"ДЕМЕУ БОЛСАМ ДЕГЕН НИЕТ": ДЕПУТАТ 25 ОТБАСЫҒА КӨМЕК КӨРСЕТТІ

Уақыты: 09.04.2020
Оқылды: 1625
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Тәуекел Газ Құбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы, Алматы облыстық мәслихат депутаты Данияр Нұрбаев аудандағы 25 тұрмысы төмен және көпбалалы отбасына қайырымдылық көмегін жасады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз біргеміз» атты Үндеуін нақты іспен қолдаған кәсіпкер жергілікті атқарушы органдардың есебінде тұрған көмекке мұқтаж жандарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қапшықтарын таратты. Қайырымдылық көмектерін алғандар негізінен аудан орталығы Ұзынағаш ауылының тұрғындары және аталған мекемеде жұмыс істейтін тұрмысы төмен қызметкерлер.

- Бүкіл әлемді әбігерге салған індеттің әсері бәрінен бұрын халықтың әлсіз топтарына салмақ салғаны белгілі. Елімізде қолға алынған «Біз біргеміз» акциясына еліміздің белгілі азаматтары үн қосуда. Осындай қиын шақта мен де жұртыма қолдан келгенше сәл де болса демеу болсам деген ниеттемін. Мұның алдында дәл осындай көмекті Талғар ауданындағы 30 тұрмысы төмен және көпбалалы отбасына көрсеткен болатынбыз, - дейді «Тәуекел Газ Құбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің иесі Данияр Молдиярұлы.

Кеңсесі Ұзынағаш ауылында орналасқан аталған жекеменшік кәсіпорын өңірдің Жамбыл және Талғар аудандарындағы елді мекендеріне табиғи газ құбырын жүргізіп, тұрғындарға көгілдір отынның игілігін ұсыну ісімен айналысады.

Серік САТЫПАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы