ЖОЛ КАРТАСЫ: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ 100 ПАЙЫЗ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Уақыты: 01.05.2020
Оқылды: 1009
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Jetisy media» ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатына Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Жақсыбаева, Талдықорған қаласының жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Жанат Медетбеков қатысты.

Халықты жұмыспен қамту арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» әзірленеді. Нәтижесінде әр өңірде жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыз азаматтар жұмысқа тартылады.

– Жол картасын іске асыруды үйлестіру және мониторинг жүргізу жөніндегі облыстық және аудандық комиссия құрамы бекітілді. Қазір аудан, қалаларда іске асырылып жатқан жобаларға жұмысқа орналасу үшін жұмыссыз азаматтарды тізімдеу жұмыстары жүргізілуде. Облыста 109,2 миллиард теңгеге 977 инфрақұрылымдық жоба іске асып, нәтижесінде 20,9 мың адам жұмысқа орналасады деп жоспарлануда. 10,4 мың жұмыс орны халықты жұмыспен қамту орталықтарының жол­да­малары бойынша жұмыс­сыз азаматтарға бері­леді. Жол картасы шеңберінде облыс бойынша 59,1 миллиард теңгеге 438 әлеуметтік-мәдени нысан күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізіліп, бірнеше жаңа ғимарат салынады. 11 мың 828 жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ, өңірде 10,2 мың орынға арналған 7 мектеп пен 5 ауылдық дәрігерлік амбулатория халық игілігіне берілетін болады. Жалпы, Жол картасы бойынша жобалар іске асқанда облыс аумағындағы жұмыссыз азаматтар 100 пайыз жұмыспен қамтылады, – деді Бақыт Тоқтарқызы.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, облыстың 220 елді мекенінде 500 шақырым жол жөнделіп, 53 елді мекенде ауызсу сапасы жақсарады. Сонымен қатар, 84 елді мекенде абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Жаңа 106 жобаның іске асырылуына 9,3 миллиард теңге қарастырылған. Жол картасы бойынша іске қосылған жаңа нысандардың құрылысы есебінен 1 мың 830 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, облыс тұрғындары жұмыспен қамтылатын болады.

Талдықорған қаласының жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Жанат Медетбековтың айтуынша, Талдықорған қаласында 5 мың 134 жаңа жұмыс орны ашылады.

– Қала бойынша 3 мың 850 тұрақты, 1 мың 284 уақытша жұмыс орны іске қосылады деген жоспар бар. Талдықорған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы 9 жобаны қолға алады. Нәтижесінде 315 жаңа жұмыс орны ашылады. Жол жөндеу бойынша 18, білім саласында 6 және облыс бойынша инфрақұрылымдық 5 жоба бойынша жұмыс жүргізіледі. Жұмысқа орналасатын азаматтардың жалақысы 85 мың теңге болады, – деді баяндамашы.

Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта жұмыссыз жүрген азаматтар жұмыспен қамту орталықтарына хабарласып, қажетті өтінімдерді толтырып, жұмысқа орналасуына болады. 

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы