"ҮЙЛЕРІМІЗ ЖАҢА": АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ ЖЕТІСУЛЫҚТАРҒА АЛҒЫС ЖАУДЫРДЫ

Уақыты: 19.02.2020
Оқылды: 1157
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Өткен жылы Түркістан облысының Арыс қаласында төтенше жағдай орын алып, жұртты біраз алаңдатып тастағаны мәлім. Осы кезде ежелден елжанды жетісулықтар арыстықтардың жанынан табылып, бүлінген қаланы қалпына келтіру ісіне белсенділікпен кірісті. Гуманитарлық көмек көрсетілумен қатар, облысқа бөлінген учаскеде көше, әлеуметтік және коммерциялық нысандар, тұрғын үйлер жөнделді, бірқатары жаңадан салынды.

Жетісулықтардың осындай игілікті ісіне риза болған Арыс қаласының тұрғыны Роза Әбдіраманова жерлестерінің ақ тілегін арқалап, Талдықорғанда өтіп жатқан облыс әкімінің халық алдындағы есепті кездесуіне арнайы келді.

Жарыссөз кезегінде көптің алдына шығып аймақ басшысы мен облыс тұрғындарына деген ізгі тілегін жеткізген ол:

– Өткен жылы 24 маусым күні арыстықтардың басына ауыр қайғы түсті. Орын алған төтенше жағдай бүкіл ел халқының қабырғасын қайыстырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі бас болып, бүкіл қазақстандықтарды Арысқа көмек қолын созып, қаланы қалпына келтіруге шақырды. Осыдан кейін еліміздің түкпір-түкпірінен Арысқа көмек ағылды. Арыс қаласын қалпына келтірудің жоспары жасалып, қала 17 учаскеге бөлінді. Солардың ішіндегі тұрғын үйлері, әлеуметтік, коммерциялық нысандары көп, адамы жиі орналасқан біз тұрған учаскені қалпына келтіру ісі жетісулықтарға берілді. Сол қатарда алғашқылардың бірі болып, жетісулық ағайындардың келгені жүрегімізді жылытты. Басында ауыр жағдайдан есеңгіреп қалсақ та, бірнеше ай өтпей қаламыз қалпына келіп, үйлеріміз шыт жаңа түрге еніп, көңіліміз орнына түсті. 2020 жылды сол жаңа үйімізде қарсы алдық, – деді.

Арыстық тұрғын моральдік және материалдық қолдау көрсеткен Алматы облысының азаматтарына, құрылыс жұмысын жүргізген жұмысшыларға алғысын білдірді. "Бұл менің ғана алғысым емес, Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек бастаған жерлестерімнің ізгі ниеті. Амандық Ғаббасұлының тұрғындар алдындағы есепті кездесуіне орай арыстықтардың алғысын өздеріңізге жеткізгеніме қуаныштымын", – деді ол.

Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз. Жетісулықтар азаматтығын сын сағатта дәлелдеді. Ал арыстық ағайынның алғысы мен ақ тілегін жер шалғай болса да, Роза Әбдіраманова арқылы жетісулықтарға жеткізгенін «Өсер елдің баласы бірін-бірі батырым дейді» деген өткеннен қалған дәстүрдің ұшқыны деп білдік. Иә, бақыт пен ырыс ынтымағы мен берекесі жарасқан елде ғана болатынына тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Қажет АНДАС

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы