"МЕМЛЕКЕТ ҚАМҚОРЛЫҒЫН СЕЗІНДІМ": 42 МЫҢ 500 ТЕҢГЕ АЛҒАН АНАНЫҢ АЛҒЫСЫ

Уақыты: 16.04.2020
Оқылды: 995
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазір індетпен күресу әлемнің ешбір мемлекетіне оңай тиіп жатпағаны анық. Көпшіліктің бойында үрей мен қорқыныш бар. Десек те, қарапайым халықтың жағдайын ойлап, елдің амандығы мен тыныштығын бірінші кезекке қойған мемлекетіміздің қамқорлығы бұл қорқынышты аз да болса сейілтті. Сол үшін де Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға және барлық атқамінер азаматқа алғыс айтқым келеді.

Төтенше жағдайға байланысты халыққа әлеуметтік төлем тағайындалды. Бұл – әр отбасы үшін мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдау. Осы қолдауға ие болғандардың қатарында мен де бармын. Күні кеше ғана 42 мың 500 теңгені иелендім. Бұл мемлекеттің менің отбасыма берген қамқорлығы деп түсінемін. Бала күтіміні байланысты демалыста отырсам да, мемлекет қолдауын көріп жатқаныма шексіз қуандым. Мыңдаған адам осы көмекті алып, қуанып жатқаны анық. Өйткені, көп отбасы төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылды. Күн көрісі үшін бұл қаражат дер кезінде берілгені өте дұрыс шешім болды деп ойлаймын.

Қиын-қыстау күнде осындай көмек көрсетілгені шынымен де халықты жігерлендіретіні анық. Тіпті, әлеуметтік төлем алудың жолдарын да жеңілдетіп қойған. Өтінім жіберілген соң хабарлама келіп, ертеңінде-ақ шотыма қаражат түскенде, билік пен халық арасындағы байланыстың мықты әрі берік екендігіне көз жеткіздім. Қалай десек те, халық мемлекеттің қамқорлығын сезініп келеді.

Ең бастысы – әр адам өз жауапкершілігін сезініп, айтылған талаптарға бағынып, еліміздің амандығы үшін шаңырағында отырып тілектес болуы керек. Сонда ғана біз бұл індеттің бетін кері қайтарамыз. Аналық жүрегіммен ел ағаларына алғыс айтып, ғаламның амандығын тілеймін.

Мадина ТЕРЕЗЕНОВА

Талдықорған қаласы

Сурет ғаламтордан алынды