"5-10-20": ЖАҢА БАҒДАРЛАМАМЕН БАСПАНА АЛУҒА АСЫҒЫҢЫЗ

Уақыты: 15.05.2020
Оқылды: 1512
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жаңа «5-10-20» пилоттық бағдарламасының бағытын әзірледі. Осыған сәйкес, Алматы облысының «Jetisy media» ақпараттық алаңында аталған бағдарламаны жүзеге асыру тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

Жаңа "5-10-20" бағдарламасы арқылы кімдердің баспаналы болатынын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Алматы облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Жасұлан Құрманғалиев, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Есембеков жан-жақты түсіндірді.

– Аталған бағдарлама - "Нұрлы жер" бағдарламасының жаңа бағыты. Жаңа бағдарламамен тұрғын үй сатып алу үшін азаматтарға 5 пайыздық несие мөлшерлемесі ұсынылады. Баспаналы боламын деген әрбір азамат міндетті түрде үй алу үшін кезекке тіркеліп, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы болуы шарт. Олар баспананың 10 пайыздық бастапқы жарнасын жинауы тиіс. Мемлекеттен алған баспананы несиелендіру мерзімі 20 жыл уақытқа беріледі. Бұл қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға мол мүмкіндік береді деп сенеміз, – деп атап өтті Жасұлан Маратұлы.

Брифингте "5-10-20" бағдарламасына кімдер қатысады деген заңды сұрақ туындады. Аталған жобаға тұрғын үйге мұқтаж ретінде жергілікті атқарушы органдарда есепте тұрған азаматтар қатыса алады. Сонымен қатар, баспананы "Нұрлы жер" бағдарламасы арқылы салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен немесе жеке құрылыс салушылардан да сатып ала алады.

Дәурен Ғабдуллаұлының айтуынша, қазір жобаның негізгі шарттары талқылануда. Баспаналы болудың республика бойынша негізгі параметрлері ұсынылған. Жеке құрылыс салушылардың алғашқы тұрғын үйі бойынша қарыздың ең жоғары сомасы ел аймағына байланысты айқындалады.

– Жаңа бағдарлама бойынша Нұр-Сұлтан мен Алматы және осы қалалардың маңындағы аймақтардан үй алатындар үшін баспана құны 18 миллион теңгеден аспайды. Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан, Қарағанды облыстары және  Шымкент қаласы үшін баспана құны – 15 миллион теңге. Қалған аймақтар үшін, оның ішінде, Алматы облысында 12 миллион теңге деп бекітілді. Әкімдіктер салған кредиттік тұрғын үйдің 1 шаршы метрі әр аймақ бойынша әртүрлі баға болатындығы да заңдылық. Мысалы, Алматы қаласында – 240 мың теңге болса, Нұр-Сұлтанда және осы қала маңындағы аймақта – 220 мың теңге. Шымкент қаласында және Алматы маңындағы аймақта – 200 мың теңге, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан және Қарағанды облыстарында – 180 мың теңге деп белгіленді. Ал басқа аймақтар бойынша 160 мың теңгені құрап отыр. Жалпы, аталған бағдарлама халыққа өте тиімді болатыны анық. Сондықтан да, уақытыңызды өткізбей, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің арнайы сайтына кіріп, өтініштерді толтырып, салымшы ретінде тіркеліп, ай сайын жарна төлеп, ертеңгі алатын баспана үшін бүгіннен бастап жұмыс істегініңіз дұрыс. Уақытты текке өткізіп алмаңыздар дегім келеді, – деді баяндамашы.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл соңына дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі базасында "Отбасы банкі" атты институт құрылуы тиіс. Осыған сәйкес, «Отбасы банкі" қалай жүзеге асырылып жатқандығы да баспасөз мәслихатында айтылды. «Отбасы банкі» – тұрғын үйді есепке алу, тіркеу және бөлуді бір орталықтан атқарады. «Мұндай міндетті орындау үшін қазіргі таңда кезек жүйесін әкімдіктен "Отбасы банкке" беру жоспарлануда. "Отбасы банкі" баспанасы жоқ отбасылар үшін "бір терезе" қағидаты бойынша қызмет көрсететін болады», – дейді мамандар.

Сонымен, «5-10-20» мемлекеттік пилоттық бағдарламасы бойынша алдымен баспаны кімдер алады?

  • Біріншіден, үй кезегінде тұрғандар азаматтар;
  • Екіншіден, мемлекеттік қызметкерлер, әскерилер және бюджеттік сала мамандары;
  • Үшіншіден, толық емес, көпбалалы отбасылар және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы аталған бағдарлама бойынша баспаналы бола алады.

"5-10-20" бағдарламасының шарттары мен өзге де параметрлері алдағы уақытта белгілі болады. Десе де, "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" басшысы Ләззат Ибрагимова негізгі шарттары туралы нақты ақпарат берген болатын. Банк басшысының айтуынша, аталған мемлекеттік бағдарлама бойынша баспаналы болатын тұлға төмендегі шарттарды орындау тиіс:

- Азаматтың өзінің басында баспана болмауы керек;

- Азамат баспана кезегінде тұруы шарт;

- Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі депозитіңізде пәтер құнының 10 пайызы көлемінде жинақ болуы тиіс;

- Тұтынушының несие алған мерзімінде берешек 5 пайыз үстемақымен өтеледі;

- Қарызды қайтару уақыты 20 жылға дейін есептеледі.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Сурет ғаламтордан алынды