"ONLINE ТРЕНИНГ ӨТКІЗУ АЛАЯҚТЫҚПЕН ТЕҢ": МАМАНДАР ПІКІРІ

Уақыты: 12.04.2020
Оқылды: 1722
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Елімізде 200-ге жуық тренинг орталығы бар. Бұл - тіркелгендері. Ал тіркелмегені қанша?! Оған шетелден келіп, тренинг өткізетіндерді қосуға болады. Барлық жиындар ақылы. Соған қарамастан, тренинг – тренд. Тіпті, әлеуметтік желі арқылы онлайн өтетіндері де бар. Тақырып ауаны да әртүрлі. Қазіргі карантин уақытында, төтенше жағдай кезінде таптырмас дүние дерсіз. Десе де, онсыз да табысынан айырылып, бірді-бірге жалғап отырғандар ше? Тренинг сәнге айналды. Неліктен?

Бүгінде әлеуметтік парақшасында «подписчик», яғни, тіркелушілер саны көп дегендері тренер, мотиватор, ұстаз болып кеткендей. Қалайық-қаламайық, қазіргі қоғам осыны қажет етіп отыр. Бақытты әрі бай болудың жолын шындап «меңгергіңіз» келсе, онлайн-тренингке қатысуға болады. Байығысы келмейтін адам жоқ. Онлайн-тренинг оңай және жылдам баюдың жолын үйретер болса, неге байымасқа? Әлде бірден мотиватор болып кетеміз бе? Одан қалса, әлеуметтік парақшаңызды дамытқыңыз келе ме? Оп-оңай, 6 күндік онлайн курстардан бастап, 1 айдан асатын марафонға қатысып-ақ керек білімді меңгеріп шығасыз. Дәмді тағамдар пісіріп үйренгіңіз келеді ме? Тәттінің дайын мәзірін сатып ала салсаңыз болады.

Онлайн деген тренинг, марафон, коучинг сабақтардың құны бірдей емес. Бірі бағасын ашық айтса, енді бірінікін менеджеріне, жекесіне шығып қана білуге болады. Мәселен, қазір көптің аузынан түспей жүрген «Түпсанаға» қатысқыңыз келсе, бес сабақтың бағасы – 7 мың теңге. Тек карантиндік жағдаяттарға байланысты 4 мың теңгеге арзандатылған. Ал «Мотиватор-коуч» сабағын алғыңыз келсе, 400 мың теңге төлесеңіз жетеді. Ал 3 айлық марафонға қатысу құны – 150 мың теңге. Баға осылай жалғаса береді. Онлайн-сабақтардың да тақырыбы әртүрлі. Бірі – сананы өзгертуге жол сілтейді, бірі – оңай баюдың жолын үйретеді, кейбірі – «жетістікке» жетудің кілтін көрсетеді. Одан қалса, әдемі фото жасап, видеоны өңдейтіні де бар. Бизнес ашып, кәсіп бастаймын дегенін де ұмытпайық. Бастысы – мақсат пен қалтаңыз көтерсе болғаны.

«Онлайн-тренинг өткізу сәнге айналып барады. Бұл ақша табудың жолы ма, әлде шын мәнінде оқырманға онлайн-тренингтер мотивация бере ме?» деген сауалға жауап іздеп көрген едік.

Мысалы, интернет әлемінде «Құралай ханым» деген атаумен таныс коучер: «Мұның бәрі сұранысқа байланысты. Мәселен, ағылшын тілінде онлайн сабақ өте көп. Өйткені, ағылшын тілі сұранысқа ие. Балаларымыздың шет тілін білгенін, олардың шетелдерде оқығанын, ірі компанияларда жұмыс істегенін қалаймыз. Осыған дейін де қазақстандық ірі компаниялар шетелдік коучтарды алып келіп, қызметкерлерін арнайы оқытады. Әрі олардың елімізге тегін келмейтіні тағы белгілі. Бұл тәуелсіздік алған кездері басталған үрдіс. Сол кездері «коучтардың келгені дұрыс емес» деген пікірлер айтылған жоқ. Қазір неге онлайн-тренингтердің көбейгені қоғамның назарына ілініп отыр? Себебі, жаппай бұқара осы салаға мойын бұра бастады», – деген пікірін білдірді.

Жалпы, Құралай Ошақбаеваның тікелей эфирде өтетін тренингтерінің құны – 5 мың болса, әр қаладағы кездесулердің бағасы – 20 мың теңге. Бір қуантарлығы, «Quralai_hanum» төтенше жағдайға байланысты Instagram-дағы 1,1 млн. оқырманына күнделікті 5:30, 20:00-де тегін психологиялық сабақ өткізуде. Ұзақтығы – 1 ай.

Ал ақылы түрде өткізіп жүргендері қаншама? Бағасын тек сәл-пәл арзандатып қойған. Медиа саласына қатысты 6 күндік марафон құны – 4800 теңге (төтенше жағдайға дейін 10 мың теңгенің айналасында болған). 6 күннің ішінде сіздің миыңызға интернет-маркетинг, SMM, дизайн, копирайтинг, мобилография, жеке бренд тақырыбын құйып шығады. Ұзаса 2 сағат болатын, жиынтығы 12 сағаттың ішінде осы тақырыптың барлығын меңгеріп шығу қиынның-қиыны.

Бұл жөнінде Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайының үйірме жетекшісі Жансая Қабден:

– Өз басым мұндай дүниеге қызықпаймын. Сол үшін мән бермеуге тырысамын. Керек емес деп ойлаймын. Өйткені, бір адам ойлаған затты екінші адам да ойлай алады. Біреудің қолынан келген нәрсе екіншісінің де қолынан келеді емес пе? Ол үшін ақша төлеп, білетініңді қайта тыңдау дұрыс емес деген пікірдемін. Егер адам шын ниетімен қалап, мен осыны үйренемін десе, оның басқа да тәсілдері бар. Дамыған заманда өмір сүрудеміз. Қажетіңді интернетке, Ю-туб желісіне жазсаң, алдыңнан шыға келеді, – деген пікірде. Ал мамандардың пікірі қандай?

Мамандар тренинг өткізу – алаяқтықпен тең дегенді алға тартады. Ал кейбіреулер мұндай тренингтердің де пайдасы бар дейді.

- Тренингтің екі түрі болады: бизнес тренинг және әлеуметтік-психологиялық тренинг. Бизнес тренингтердің дамуы глобализациялық проблемаларға байланысты. Заман адамдардан белгілі білімді талап етеді. Сондықтан, бизнес тренингтер қажеттілікке ие болып жатыр. Бизнес тренинг – сыртқы қажеттіліктер. Ал әлеуметтік-психологиялық тренинг – ішкі қажеттілік. Сондықтан, бұл мәселеге басқаша қарауымыз керек. Ең қауіптісі де осы жерде. Әлеуметтік-психологиялық тренингтердің аудиториясын қарайтын болсақ, көбінесе әйелдер, жастар. Психологиялық тренингтердің көбеюінің тағы бір факторы – саясат. Психологияның саясаты бойынша адамдарды бір-бірден жинағаннан олар аз келеді. Сондықтан, топтық психология пайда болды. Мысалы, адамдарды бір топқа жинап, бір мәселені талқылау, - дейді психолог Азамат Бейсетов.

Шынымен де, адамның ішкі жан дүниесі мазасыз болады. Адамға қойылатын талап та артқан сайын, адамның күйзеліске ұшырауы жиілейді. Жан дүниесіне тұрақтылық табу үшін осындай тренингтер іздей бастайды. Психологқа бара алмайды, себебі ақысы жоғары және қоғамның көзқарасы да оңды емес. Сол себепті, адамдар өздеріне қолайлы орын іздеп, өзімен пікірі бір аудиторияда тоғысады.

- Жақсы ойлары көп. Санаңыз жаңа дүниеге, өзгеріске, тұлғалық дамуға ашық болса, пайдалы болары анық. Мұның бәрі ниетке байланысты. Сынап, мінеу үшін тыңдасаңыз, негатив табасыз. Үйрену, білу, сезіну үшін тыңдасаңыз, позитив, өзіңізге қажет нәрсе аласыз. Не үшін тыңдағыңыз келеді, пікір соған байланысты өрбиді. Жеке бастың өсуіне қатысты тренингтерге қызығамын. Ішкі түйсік, визуализация сынды дүниелер, – дейді тыңдаушылардың бірі Аяулым Әсембекқызы.

Ақылы жолмен білім үйретуге болады. Экономикалық сауат ашуға болады. Қаржылық сауатыңызды арттыра аласыз. Тіл білуге де мүмкіндік бар. Тіпті, тігінші немесе шаштараз болғыңыз келсе де, курсқа барыңыз. Ал әлеуметтік ахуалыңызды тренинг арқылы түзеу мүмкін бе? Қазақта «Аңқау елге – арамза молда» деген жақсы сөз бар. Ел аңқау болса, ондайлар көбейе беретіні жасырын емес.

Бұл да елдің бүгінгі даму деңгейін көрсетеді. Тренингке ешкім қатыспаса, мұндай онлайн сабақтар да көбеймес еді. Сұраныс болғаннан кейін барлығының саны артып келеді. Байқасаңыздар, тренинг өткізіп жүргендердің кейбірі нақты бір мамандықты терең меңгерген адамдар емес. Дәрігерліктен не болмаса мұғалім болғысы келмеген немесе әр жұмыстың басын бір шалып, орнын таба алмай, құр қарап отырғанша, аннан-мұннан оқып алғанын неге пайдаланбасқа деп жүргендер секілді көрінеді.

Жақында ғана оқырман саны 2 миллионға жуық "Supermamasita" мен Әлішер Елікбаевтың сатылымды курстарын көзім шалып қалған еді. «Supermamasita» атымен таныс Әлия Байтугаева өз парақшаңды жүргізу, оқырман жинау, фото-видео монтаждауға бағытталған курсын 165 мың теңгеге бағалапты. Арасында сүйікті оқырманына 50 пайыз жеңілдік жасайды екен.

Әлішер болса, өз білімін де 200 мың айналасында бағалапты. Ойыңызда жүрген идеяны бір ретке жинақтап, табыс табудың жолы туралы 48 сағаттық аудионұсқадағы курс. Осы орайда сабақтар арқылы баюды мақсат тұтатындарға қатысты неге тез байығысы келеді, еңбек еткісі келмей ме деген сауал туындайды. Оған: «Адамдардың материалдық құндылыққа деген ынтасы өте жоғары. Баю деген сөз – бір тренинг немесе бір сабақтан пайда болатын нәрсе емес. Байсалды, күрескер, табанды адамдар ғана жеңіске қол жеткізе алады. Ал тренингке қатысатынның барлығы дерлік, іскер адам деп айта алмас едім. Үйде отырған, жалқау, еңбек еткісі келмейтін, шаруаға қырсыз, күні-түні ұялы телефон шұқылап отырған біреулер ғана. Шын мәнінде, іскер адамдардың ондай «жеңіл-желпі» сабақтарға қатысатын уақыты да жоқ. "Қисық адамның көлеңкесі де қисық" дейді ғой. Мұндайдан пайда бола ма?», – дейді дінтанушы Ерлан Матаев.

Кей адам онлайн-сабаққа қажеттілік үшін барады. «Үйренсем-білсем» деген талаппен баратындар тағы бар. Бірақ біреудің өмірін немесе тағдырын өзгерте алмайтынымыз анық. Мүмкін, дұрыс жол сілтеп, тура жолға салатын шығар? Бірақ барлығына бірдей баюға мүмкіндік туа қояр ма екен?

Еңлік ҚАБДЕШ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды