ЖАУАПСЫЗ ӘКЕЛЕРДЕН АЛИМЕНТ ӨНДІРУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Уақыты: 17.03.2020
Оқылды: 954
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановтың төрағалығымен алимент өндіру мәселесі бойынша отырыс өтті. Оған жеке сот орындаушылар, сот, прокуратура қызметкерлері, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Жиында алимент өндіру, балаларды асырауға төленетін төлемдердің уақытылығы мен толықтығы, сот шешімдерінің орындалуының тиімділігін арттыру сөз болды. Соған байланысты былтыр жеке сот орындаушылар мен мемлекеттік органдар арасында меморандум жасалып, өзара қызмет етіп келеді.

– Бүгін әлеуметтік маңызы жоғары мәселені қарадық. Қол қойылған меморандум жұмысын жандандырып, ынтымақтастықты ары қарай арттыру қажет. Меморандум аясында  аудан, қала әкімдіктеріне, әлеуметтік салаға жауапты қызметкерлерге арнайы жұмыс тобын құруды тапсырамын. Әртүрлі тақырыпта «дөңгелек үстел» өткізіп, борышкерлер саны жоғары Алматы қаласының жанындағы аудан, қалаларға көп мән беру керек, – деді Батыржан Құлаймергенұлы.

Отырыста борышкерлерді жұмыспен қамту, іздеу жарияланғандардың жылжитын мүліктерін анықтап, айыппұл тұрақтарына қою, жүргізуші куәлігін беруге тыйым салу, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі айтылып, түсіндірме жұмыстарын жүргізу барысы баяндалды.

Жиын соңында Алматы облысының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы алимент өндіру мәселесіне белсенді жұмыс істеген мемлекеттік органдарының қызметкерлеріне Алғыс хат табысталды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды