ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ КЕЗІНДЕГІ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ҮШ БАҒЫТТА ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Уақыты: 22.04.2020
Оқылды: 932
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен ҚР  Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті. Онлайн негізде өткен жиынға облыс әкімі Амандық Баталов пен орынбасарлары, бірқатар басқармалар мен департаменттер өкілдері қатысты. Жиында өңірлік тұрақтандыру қорларында азық-түліктің қажетті қорын қамтамасыз ету жөнінде  тапсырма берілді.

Жалпы дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыруға бөлінген қаржы 5,9 трлн.теңгені құрайды, оның  2,5 трлн.теңгесі бюджеттен тыс қаражат есебінен, 3,5 трлн.теңгесі республикалық бюджет есебінен.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезінде экономиканы, шағын және орта бизнесті, халықты қолдауға бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар жүктегені белгілі. Қасым-Жомарт Кемелұлы ақшаны әлеуметтік салаға бөле отырып, қаржылық реттеу жүргізуді тапсырған еді.

Қаржыландыру үш бағыт бойынша жүргізілмекші. Бірінші, экономикалық тұрақтылық пен төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге 1,2 трлн.теңге қарастырылған. Екінші, макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруіне қатысты іс-шараларға 315,4 млрд.теңге бағытталады. Ал, үшінші бөлік азаматтар мен экономиканы қолдауға бағытталады.

Жиында Үкімет басшысы республикалық бюджет шығыстарының азайтылатынын жеткізді. Коронавирус инфекциясының  таралуына жол бермеу жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру, сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сатып алуға 39,1 млрд.теңге бөлінгендігі айтылды.

Селекторлық жиында ірі индустриялық жобаларды жүзеге асыру, ақпараттық технологиялар саласы  қызметтерін жандандыру мәселесі көтерілді. Өз кезегінде елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы Ауылшаруашылығы министрі Сапархан Омаров, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын реттеу туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов баяндады.

Министрлер Қазақстанда азық-түлік тауарларының жеткілікті қоры бар екенін айтты. Үкімет басшысы Асқар Мамин Ауылшаруашылығы министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, тауар тапшылығы болмас үшін азық-түлік қорының мөлшеріне, оның өңіраралық тасымалына күн сайын мониторинг жүргізуді тапсырды.

Жиында төтенше жағдай кезінде азаматтар мен экономиканы қолдауға үш бағыт бойынша қосымша шығыстар қарастырылғандығы сөз болды. Олар: бірінші, «Жұмыспен қамтудың жол картасын» іске асыру, екінші, әлеуметтік төлемдерді индекстеу және шетел валютасы бағамының өзгеруіне байланысты шығыстарды жабу. Ал, үшінші, азаматтар мен экономиканы қолдауға қосымша қаржы қарастырылады.

Жиын соңында облыс әкімі Амандық Баталов төтенше жағдай кезінде барлық шараларды өз деңгейінде орындауды, тұрақтандыру қорымен жұмыс жасауды, бөлінген қаржыны мақсатты жұмсауды тапсырды. Жақын күндері істің қалай жалғасын тапқандығын әр жауапты басшыдан жеке-жеке сұрайтындығын айтты.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы