ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ "МАГНУМДА" АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ АРЗАНДАДЫ

Уақыты: 02.04.2020
Оқылды: 1890
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қазақстан халқына арнаған мәлімдемесінде елдегі азық-түлік жетіспеушілігін болдырмау, бағаның шарықтап кетуінің алдын алу үшін қажетті шараларды қабылдау туралы облыстарға тапсырма берген еді. Осыған орай, Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ тапсырмасымен азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұру үшін облыстық бюджеттен қосымша 1 млрд.теңге қаржы бөлініп, тауар сатумен айналысатын сауда орталықтарына қолдау танытты. Осы қаржының тең жарымы «Магнум» сауда орталығына бөлінді. Соған сай сауда орталығы осы аптадан бастап әлеуметтік азық-түліктерді базар бағасынан әлдеқайда арзан бағада сата бастады.

«Магнум» сауда орталығына арнайы келген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов сауда орталығын аралап, сатушы қызметкерлермен, тұтынушылармен әңгімелесіп, сөредегі баға көрсеткіштерін тексеріп шықты.

Талдықорғандағы "Магнум" сауда орталығының директоры Лаура Ыдырысованың айтуынша, мұнда бүгінгі таңда 9 мыңға жуық азық-түлік тауары сатылады. Ең бастысы, азық-түлік тауарының 50 пайызы отандық және жергілікті өнімдер. Демек, азық-түлік тапшылығы туындамайды. Сондай-ақ, сөрелерде ілінген бағалар да көңілге қонымды. Айталық, өткен аптада осы сауда орталығында келісі 134 теңгеден сатылған қырыққабат бүгінде 98 теңгеге, 125 теңгеден саудаланған картоп 111 теңгеге, 121 теңгеден сатылған пияз 68 теңгеге, 332 теңгеден сатылған күріш 291 теңгеге түскен. Басқа да әлеуметтік тауарлардың бағасы базар бағасынан айтарлықтай арзандаған.

Сауда орталығының қызмет көрсету тәртібі де жүйеленген. Бетперде тағып, вирустан қорғанатын арнайы киім киінген қызметкерлер орталыққа келген әр адамның дене қызуын тексеріп, қолын арнайы дайындалған сұйықтықпен залалсыздандырып барып ішке кіргізеді. Зат таситын қоларбалар да залалсыздандырылмай қолданысқа берілмейді. Зат сатып алу, тауар таңдау, оның бағасын білуде қандай да бір түсінбеушілік туындаса қызметкерлер қашанда қасыңнан табылады.

Осындай жақсы істерді көрген облыс әкімі мұндай бастаманы аудан, қала, елді мекендерде жалғастыру керектігін айта келіп:

– Әрине, ауылдарда «Магнум» сауда орталығы жоқ. Бірақ елді мекендердегі азық-түлік сататын дүкендермен бірлесе отырып, осындай мүмкіндіктер жасау жағын қарастыру керек, – деді.

Өңірдегі азық-түлік тапшылығын болдырмау, баға өсуінің алдын алу үшін басқа да тиімді жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе, мұндай шаралар Талдықорған қаласында жоғары деңгейде қолға алынған. Бұл жайлы қала әкімі:

– Бізде 19 түрлі әлеуметтік тауардың бағасы бақылауда. Бағаның өсіп кетпеуі үшін түрлі шара қабылданып, атқарылуда. Сол қатарда қала әкімдігі «Коммуналдық базардың» жанынан арнайы сауда нүктесін ашып, күріш, картоп, пияз, ұн, тағы да басқа күнделікті жиі тұтынатын тауарларды арзандатылған бағада сатып жатыр.  Мысалы, 50 келі ұн базарда 8-9 мың теңге болса, біз 6,5 мың теңге деген баға қойдық. Өткен бір аптаның ішінде 50 тонна ұн сатылды. Сол сияқты картоп 80 теңге, пияз 60 теңге, ет 1800 теңге бағамен саудаланып жатыр. Сондай-ақ, өткен аптада «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ-мен бірлесіп, келісін 180 теңгеден 15 тонна қант сатылды. Мұндай шара алдағы уақытта да жалғасады, – деді.

«Магнум» сауда орталығының өкілдері мемлекет қолдауының арқасында жұмыстарының жүйелі жүргізіліп жатқанын, керекті тауарлар қорының жеткілікті екендігін және тауар жеткізушілер ортасында келісімшарт жасалып, жұмыс тұрақты кесте бойынша жүретінін тілге тиек етті. Демек, облыста азық-түлік тапшылығы, бағаның негізсіз көтерілу жағдайы болмайды.

Қажет АНДАС

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды