"ЖҰМЫСЫМ ӨЗІМЕ ҰНАЙДЫ": ТАЛҒАР АУДАНЫНДАҒЫ ЗАҒИПТАРДЫҢ ӨМІРІ

Уақыты: 17.03.2020
Оқылды: 1248
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талғар қаласында 1931 жылы іргесі қаланған «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің "Талғар оқу-өндірістік кәсіпорны" ЖШС бүгінгі күні қалыпты тіршілік жасауда. Алғашқы құрылған жылдары мүгедек жандардың қол еңбегімен киіз пималар мен теміржол көлігіне арналған орамалы қораптар, жеңіл бұйымдар шығаруды бастаған бұл мекеме содан бері кідіріссіз жұмыс істеуде.

1948 жылы өндіріс орнында пластмасты қайта өңдеу цехтары іске қосылып, тұрмыстық бұйым түрлерін көбейткен. Ал 1971 жылы заманауи кәсіпорын корпусы бой көтеріп, қызу еңбек көзіне айналды. Сөйтіп, кезінде мыңдаған мүгедектің еңбекпен қамтылуын қамтамасыз еткен өндірістік кәсіп-орында осы күні небәрі 38 зағип жан еңбек етіп, табыс табуда.

– Осы кәсіпорында 1991 жылдан 2007 жылға дейін өзім де еңбек еттім. Араға он жыл салып, директор ретінде қайта оралдым, – дейді «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Талғар оқу-өндірістік кәсіпорнының директоры, бірінші топтағы мүгедек Есхат Коханов. – Мақсатымыз – зағиптарды жұмыспен қамтамасыз ету. Себебі, осы аймақта жанарсыз жандар көп шоғырланғандықтан оларға жұмыс тауып беру міндетіміз саналады. Кеңестік дәуірде айтарлықтай мол табыс тапқан кәсіпорын ұжым еңбеккерлеріне баспана мен жатақхана да салып берген. «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі үлкен үміт артып, жауапкершілігі мол қызметті жүктегелі бері үш жылға жуықтады. Келгелі бері картон қораптарын шығаратын цехты іске қостым. Олар сан салаға пайдаланылады. Әсіресе, шағын бизнес өкілдерінен тапсырыс көп түседі. Соның нәтижесінде 10 зағип жан цехта тұрақты жұмыс істейді. Қалғандары кірқыстырғыш пен алуан түрлі және түрлі түсті түймелер жасайтын цехтың еңбеккерлері. Бұл бұйымдарға қыстан гөрі жазда сұраныс артады.

Есхат Масатұлы зағиптардың еңбекке араласуы өз еріктерінде екенін айтады. Жанары суалған жандардың арасында жүрек ауруларымен ауыратын және аяғы кем мүгедектер де кездеседі. Мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбек етуге ниеттілері көбіне осы өндіріс ошағын жағалап, жұмыс іздейтін көрінеді. Көздері көрмесе де, бір орында отырып, саусақ ұштарымен сезіну арқылы өз жұмыстарын тыңғылықты атқаруға төселген зағиптардың табандылықтарының нәтижесінде тапсырыстар дер уағында орындалуда.

Есхат Масатұлының айтуынша, картон қораптардан айына 6-7 миллион теңгенің өнімі дайындалып, өткізіледі. Аталған цехтың жабдықтарын республикалық «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі алып бергендігі де әңгіме тиегіне айналды.

Қазақстанда осындай 29 мекеме болса, солардың бірі және бірегейі де осы Талғар қаласындағы ЖШС саналады. Жылына кірқыстырғыштан 30-40 миллион теңге табыс түссе, айына орта есеппен 3-4 миллион теңгеден айналады. Сондай-ақ, түймеден түсетін табыс мөлшері де шамамен 2-3 миллион теңгені құрайтын көрінеді. Түйменің 20-30 түрі сан алуан түсте өндіріледі. Жалпы алғанда, бас-аяғы 100-ге жуық түрлі түйме шығарылады. Ол еңбектің тетігінде көзі мүлде көрмейтін зағиптар отырады. Олардың арасында табаны күректей 30-40 жыл еңбек етіп келе жатқандар да бар.

Атап айтсақ, Александр Пляскин, Николай Нацыпаев сынды ардагерлер жайлы өндіріс орнының тыныс-тіршілігімен таныстырған өндірістік әкімшілік басшысы Құралай Алтаева әңгімеледі.

Ол миллиондап тапқан табыстың басым бөлігі шикізат пен кәсіпорын шығынын өтеуге жұмсалатынын түсіндірді.

– 1991 жылдан бері осында еңбек етемін. Жұмысым өзіме ұнайды. Уақытымен келіп, кетеміз. Жасаған өнім көлеміне қарай табысымызды аламыз, – дейді бірінші топтағы мүгедек Салтанат Байқошова.

Ерлі-зайыпты Бердібек Бақбаев пен Әсия Юсупова тағдыр тоғыстырған жандар. Олар 40 жыл бойы осы өндіріс ошағында табан аудармастан еңбек етіп келеді. Шаңырақтарына шуағын төгіп, қуанышқа бөлеген 4 баланың екеуі үйлі-жайлы болып, олардан 3 немере сүйіп отырғандарын шексіз бақытқа балайды. Ал екеуі мектеп жасында.

Картон қораптарды желімдеп, жинастырудың шебері атанып жүрген екінші топтағы мүгедек Айдана Мұсаева да 3-сыныпта оқитын қызын көзқуанышы, өмірінің мәні санайды. Балаларын бақытына балаған ата-аналардың көздері көрмегенімен, көңілдері бар жақсылық пен қуаныш атаулыны айқын сезінеді. Балаларының оқуына, еңбекке араласуына барынша назар аударатындарын айтады. Біз тілге тиек еткен жандардың өз баспаналары бар. Жеті сағаттық жұмыстан табатын 20-30 мыңды талғажау етіп, күнкөріске жаратып жүргендерін қанағат тұтуда.

Қоғамның бір мүшесі саналатын зағип жандарда проблема жоқ деу ағаттық болар?! Тағдыр тауқыметін тартқан оларды баспана мәселесі де тығырыққа тіреп тұрғаны ащы шындық. Әсіресе, жатақхананың жайы алаңдатады.

Аталған кәсіпорынның 18 бөлмелі жатақханасында осы күні 15 зағип тұратынын айтты Есхат Масатұлы.

– Зағиптардың 50 пайыздан астамы тұрғын үй алу кезегінде тұр. Себебі, 12 шаршы метрлік жатақханада жайлы өмір сүру мүмкіндігі жоқ. Онда кей отбасылар бала-шағамен тұрады. Жуырда аудан әкімі Жолан Омаров келіп, тіршілігімен танысып қайтты. Тізімде тұрғандардың біразын баспанамен қамтамасыз етуге уәде берді, – дейді ол.

Екі адамның басы қосылса, айналуы қиын қуықтай бөлмені «өз үйі – өлең төсегі» санайтын зағиптардың бұл тірлікке көндіккеннен басқа амалы жоқ. Тар бөлмеде ас ішеді, жатып-тұрады, кір-қоңын жуады, бала-шағасын бағады, яғни, бүкіл тіршіліктің «қазаны» қайнайды.

Терезеден жел уілдеп, едені тозған, қабырғасы құлауға шақ тұрған ғимаратқа техникалық сараптама жасалып, қорытындысында «жарамсыз» деп танылғанын тілге тиек еткен Есхат Масатұлы аталған құжатты аудандық әкімдікке өткізетінін айтады. Сөйтіп, кезекте тұрғандардың алдының баспаналы болуына мүмкіндік туады деп санайды.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы