Ешкінің сүті 99 ауруға ем. Осы орайда Панфилов аудандық туберкулез диспансеріне бір жарым жылдан бері ешкі сүтін тегін беріп келемін. Алдағы уақытта да осы ісімді жалғастырып, қарттар, балалар үйлеріне көмек жасасам деймін. Қазіргі таңда шаруашылығымды дамып жатқан жайым бар. Соған орай сауып аппараты, тоңазытқыш керек болып тұр. Осы жағына жәрдемдессеңіз.

Амандық Ғаббасұлы:

– Өзің сынды ел-жұртынан көмегін аямайтын жас кәсіпкерге міндетті түрде қолдау көрсетеміз. Грант, субсидия бөлу жағын қарастырамыз.

* * *

Облыс әкіміне сұрақ қоюшылар легі көп болды. Іле аудандық ауруханасының директоры, аудандық мәслихат депутаты Майра Егембердиева жыл сайын жүкті әйелдердің қатары, сәбилердің туылуы артып келе жатқанын айта келіп, осы орайда Іле ауданында перзентхана салынса деген өтінішін жеткізді. Амандық Ғаббасұлы бұл мәселенің алдағы уақытта шешімін табатынын айтты.

Оңтүстік туризмін дамыту ассоциациясының перезиденті, аймақтық кәсіпкерлер палатасының мүшесі Рустам Хакимов көпфункциялы туристік комплекс салу туралы ұсынысын айтты. Республикалық балалар құқығын қорғау кеңесінің өкілі Жанна Ахметова, кейбір мектеп-интернаттардың жағдайы сын көтермейтіндігін айтып, осы мәселеге назар аударуын сұрады.

Облыс әкімі Алматы қаласындағы №4 мектеп-интернатының жағдайын көріп-білгенін, арнайы тексеру жүргізгенін, нәтижесінде жақсарту жұмыстары қолға алынатынын айтты.

Жас кәсіпкер Айгерім Берекешова Панфилов ауданында күн электрстансысын салу үшін инвесторлар қызығушылық танытып отырғанын жеткізіп, осы іс тезірек қолғаалынса деген тілегін білдірді.

Талдықорған қаласының тұрғыны Дамир Ковратов «жаңадан бой көтеріп жатқан шағын аудандарда халыққа қызмет көрсету орталығы бола ма?» деген сұрақ қойды. Облыс басшысы ол үшін арнайы жердің қарастырылып қойғанын айтты.

ЖСДП облыстық филиалының директоры Қуат Күнболатов Жамбыл ауданы, Бірлік ауылының түрғындары 2009 жылдан бері арызданып жүрген  су, газ, жол, интернет мәселелері шешімін  таппай отырғанын тілге тиек етті. Амандық Ғаббасұлы бұл ауылдағы су мәселесінің шешімін табатынын, ол үшін 24 млн. теңге қарастырылғанын жеткізді.

«Қамшы» ақпараттық порталының тілшісі Қозыбай Құрман алмас тілді ақын Жұматай Жақыпбаевтың атына көше берілсе деген ұсынысты қайталап қойды. Бұл мәселе былтырғы есеп беруде де айтылған еді. Әкім тілек-талаптың ескерілетінін айтты.

Қала тазалығы мен халықтың мәдениетті сауда жасауы үшін көшедегі жабайы саудаға жол берілмесе, көлікті қалай болса солай қоятындардың автомашинасы эвакуатормен тиеліп әкелетілсе деген де ұсыныстар болды. Баспана зардабын тартып, атаулы әлуметтік көмек ала алмай жүргендер де мұңын шақты. Бұл орайда әкім орынбасарларына нақты тапсырмалар беріп, мәселенің оңды шешімін табуын тапсырды. Биыл облыс орталығында тұрғын үй салудың қарқынмен жүретіндігін жеткізді.

Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылының тұрғыны Қарабұлақта мелькомбинат жанында жаяу жүргіншілер жолағының  қарастырылмағанын, бау-бақша салу үшін арық жүйесінің жоқтығын алға  тартты. Аудан әкіміне де бұл мәселені шешу міндеттелді.

Әкім есебінде сан-саладағы өзекті мәселелерге толы көптеген сұрақ қойылып, орынды жауап берілді. Кейбір сауалды шешу үшін орынбасарларына сол жерде нақты тапсырма да берілді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"