"ҮШ МИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ ҰН САТЫП АЛДЫ": КӘСІПКЕРЛЕР КӨМЕГІНЕ ЕЛ РИЗА

Уақыты: 27.04.2020
Оқылды: 929
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының өңірлік және аудандық кеңесінің мүшелері, Қарасай ауданының кәсіпкерлері Жанна Жазықпаева, Әзім Абдуллаев, Жанат Молдағұлов және Асқар Оспанов халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына көмек көрсетіп, аз қамтылған отбасыларды азық-түлік тауарларымен тегін қамтамасыз етті.

– Қазіргі уақытта біз көптеген отбасын азық-түлік және тұрмыстық тауарлармен қамтамасыз етуге тырысудамыз. Қарасай ауданы кәсіпкерлерінің осындай қиын уақытта бізге қолдау көрсетіп, үн қатқаны қуантады. Бүгінгі таңда тоқсан екі отбасына көмек көрсетіліп, мұқтаж отбасылардың тізімін құруды жалғастырамыз, – дейді Қарасай аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Орынбай Жанәділ.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі, «BilimInvest» білім беру инвесторларының ұлттық ассоциациясы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі Күләнда Батырбекова Талғар ауданының отбасыларына материалдық көмек берді.

Отбасыларға азық-түлік себеті таратылды. Бұдан басқа, бірінші кезекте мұқтаж азаматтар үшін қажетті дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар сатып алынады. Күләнда Батырбекованың сөзінше, басқа да аудандық ассоциация бөлімшелері көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қол ұшын беруде.

Алакөл ауданының кәсіпкері, өңірлік кеңес мүшесі Досан Каримов те ауданның аз қамтылған отбасыларын ұнмен қамтамасыз етті. Мұқтаж отбасылар үшін ол 3 миллион теңгеге ұн сатып алды. 

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ

Сурет ғаламтордан алынды