"ТОҚТАТЫЛАДЫ": ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ КЕЗІНДЕГІ ЖҰМЫС РЕЖИМІ ҚАНДАЙ?

Уақыты: 17.03.2020
Оқылды: 1102
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі төтенше жағдайлар кезінде өңірдегі нысандардың қалай жұмыс істейтінін айтты. Атап айтқанда, Алматы облысы басшылығы төмендегідей шаралар қабылдады:

– ірі сауда, сауда-ойын-сауық орталықтары сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін шектеулі уақыттарда жұмыс істейді (азық-түлік дүкендері мен супермаркеттерден басқалары);

– азық-түлік дүкендері, азық-түлік супермаркеттері мен азық-түлік базарлары қалыпты режимде күшейтілген санитарлық және дезинфекциялық шараларды атқара отырып жұмыс істейді;

– киім-кешек базарлары сағат 11.00-ден 17.00-ге дейін шектеулі уақыттарда күшейтілген санитарлық және дезинфекциялық шараларды атқара отырып жұмыс істейді. Барлық сауда нысандарында санитарлық-эпидемияға қарсы шаралар тұрақты ұйымдастырылады. Қоғамдық тамақтану орындарында, соның ішінде, фуд-корттарда дезинфекция жасалатын болады;

– азық-түлік қауіпсіздігі шараларын тиімді жүзеге асыру, соның ішінде әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларын үздіксіз жеткізу мен оның бағасын тұрақтандыру қамтамасыз етіледі;

– қоғамдық көлік соңғы аялдамалық пункттерде және жуу орындарында автобустарға дезинфекция жүргізе отырып, бұрынғыдай режимде жұмыс істейді;

– балабақшалар медициналық және санитарлық бақылауды күшейте отырып, қалыпты режимде жұмыс істейді;

– мектептен тыс қосымша білім беру нысандарының қызметі тоқтатылады (Оқушылар сарайы, үйірмелер, секциялар, компьютер клубтары), сол сияқты барлық спорттық нысандар жабылады. Оқу-жаттығу жиындары, спорт түрлерінен жаттығулар, барлық деңгейдегі жарыстар өткізілмейді;

– ойын-сауық, спорттық шаралар (көрерменсіз өтетін шаралардан басқа) және басқа да бұқаралық шаралар өткізуге, сол сияқты отбасылық еске алу шараларын өткізуге тыйым салынады;

– кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелер мен көңіл көтеретін орындардың (түнгі клубтар, караоке, барлар, компьютер клубтары, фитнес-орталықтар, тренажер залдары, бассейндер, моншалар) және басқа да халық көп жиналатын орындардың жұмысы тоқтатылады;

– мейрамханалардың, кафелердің және басқа да қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты сағат 22.00-ге дейін шектеулі, бұл ретте бір мезетте жиналған адамдардың саны 50-ден аспауы тиіс;

– кафе, мейрамханаларда кальян пайдалануға тыйым салынды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"