ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ: КЕГЕН ЖАСТАРЫ МҰҚТАЖ ОТБАСЫЛАРҒА ҮЙ СЫЙЛАДЫ

Уақыты: 04.04.2020
Оқылды: 1285
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бүгінгінің жастарынан айналайық! Білімді, білікті, ойлы, ақылды. Ізгі қасиеттерді бойларына жинаған, имандылыққа үйір. Жақсылыққа жақын, жаман әдеттерден аулақ. Әсіресе, туған ауылдарына деген ықылас-пейілдері бөлек.

Бұл айтқанымыз Кеген ауданындағы «Жерұйық Кеген жастарына» тән дүние. Былтыр наурыз айының 1 жұлдызында құрылған бұл жастардың бірлестігі небәрі бір жылдың ауқымында көптеген жұмыс атқарды. Игілікті істерге арна салды. Атап айтар болсақ, өсіп келе жатқан жас ұрпақты жат әдеттерден аулақ болуға үндеп, ауылда салауатты өмір салтын қалыптастыруға, спорттың бұқаралығын арттыруға негіз қалауда.

Осынау игілікті іс биыл да жалғасын табуда. «Жерұйық Кеген жастары» өздерінің құрылғандарының бір жылдығы тұсында тағы да екі отбасыға үйдің кілтін салтанатты түрде тапсырды.

Тасашы ауылындағы 5 қыз, 1 ұлы бар отбасының аналары қайтыс болған екен. Ұзын сөздің қысқасы, қараусыз қалған балалардың қала маңынан үйлі болуларына Кегеннің жастары негіз қалады. Сөйтіп, Талғар ауданындағы Бесағаш ауылынан суы, жарығы, көгілдір отыны қосылған жылы да жайлы 4 бөлмелі үйге ие болды. Жастар Кеген ауылындағы қараусыз қалған 4 баланы бағып отырған Ақжол атты азаматты үйлі етті.

«Жерұйық Кеген жастарының» бір жылдығында ерікті жастардың атынан Еркебұлан Нұрбайұлы бір жыл ішінде атқарылған жұмыстары туралы әңгімеледі. Аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков, ауданның бас имамы Асқар Сығаев, ұлағатты ұстаз әрі журналист, кәсіпкер ана Зәуреш Нұрпейісова, тағы басқалар жастардың ісіне сәттілік тіледі.

Мұндай игілікті дүние ауданның барша жастарына үлгі болсын деген жүрекжарды лебіздерін айтты. Осы күні «Жерұйық Кеген жастарымен» бірге жұмыс істеп, түрлі істерді қолға алып келе жатқан республика, облыс аумағындағы «Ұлағатты ұрпақ» секілді бірнеше еріктілер тобының өкілдері ойларын ортаға салды. Аудандық ардагерлер мен ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбеков жастарға ақ батасын беріп, жұмыстарына табыс тіледі.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы

Алматы облысы