ДОЛЛАРМЕН БЕ, ТЕҢГЕМЕН БЕ? АҚШАНЫ ҚАЙ ВАЛЮТАМЕН ЖИНАҒАН ДҰРЫС?

Уақыты: 02.06.2020
Оқылды: 1427
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бүгінгі қозғайтын тақырыбымыз – депозит. Көпшілігі ақшаның басы біріксін деп жинайтыныны жасырын емес. Бірі көлік, үй алуға, енді бірі басқа қажеттілікке жинайды. Осы орайда көпшілігі депозит туралы біле білмейтіні тағы бар. Жалпы, депозиттік пайыздық мөлшерлеме, қай валютада жинаған тиімді деген сынды сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Депозит дегеніміз не? Ол – сіздің белгілі бір банкте ашылған есепшотыңызда сақталатын ақшалай қаражат. Сіз салымшы ретінде тіркелген күннен бастап ашылған депозиттің түріне байланысты қаражатты жұмсай аласыз. Депозитті талап етілмелі, ұсынушыға арналған, мерзімді деп үшке бөліп қарастыруымызға болады.

Теңгедегі депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі шетел валютасындағы депозиттер бойынша мөлшерлемеге қарағанда жоғары. Олардың, сондай-ақ, салымның түріне қарай айырмашылығы болады. Депозит банктік салым шартымен жазбаша нысанда ресімделеді. Осы талап сақталмаған кезде шарт жарамсыз болып саналады.

Құжатқа қол қояр алдында онымен мұқият танысу және банктің қызметкерлерінен барлық түсініксіз жағдайларды нақтылау керек. Тараптар қол қойған шарт тараптардың өзара келісімі бойынша жасалған болып саналады. Жасалған шарттар бойынша қандай да болсын келіспеушіліктер сот тәртібімен шешіледі.

Салымшы ретінде тіркелген күннің өзінде қаржыны қай валютада жинаған тиімді деген сұрақ туындары заңды. Осы сауал аясында да ізденіп көрген едік. Көпшілігі депозитті теңге немесе доллар валютасында ашады екен. Десек те, күн сайын құбылатын бағамға қарап қорқыныштың туындайтыны жасырын емес.

Олай болса, қаржыны сақтауда тиімді валютаны ұсынатын маманның кеңесін назарларыңызға ұсынамыз. Елімізге белгілі экономист Арман Байғановтың айтуынша, қаражатты қазіргі кезде ұлттық валютада жинаған тиімді.

- Қазір доллар бағасы өсіп келеді. Бұл жағдайда долларды сатып алған тиімсіз. Жылдық мөлшерлеме де азайған, 1 пайыз, ал ұлттық валютада 12 пайыз, – дейді маман.

Экономист маманның айтқанын қарапайым мысалмен түсіндіріп көрейік.

Екі салымшы бар делік, екеуінің де жалақысы 100 000 теңге. Олар 2015 жылдан бастап 2020 жылдың маусымына дейін ай сайын депозитке бірдей соммада ақша салып тұрады (20 000 теңге). Бірақ бірі теңгемен, екіншісі доллармен. Ақшасын теңгемен сақтаған салымшы ай сайын 20 000 теңгесін депозитке салып отырса, 5 жыл 6 айда 1 миллион 320 мың теңге жинайды. Оған 12 пайыз жылдық мөлшерлеме қосылса, қорытынды сомма 1 миллион 500 мың теңге болады.

Өз кезегінде депозитін доллармен ашқан салымшы ай сайын 20 000 теңгесін долларға айырбастап, депозитке салып отырса, 5 жыл 6 айда (жылдық мөлшерлеме 3 пайыз болса да) шамамен әр жылғы доллар бағамын есептеген 5800 доллар жинақтайды екен. Бұл дегеніміз (1 доллар – 400 теңге деп есептегенде) 2 миллион 320 мың теңге.

Есептеуге қарасақ, ақшасын доллармен сақтаған салымшы ұтылған жоқ. Оның салымы теңгемен сақтаған адамдыкінен жарты миллион теңгеге жоғары.

- Онда не себепті ақшаны теңгемен сақтау керек?» деген сұрақ туындайды. Бұл сауалға маман: «Жауабы қарапайым. 2015 жылы үлкен девальвация болды. Теңге әлсіреп, доллар бағасы лезде көтерілді. Қыркүйектен бастап жыл соңына дейін 1 доллар 307 теңгеге бағаланды. Сол кезден бастап долларға шаққанда теңге құны арзандай берсе де, 2013, 2014 жылдары доллармен сақтаған салымшы ақшасын көбейтіп алды. Бұл өткен жылдардың еншісінде қалған көрсеткіштер, енді олай болмайды, қазіргі жағдайда Ұлттық валютада ақша жинаған тиімдірек, –  деп жауап береді.

Шынымен де, әлемдегі төтенше жағдайға байланысты доллар бағамы да тұрақсыз. Сондықтан ең тиімдісі 50 де 50 қылып бөліп, екі валютада сақтаған тиімді ме деген де ойда қаласыз.

Депозит ашу, ашпауға келгенде әркімнің өз еншісіне қалдырамыз. Десе де, алдына мақсат қойып, салымшы ретінде тіркеліп, қаражат жинағандардың пікіріне де назар аударып көрелік. Мысалы, Айжан Оралбекова студент кезінен бастап жеке баспанасы болса деп армандаған. Оқудан бөлек, қосымша жұмыс істеген. Өзінің «Dastur show» атты кәсібін ашқан.

Үй аламын деген ниетте ақша жинайын деп шештім. Содан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мен басқа банктердің депозиттік пайыздық мөлшерлемесін салыстырдым. Өзіме керек плюстары мен минустарын ескердім. Банк мамандарымен кеңесе келе, Kaspi bank-тен депозиттік есепшот ашып, ақша сала бастадым. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі маған тиімсіз болды. Өйткені, оны үзбей 3 жыл бойы, ай сайын толықтырып отырсаң ғана банк тарапынан беретін 50 пайыз 4,5 пайыздық үстемемен беріледі екен. Менің қолымда жинаған азын-аулақ ақша болғандықтан, депозиттік есепшот аштым. Сөйтіп, қолымда барын салдым да ай сайын тапқанымды жинап отырдым. Шамамен 3 жылдың ішінде 1 бөлмелі пәтерге қол жеткіздім, – дейді кейіпкеріміз Айжан.

Жұмыс істеп, тапқан жалақысы шашылмасын деген Рауль Алиев алғашқы айлығынан бастап депозитке салып отырды.

- Ай сайынғы шығыннан бөлек айлықтан қалған ақшаны теңгемен жинадым. Қысылған уақытта қаражат барына сенімділік сезімі пайда болды. Одан бөлек, жаңалықтардан бағамдар мен депозиттік пайыз туралы қарап, оқып отырдым. Доллар бағамы тұрақсыз болып, бағасы түскен кезде доллар сатып алуға тырыстым. Сол кезде өзіме екінші есепшот аштым. Ол доллар валютасында болды. Долларды арзан бағаға сатып алсаң, белгілі бір уақытта доллар бағамы өскен уақытта тиімді, – деген ол өзінің есепшотындағы қаржыны интернет банкинг арқылы бақылап отырған. Депозитіндегі салым мөлшері өскені оны қуантқанымен, шетелдегі банктердің құлдырауы көңіліне қаяу түсірген екен. Осы сәтте ол:

- Шынымен де депозитте есепшот ашып, жинаған тиімді ме деген сауал маза бермей қойды. Өйткені, депозит – ол біріншіден өзіңе көмек болса, екіншіден, банкке көмек. Әрине, шоттағы ақша әрдайым өзіңдікі екені сөзсіз. Оны кез келген уақытта шығарып, қажетіңе жұмсай аласың. Десе де, ол тиімсіздікке әкеліп соғады. Жинаған бонустарыңнан айырылып қаласың. Ойлана келе, қомақты соманы депозитте жинақтау тиімсіз деген ұйғарымға келдім. Қомақты қаржыны еліміздің сенімді банктерінің бірінде ұяшық (ящейка) ашып, сақтаған жөн. Банк банкрот болған жағдайда ақшаңа уайымдамайсың. Қаражатың қауіпсіз сақталған деген сенімділік қалыптасады, – дейді.

Әңгіме барысында банк банкрот болған жағдайда жиналған қаражатқа не болады деген сауал туындады. Оны банк қызметкерлерінен сұрастырған едік.

– Барлық депозиттер  Депозиттерді сақтандыру Қорында сақталады. Әрбір банктегі депозиттер сонда сақталады. Ұлттық валютада 10 миллионға дейін, долларда 5 миллиоға дейін. Мысалы, біздің банкте сіздің 5, 8 миллион теңге ақшаңыз депозитте болса, банк банкрот болған күннің өзінде сол ақшаңызды Қор қайтарып береді. Сондықтан сіздің есепшотыңызда 5 миллионнан артық ақша болса, басқа банктерге салған дұрыс болады. Сонда ақшаңыздың ертеңге тағдырына алаңдамайсыз, – дейді «Forte bank» бас менеджері Санжар Өнербаев.

Қаржылық жұмысыңызды реттелуінен хабардар болатын қарапайым және сенімді тәсілі бар. Ол банктің сайтына кіріп, депозиттік калькуляторды табыңыз, сізді қызықтырған жинақ мерзімі мен барлық сомаларды есептеп көріңіз. Калькуляторлар әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ принцип біреу – сіз «кейінгі» және «дейінгі»  соманы көріп, табысыңызды салыстыруға мүмкіндігіңіз бар.

Банкті таңдап, келісімге отырғаннан кейін де өз таңдауыңызды жасауға себеп болған, сайтта жазылған барлық ақпараттың келісімшарттағымен бірдей екендігіне тағы да көз жеткізіңіз. Кез келген адамның қателесуі мүмкін. Сайтта ескірген  немесе бұрмаланған ақпараттың болуы әбден мүмкін. Қандай жағдай болмасын, мәселе сіздің ақшаңызға қатысты болса өзіңізден басқа ешкімге сенім артпаңыз. Себебі, бұл – сіздің мүддеңіз үшін.

Аталған депозиттен  мерзімінен бұрын немесе жекелей ақшаны шешіп алғанда пайыздық үстеменің қаншалықты төмендейтіндігін немесе сыйақыдан айырылу мүмкіндігі қандай екендігін біліп алыңыз. Кей банктерден депозиттен ақша алғаныңыз үшін комиссия ұсталынады. Мерзімінен бұрын алғаныңыз үшін ешқандай табыс алмауыңыз да мүмкін. Сондықтан келісімшарт талаптарын мұқият оқыңыз. Әр банк түрлі депозиттерді ұсынады. Олардың әрқайсысының өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Зерттеп барып қана өзіңізге керектісін таңдаңыз.

PS: Алғашқы долларлы миллионер, кәсіпкер, филантроп Джон Рокфеллер: «Сіздің табысыңыз сіздің шешіміңізге байланысты», – деген. Саналы таңдау жасаңыз, сонда қаржылық тұрғыдан зардап шекпейсіз.

Еңлік ҚАБДЕШ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды