АУЫЛДАҒЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТЕГІН ТАМАҚТАНУ ЖАЙЫ ТЕКСЕРІЛДІ

Уақыты: 06.03.2020
Оқылды: 1271
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бала денсаулығы сапалы тамақтандырумен тығыз байланысты. Дұрыс ұйымдастырылған тамақтандыру оқушылардың денсаулығын нығайтуға көмектесетіні сөзсіз. Осы орайда облыстық білім басқармасы мен Кербұлақ аудандық білім бөлімінің басшылығымен Панфилов атындағы орта мектебінде білім ошақтарындағы ыстық тамақтың сапалы ұйымдастырылуын бақылау мақсатында арнайы ведомствоаралық сараптамалық топ жасақталып, әлеуметтік аз қамтылған балалардың ыстық тамақпен қамтамасыз етілу жайы тексерілді.

Тексеру комиссиясының құрамында «Нұр Отан» партиясының Кербұлақ аудандық филиалының сарапшысы М.Мекетай, ішкі саясат бөлімінің бас маманы, «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңесінің маманы А.Кабдікерім, аудандық кәсіподақ филиалының маманы Г.Иманбаева, «Кербұлақ жұлдызы» газетінің бас редакторы Л.Оңалбаева, білім бөлімінің бас маманы Г.Сағатова, ата-аналар комитетінің төрағасы Қ.Омаров болды.

Мектепте оқушыларды ыстық тамақпен қамтуға барлық жағдай жасалған. Әкімшілік пен медбикелердің айрықша бақылауымен жалпыға бірдей білім беру қоры есебінен аз қамтылған отбасылардың балалары тамақтандырылады. Оқу жылының басында оқушылардың ыстық тамақпен қамтылуын ұйымдастыру туралы бұйрық шығарылған. Соның негізінде тегін ыстық тамақ алуға құқығы бар оқушылардың тізімдік құрамы бекітілген. Көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен топтарға жатқызылатын оқушылар санаттары ата-аналар тапсырған құжаттарға сәйкес анықталған.

Биылғы оқу жылында «Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарына тегін тамақтандыруды ұсыну» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты негізінде 60 бала тегін ыстық тамақпен қамтылған. Оның ішінде 53 бала мемлекет тарапынан, қалған 7-еуі асхана жалгері есебінен тамақтанады.

Мектепте мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған өтініштің қабылдануы туралы хабарлама-есепті тіркеу журналы жүргізілген. Асханада «Дұрыс тамақтану» бұрышы да ұйымдастырылған, ыстық тамақтың сапасы тексеріліп отырылады. Нәтижесінде, ыстық тамақ құнарлылығы талапқа сай екендігі анықталды.

Асхана жұмысының дұрыс ұйымдастырылуы мен тамақтың сапасын тексеру үшін жұмысшы тобы құрылып, күн сайын рейд жүргізіледі. Айына бір-екі рет ата-аналарға арналған Ашық есік күні өтеді. Мектеп асханасының санитарлық-гигиеналық жағдайы күнделікті қадағаланып, оқушыларға берілетін тамақтың сапасы тексеріліп тұрады.

Ашқұрсақ отырған бала сабақ оқып, білімге талпынып, өнерге құштарланбайтыны анық. Еліміздің ертеңі жарқын болсын десек, жеткіншек ұрпақтың қамын бүгіннен ойлайық.  

С.СҮТТІҚОЖАНОВА,

Панфилов атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Е.ҚУАНЫШ,

әлеуметтік педагог

Қоғалы ауылы,

Кербұлақ ауданы