БІР МИЛЛИОН ТЕҢГЕНІҢ ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Уақыты: 14.03.2020
Оқылды: 1096
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров салтанатты қабылдау өткізіп, осы салада жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар аяулы жандарды құттықтады.

– Ана – өмірдің өзегі, тіршіліктің күретамыры. Барлық қиындықты жеңе білетін сарқылмайтын күш, тіршіліктің таусылмайтын бұлағы. Әрбір нәзік жүректі жан отбасының ұйытқысы бола жүріп, елімізге де елеулі қызмет етуде. Әсіресе, ұстаздық жолдағы, жас ұрпақты тәрбиелеудегі еңбектеріңіз ерен. Осы орайда биыл «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, ұстаздардың беделінің арта түсуіне, құқықтарының қорғалуына негіз болып отырғаны қуантуда. Көпшілігіміз үшін негізгі мәселе – баспана. Осы орайда бір ұстаздың болсын пәтерлі болуына ықпал етсек деген ниетте бастама көтеріп отырмыз. Бұл алғашқы жарнасын төлеп, баспана алуына мүмкіндік ашады деп білеміз, – дей келе, Талдықорған қаласындағы №14 орта мектеп-гимназиясының мұғалімі, үш баланың анасы Мақпал Әлімбатыроваға 1 млн.теңгенің тұрғын үй сертификатын тапсырды. Сондай-ақ, бірқатар ұстазды «Қазақтандық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапаттады. Облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Әсет Қыдырманов ақ тілегін жеткізіп, жемісті еңбек етіп жүрген жандарға Құрмет грамотасын табыс етті. 

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова да ұстаздардың тынымсыз еңбегін атап өтіп, биылғы жылдың педагогтар үшін ерекше басталғанына тоқталды.

– Педагог мәртебесі туралы Заң күшіне енді. Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. «ҚР Білім туралы» Заңына өзгерістер енгізілді. Жыл сайын ұстаздардың жалақысы еселеп артып, төрт жылда 100 пайызға өседі, – деді ол. 

Шара барысында Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының әншісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Бақытгүл Әбенова әсем ән тарту етіп, аналар мен арулардың көңілін бір серпілтті. Осылайша отбасында бала тәрбиелеп, жұмыста да абырой биігінен көрініп жүрген жандардың көңілдері нұрға, құшағы гүлге толды.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы