ӘУЕЗОВ КӨШЕСІНЕ 50 ЖЫЛДАН КЕЙІН ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

Уақыты: 28.05.2020
Оқылды: 890
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ынтымағы жарасқан Ұлан ауылының тұрғындары осыдан аз уақыт бұрын ауылдық округ, аудан басшыларына кіріп, М.Әуезов атындағы көше соңғы елу жылдан бері жөндеу көрмегенін айтып, өзекті мәселе көтерген еді. Алайда бұл мәселе өз шешімін таппағаннан кейін ұландықтар Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ қабылдауына кірді. Облыс басшысы тұрғындардың талап-тілегін ескерусіз қалдырмады. Қабылдаудан кейін дереу нәтиже де көрініп, келімді-кетімді адамдар мен көше тұрғындарын талай жылдан бері әбігерге салған жолға жөндеу жұмыстары басталып кетті.

Уәдесіне берік облыс әкімінің жұмысына ризашылық білдірген тұрғындар "Жетісу" газетінің редакциясына қоңырау шалып, мерзімді баспасөз арқылы алғыс жаудыруға ниетті екендігін жеткізді.

- Біз, Ұлан ауылының бір топ тұрғыны, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа жекелей ризашылығымызды жеткізгіміз келеді. Алматы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жасыбаевқа да, Қарасай ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айбар Жақанбаевқа да шексіз ризамыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жолдың сапалы жасалуына тер төгіп, құрылыстың басы-қасында жүрген "ДРСУ-8" ЖШС ұжымына, директоры Александр Угрюмовқа, участок басшысы Владислав Широбоковқа және шебер Карим Забировқа алғыс айтамыз, - дейді ауыл тұрғындары.

Қандай қызметте жүрсеңіз де, ел алғысын арқалағаннан артық шынайы баға жоқ. Тұрғындармен етене жұмыс істеген әкім де, өз жұмысын тиянақты атқарған құрылысшылар да ауыл азаматтарының алғысына бөленуде.

- М.Әуезов көшесіне 50 жылдан кейін жол салынуда. Әкім өзі қабылдап, бақылауға алып, аз уақыттың ішінде жол салдырып беріп жатыр. Осындай қиын жағдайда халықтың еңсесі бір көтеріліп қалды, - дейді Ұлан ауылының тұрғындары.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Қарасай ауданы

Алматы облысы