"ҚОРҚЫТЫП АҚША ЖИНАҒАН": КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫНДА БҮТІН БІР АУЫЛ АУЫЗСУСЫЗ ОТЫР

Уақыты: 10.05.2020
Оқылды: 1114
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Беріктас ауылының тұрғындары ауызсусыз отыр. 400-ден астам тұрғыны бар елдімекенге осыдан 10 жыл бұрын су жүйесі тартылып, соңында жұмыс аяқсыз қалған. Бұл туралы "Қазақстан" ұлттық арнасы көрсетті.

Мемлекеттік «Таза су» бағдарламасымен 52 миллион теңге жұмсалған су жүйесіне халықтан да ақша жиналған. Ауыл тұрғыны Шәміл Ахметжановтың айтуынша ақшаны, тіпті, қорқытып-үркітіп алыпты. Сол себепті әр шаңырақ амалсыздан 20 мың теңгеден берген.

«Ақшаны бермесеңдер, бұрынғы суды да жауып тастаймыз. Сосын сусыз отырасыздар», - деді. Мұғалімдерден де күштеп жинады, – деген Шәміл Ахметжанов бар тұрғынның шағымын жеткізді.

Таудан аққан қайнар су темір ыдысқа жиналады. Сосын құбырлар арқылы ауылға барады. Ешқандай санитарлық талаптарға сай емес. Құрт-құмырсқа да, бақа-шаян да өріп жүр. Қазіргі ауызсудың сиқы осы. Сондықтан жұрт таңғы сағат бесте су алып қалуға тырысады. Одан кейін мал жайылымға шығып, лайланған соң ішуге жарамайды. Құрғақ уәдеден әбден жалыққанын айтқан Бақытжан Өтебаев:

Су болмағалы ауданнан 3 әкім, ауылдан 4 әкім ауысты. Әрқайсысы келіп «жасаймыз, жасаймыз» дейді де, кетеді де қалады. Еш қозғалыс жоқ. Содан бері жаман суымызды ішіп жатырмыз, – деп мұң шақты.

Жоспар бойынша су үйді-үйге тартылуы керек болған. Алайда мемлекеттік бағдарламамен тартылған су жүйесінің жұмысы аяқталмай қалған. Ендігі кезекте бұл мәселені Кербұлақ аудандық әкімдігі биыл шешіп бермек. Онда да бюджеттегі қаржы үнемделсе ғана.

Қажетті қаражат есебі әзірленуде. Алдағы уақытта аудандық бюджет есебінен үнемделген қаржы аталған елді мекеннің су жүйесіне жұмсалады. Сондықтан, жөндеу жұмыстарына әзірлік басталып кетті, – дейді Кербұлақ аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Шағылбаев.

Десе де, елдегі төтенше жағдай мен облыстағы карантиндік шараларға байланысты бұл жұмыстардың нақты қашан қолға алынатыны белгісіз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы