"ТОЛЫҚ ҚАМТИМЫЗ": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖҰМЫССЫЗ АЗАМАТТАРДЫҢ ТІЗІМІ ЖАСАЛДЫ

Уақыты: 11.05.2020
Оқылды: 1198
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысы тұрғындарын жұмыспен қамту Жол картасы іске асырылады. 977 жоба жұмысына 109,2 миллиард теңге бөлінген. Бұл туралы «Jetisy media» ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Жол картасы шеңберінде 22,8 мың жұмыс орны құрылады. Оның 1,8 мыңы тұрақты жұмыс орындары. 10,5 мың адам халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналасады.

– Жол картасын сапалы және уақытылы жүзеге асыру мақсатында ең бірінші жұмыссыз азаматтардың тізімін жасадық. 20 мобильді пункт құрылып, жүйелі жұмыс атқарылуда. Бүгінде 294 жоба бойынша 3 мың 352 жұмыс орны құрылды. Жұмыспен қамту орталықтары арқылы 1 мың 676 адам жұмысқа орналастырылды. 137 жоба бойынша 410 жұмыссыз жас жұмысқа тартылды. Жұмыс күшінің теңгеріміне жедел мониторинг жүргізу үшін облыстық штабпен объектілерді салу және қайта жаңарту кезеңдеріне сәйкес аудандар бөлінісінде жұмыссыз азаматтарды жолдау кестесі әзірленіп, бекітілді. Осы бойынша жұмыссыз азаматтарды толық жұмыспен қамтитын боламыз, – деді Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Жақсыбаева.

Жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту – бүгінгінің басты талабы. Сондықтан да Жол картасы аясында құрылыс жұмыстарын жүргізу және қайта жаңарту жұмыстарына облыстың 5 құрылыс колледжінің 205 түлегі жұмысқа орналасатын болады.

Атап айтар болсақ, тас қалаушы, жалпы құрылыс жұмыстарының шебері, ағаш ұстасы, құрылыс шебері, сылақшы, қаңқалы қаптау конструкцияларының монтаждаушысы, әрлеуші, құрылысшы технигі, гидротехникалық құрылысшы мамандары жұмыспен қамтылмақ.

Баяндамашы Бақыт Тоқтарқызының айтуынша, Жол картасы негізгі 4 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Әлеуметтік-мәдени саладағы 137 нысанға құрделі құрылыс жұмыстарымен бірге ағымдағы жөндеу және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі. 115 инженерлік-көліктік инфрақұрылым нысандарының жолдарды, тротуарларды күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өтпек. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының 17 нысанын су, электр жарығымен жабдықтаумен қатар күрделі жөндеу, қайта жаңарту және жаңадан құрылыс салу жұмыстары іске асырылады. Сонымен қатар, 25 жоба бойынша елді мекендерді абаттандыру жұмыстары атқарылады. Аталған бағыттағы жұмысқа жұмыссыз азаматтар орналасатын болады.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан