ӘКІМДІК НАЗАРЫНА: АЛМАТЫНЫҢ ІРГЕСІНДЕ ТҰТАС БІР АУЫЛ ЖАРЫҚҚА ЖАРЫМАЙ ОТЫР

Уақыты: 21.02.2020
Оқылды: 1899
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жиырма жылдан аса уақыт жарықтың жырын жырлаудан жалыққан Талдыбұлақ ауылының бір топ тұрғыны "Жетісу" газетіне хат жазып, мұңдарын шақты. Соған орай, аталған ауылға барып, мән-жаймен танысуды жөн көрдік.

Өткен ғасырдың соңы мен 2000 жылдың басында жер телімін алып, үйлерін салып алған жаңа қоныста екі жүзге жуық тұрғын тұрады. Жаңа жұртта жол, жарық, ауызсу мәселелері мүлдем қарастырылмаған. Алайда тұрғындардың ауызбіршілігі мен табандылықтарының арқасында өз күштерімен көшелеріне тас төсеп, ауызсу құбырларын да қып-қызыл қаржының көмегімен тартып, инфрақұрылымды біртіндеп шешкен көрінеді.

Десек те, жарық мәселесіне келгенде тоқсан ауыз сөздің түйіні табылмай, баспаған тау, ашпаған есік қалмаған. «Баяғы жартас, сол жартас», тұрғындар бұл мәселеде әбден титықтаған. Себебі, жиырма жыл бұрынғы 70 үйді қамтуға тиіс ескі трансформаторға бүгінде 200-ге жуық түтін тұтас қосылғандықтан, оның айқыш-ұйқыш тартылған электр сымдары жерге салбырап, үйдің шатырларында шимайланып жатыр. Ол аз десеңіз, өрт қаупін тудыруда.

Қуаттылығы төмен ток көзінің кесірінен әр үйде баяғының білте шамы жанып тұрғандай әсер береді. Бөлме іші ала көлеңке. Қараңғылықта отырған тұрғындар өрт шыға ма деп бір қауіптенсе, екінші ала көлеңке деп тағы мұң шағады. Жел тұрып, боран соққан сайын жарықтың сөніп қала беруі тіптен үйреншікті жағдайға айналған. Ол ол ма, электр жарығы өшіп қана қоймай, бірнеше мәрте тұрмыстық техникаларды күйдіріп, істен шығуына себепкер болған. Тұрғындар бұл мәселені де күйіне жеткізді.

Үй іші осындай күйде болғанда көше жайын айтпасақ та түсінікті. Қараңғы түнде мектептен, оқу орындарынан қайтатын балаларының сүрініп-қабынып үйіне әзер жететіні үшін де ата-аналар алаңдаулы. Соған қарамастан электр қуаты үшін төленетін тариф құнының өте жоғары, яғни, әр кВт-қа орта есеппен 30-35 теңгеден айналатынына ашынады.

Расында, салбыраған сымдардың тұйықталуынан от тұтануы әбден мүмкін болса, оған қоса электр бағаны мен газ құбырының да «құшақтасып» тұруы жан пендеге үрей үйіреді.

- Осында қоныстанғалы жиырма жылдан асып барады. Бастыпқыда 70-80 үйге есептеліп ескі трансформатор қойылған болатын. Кейін жаңа түскен үйлердің қатары екі-үш есеге артып, әлгі жалғыз жарық көзіне қосылды. Салдарынан мінгескен сымдар көбейіп, жиі сөне беретін болды. Соған қарамастан төленетін тариф те қымбат. Сөйтіп, 20 жылдан бері жарыққа жарымай келеміз. Оны өз бетімізше жасатудың құнын тұрғындардың қалтасы көтермейді. Әйтпесе, жарықпен «жарылқауға» ниетті жекеменшік кәсіп иелері келген, - дейді ауыл тұрғындары Қанат Қондыбаев пен Нұрлан Сапақов.

- Қараңғылықтан балалардың көзіне зияны тиіп жатыр. Сығырайған жарықта сабақ оқулары қиын. Электр қуатымен жасалатын жұмыстарды күндіз бітіріп алуға тырысамыз, кір-қоң жуып, киім үтіктеп дегендей. Ал кешкілік бір зат артық қосылса, жарық өшеді де қалады. Соның салдарынан тоңазытқышымыз, теледидарымыз да істен шыққан кездері болды. Кезінде осы бағандар мен сымдарын өзіміз тартқанбыз, - дейді Әлия Сұраншиева.

Жаңа ықшамауданда жарықтан бөлек, арықтан өтер көпірдің де жібі түзу еместігін айту абзал. Таудан төмен құлдилайтын ағыны қатты арыққа біраз жылдар бұрын бала түсіп кетіп, қайғылы оқиға орын алғандығын жасырмаған ауыл тұрғыны Бекболат Ясынжанұлы сол арықтан өтер көпірді де өз күштерімен ілдәлдалап жасағандарын айтады.

- Ауылымыз Алматымен іргелес, Талғар қаласымен қолтықтасып жатыр деуге ұяламыз. Себебі, жарыққа жарымай-ақ қойдық. Оның мұңын айтып, бармаған жеріміз қалмады. Осыдан он шақты жыл бұрын бұл проблемамен ауыл белсенділері Талдықорғанға дейін сабылыпты. Мен көшіп келгелі де он жылға жуықтады. Жылда көтеріледі, жылда нәтиже жоқ. Жуырда аудан әкімі Жолан Омаровтың қабылдауында болып, халықтың жанайқайын жеткіздік. Айтылады, айтылған сөз айтылған жерде қалады, - дейді ауыл тұрғыны Бекболат Ясынжанұлы. - Бұған қоса, әлгі айтқан көпірдің жайы де мүшкіл. Арық арнасынан асқанда су жайылып, арлы-берлі қатынайтын ауыл адамдары, бала-шаға көктем мен күздің қара суығында етігімен су кешетін кезге де жақындап келеміз. Балаларымыздың аяғы малмандай су болып, тіптен, ағызып кете ме деп жанымызды шүберекке түйіп отырамыз.

Басқа түссе, баспақшыл. Осындай қиындықтарды алдын алуда ауыл азаматтарының бірлесе әрекет етіп, жұмыла атқарып жатқан жұмыстары да жоқ емес. Бір-бірімен бауырдай боп біте-қайнасып кеткен ауыл тұрғындары тентегін тезге салып, игілікті бастамаларды іліп әкетуге дайын. Әр үйдің ауласы мен көше тазалығын жасауда жұдырықтай жұмыла кетуді дағдыға айналдырғандығы да әңгімеге арқау болды. Бұл ауылдағы тағы бір түсініксіз жайт, көшенің бір қапталы Б.Момышұлы, қарсы жағы Ж.Жабаев деп аталады екен.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, жыр болған жарық мәселесін шешудің қиындығы қолбайлау болып, халықтың қабырғасына батып тұрғандығын тілге тиек еткен тұрғындар: «Бұл ойымызды мерзімді басылым көтерсе, бәлкім, шешімін тауып қалар деген үміттеміз», - деген ойларын жамыраса жеткізді. Олай болса, мәселенің мәнісін жазу - бізден, шешімін шешу - жауапты мекемелерден деп мақаламызды түйіндейміз.

Ұлбосын ИСАБЕК

Фото - автор

Талдыбұлақ ауылы,

Талғар ауданы

Алматы облысы